Облыс әкімі өзге аудандарды Мұғалжардан үлгі алуға шақырды

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған Ақтөбе қаласының және 12 ауданның әкімдері, бірқатар басқарма басшылары Мұғалжар ауданына жұмыс сапарымен келді. Ондағы мақсат — Мұғалжар ауданындағы, соның ішінде Қандыағаш қаласындағы соңғы уақытта атқарылып жатқан жұмыстармен танысу, өзара тәжірибе алмасу және аудандар арасындағы байланысты нығайту. Сапар барысында облыс әкімі атқарылған жұмыстармен танысып, бірқатар нысандарды аралады. Көшпелі жиын түріндегі жұмыс сапары өзге аудандарда алдағы уақытта да жалғасын табады.
Кеше «ҚандыағашКоммерцГрупп» ЖШС-ның шағын ет комбинаты қайтадан іске қосылды. Мемлекет басшысының ет, сүт өнімдерін қайта өңдеу орындарын ашу тапсырмасы бойынша жүзеге асырылған ірі жобаның құны — 380 млн теңге. Жылдық қуаттылығы — 2160 тонна, 60 адам жұмыспен қамтылған. Өңдеу цехында шұжық және ет деликатесі, жартылай фабрикат өнімдері шығарылады.
— Елбасы тапсырмасына сәйкес, біз ең алдымен өз-өзімізді тамақпен қамтамасыз етіп, сырттан келетін азық-түлік өнімдерін азайтуымыз қажет. Бүгін бұл өңірде аудан әкімдігінің ықпалымен «Халық банк» арқылы берілген несиенің арқасында осыдан 20 жыл бұрын жабылып қалған шұжық өндіретін цехтың жұмысы қайта жанданып отыр. Бұл, біріншіден, жергілікті тұрғындарға жаңа жұмыс орны, екіншіден, бюджетке түсетін салық түсімін көбейтеді. Ең негізгісі, қарапайым шаруалар үшін өз малдарының етін тапсырып, пайда табуға үлкен мүмкіндік береді. Алдағы уақытта Мұғалжар ауданында осындай кәсіпорындар көп болса, жағдай әлде де жақсара түседі. Ол үшін мемлекет тарапынан көптеген көмектер көрсетіліп жатыр, — деді Бердібек Сапарбаев.
Өңір басшысы Ақкемер ауылдық округіндегі «Тайбурыл» шаруа қожалығының жаңадан салынып жатқан сүтті тауарлы фермасының жұмысымен танысты. Қожалық иесі Тәжіғали Елеуовтің айтуынша, құны 30 млн теңгеге бағаланған жоба бойынша сүтті бағыттағы «Гольштей» тұқымды 100 бас сиыр ұстау жоспарланып отыр. Ал жобаның қуаты жылына 300 тонна өнім шығаруға жетеді. Жеке қаражат есебінен жүзеге асырылған жоба осы жылғы қазан айында өз жұмысын бастап, 40 адам жұмыспен қамтылады. Бұдан әрі оның қасынан шағын сүт өнімдерін өндіру цехын ашу көзделіп отыр.
Ақкемердегі «Елек-Агро» ауыл шаруашылығы кооперативі тәулігіне 1,5 тонна өнім қабылдай алатын қуаты бар модульдік сүт пунктін орналастырып, өз жұмысын бастап кеткен. Сондай-ақ, ауданда дәстүрлі емес ауылшаруашылық түрлері қарқынды дамып келеді. Мәселен, бөдене, қоян, ара шаруашылықтарын қолға алған кәсіпкерлер де бар. Олардың өнімдері қазіргі уақытта жергілікті нарыққа шығарылып жатыр. Шаруалардың айтуынша, сұраныс жоғары. Ал Ақкемер ауылдық округінің тұрғыны, жеке кәсіпкер Орынбек Қуантаев бүгінде жергілікті жердің тұрғындарын көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Ол 2015 жылы «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы аясында 1,5 млн теңге көлемінде несие алып, бақша шаруашылығына кіріскен. Кәсіпкер меншігіндегі 25 гектар жерге бау-бақша және 5 гектар жерге көкөніс дақылдарын егіп отыр. Былтырғы түсім мол болғандықтан, биыл 18 гектар артық егілген.
Аудан орталығы Қандыағаш қаласын көркейту, абаттандыру бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қаладағы Интернациональный көшесінің жолына жөндеу жұмыстары жасалып, аталған көшеден көп қабатты тұрғын үйлердің бойымен А. Баймұхамбетов көшесіне дейінгі айналма қозғалысы бар автомобиль жолының құрылыс жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Көшелердің бойы да ретке келтіріліп, қарағай ағаштары егілген. Биыл Мұғалжар ауданының 20 жылдығы мен Қандыағаш қаласының 50 жылдығына орай, Қандыағаш қаласында үлкен орталық саябақтың құрылысы қолға алынды. Интернациональный көшесінің бойына салынатын саябақтың аумағында 10 түрлі жануар мен аңдардың мүсіндері орнатылып, 335 жарық шам, 187 орындық пен қоқыс төгетін жәшік, 1 субұрқақ және 1 жүргіншілер су бұрқағы орнатылады. Құрылыс жұмыстары қыркүйек айында аяқталады деп жоспарланып отыр.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қаланың көркін келтіретін саябақтың іргетасын қалады.
Аудан орталығын аралап шыққан өңір басшысы атқарылып жатқан жұмыстарға, соның ішінде көшелерді көркейтуге байланысты шаруаларға оң бағасын берді. Сапар барысында бірге жүрген аудан әкімдеріне осы игі істерді өздеріне үлгі етіп, өзара тәжірибе алмасуды ұсынды. Бюджет қаражатына иек артпай, инвестиция тарта отырып, тірлік жасауға болатындығының мысалын көрсетті.
Ауданда ірі өндіріс орындары да қарқынды дамып келеді. Облыс әкімі жұмыс сапары барысында «Силикат-А» ЖШС мен жеке кәсіпкер Қ.Төлегеновтың жылыжай кешені және су өндіру цехында болды. Биылғы жылы Қандыағаш қаласында екі көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы қолға алынып отыр. Олардың бірі «Достық» шағын ауданында, бірі «Жастық» шағын ауданында бой көтереді.
Көшпелі әкімдіктің отырысы
Аудан орталығында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен көшпелі әкімдік отырысы өтті.
Оған облыстық мәслихат хатшысы, Ақтөбе қаласының, аудандардың әкімдері бірқатар облыстық басқарма және департамент басшылары, ауданның активі қатысты.
Жиынды ашқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев алғаш рет өткізіліп отырған әкімдіктің көшпелі отырысының маңыздылығына тоқталды.
— Әрбір өңірдің өзінің ерекшелігі, мүмкіндіктері болады. Мұғалжар ауданы ең ірі аудан болғандықтан, әкімшіліктің көшпелі отырысын бірінші рет осында өткізіп отырмыз. Ондағы мақсат — атқарылып жатқан жұмыстармен жүзбе-жүз танысып, ерекше жаңалықтар болса, аудандарда, басқармаларда тәжірибеге енгізу, — деді жиынды ашқан облыс әкімі.
«Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасының жүзеге асырылуы және кәсіпкерлікті дамыту туралы» облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Анар Даржанова баяндама жасады. Оның айтуынша, «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасына аудан кәсіпкерлері белсене қатысуда. Жылдың басынан бері осы жоба бойынша облыстағы 127 кәсіпкер қолдауға ие болса, солардың ішіндегі 17 жоба Мұғалжар ауданына тиесілі. Сонымен қатар, облыстық бюджет тарапынан және Даму қорынан қаржыландырылатын «Жас Старт», «Кең дала» бағдарламалары іске асырылуда. Бұл бағдарламалар бойынша ауыл кәсіпкерлері 8,5 пайызбен отыз миллионға дейін қаржы алуға мүмкіндіктері бар. Облыс орталығында бейсенбі сайын жаппай кәсіпкерлікке баулу бағдарламасы бойынша ашық есік күндері өткізілуде, — деді Анар Даржанова.
Көшпелі отырыс жұмысының аясында аудан кәсіпкерлеріне арналған шеберлік кластары өткізіліп, спорт клубын ашу, ұлттық бұйымдарды дайындау, балабақша кәсібімен шұғылдану, тігіншілік және ІТ технологиясы бойынша шеберлік кластары мен тренингтер өткізілді. Оған жүзден аса кәсіпкерлер және кәсіпкерлікке қыры бар тұрғындар қатысты.
Баяндамашыны тыңдаған облыс әкімі «Жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша аудандарда жұмыстарды жандандыру, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, жалпы осы атқарылып жатқан істерді облыстың барлық аудандарында жүйелі іске асыру жөнінде тапсырма берді.
Жиын барысында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Аязбай Османғалиев көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.
— «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Ақтөбе-Мақат бағытындағы 16 шақырым жолдың жұмысы биыл аяқталады. Құрылыс жұмыстарына облыстық бюджеттен 8,6 миллиард теңге қаражат бөлінді. Бүгінде облыс бойынша 11 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал Мұғалжар ауданы бойынша 7 көше жөнделуде, — деді ол.
Осы мәселе бойынша сөз алған облыс әкімі Алға, Мұғалжар, Байғанин, Қарғалы, Темір аудандарындағы қызмет көрсету жұмыстарын жандандыру және Қандыағаш, Хромтау және Ақтөбе қалаларына автовокзал салу жұмыстарын қолға алу керектігін айтты. Осы орайда барлық аудан әкімдеріне орталықтағы жол сапасын арттыруға назар аудару керектігі туралы және т.б. тапсырма берілді.
Мұғалжар ауданының әкімі Ербол Данағұлов соңғы бес айдағы ауданның даму қорытындысы туралы баяндады. Оның айтуынша, ауданда 1044,4 мың тонна шикі мұнай өндірілген, бұл облыста өндірілген мұнайдың 43,4 пайызын құрайды. Сонымен қатар, 2091,1 мың тонна мұнайға ілеспе газы өндірілді, бұл — облыс бойынша өндірілген газдың 77 пайызы. Ал өнеркәсіпте өндірілген өнім көлемі 139,3 млрд теңгені құрап, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 101,9 пайызға артық орындалған. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі — 25,3 млрд теңге. Ауыл шаруашылығының жалпы өндірілген өнімінің көлемі — 3 млрд 864,3 млн теңгені құрайды, соның ішінде мал шаруашылығы 3 млрд 864,3 млн теңге. Шағын және орта бизнестегі жалпы жұмысшылар саны 6404 адамды құрап, 2016 жылмен салыстырғанда 98,4 пайыз көрсеткішке артқан.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі индустрия, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы салалары бойынша тиісті жұмыстарды жүргізу керектігін тапсырды. Сонымен қатар, ол алдағы жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарын, әсіресе, құрылысы жүріп жатқан мектептерді дер кезінде аяқтауды, «Туған жер» бағдарламасы бойынша жұмыстарды белсенді жүргізу керектігіне баса назар аударды.
Алдағы уақытта әкімшіліктің көшпелі отырысы әр ай сайын өткізіліп тұрады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.






