Әлеумет

Сол жылдар ойға түскенде…

Биылғы Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні қарсаңында белгілі журналист, кезінде Қазақ радиосының Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі болып қызмет атқарған Сәбит Сүлейменов Қазақстанның Құрметті журналисі атағына ие болды. Біз әріптестімізді осы мәртебесімен құттықтай отырып, оның өткен жылдар суретін бейнелеген туындысын оқырмандар назарына ұсынып отырмыз. 

Менің Қазақ радиосында қызмет еткен жылдарымды екі кезеңге бөлуге болар еді. Біріншісі — 1971 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетін бітіргеннен кейін он жыл бойы балалар мен жастарға арналған хабарлар Бас редакциясында редактор, аға редактор болып қызмет етуім болса, екіншісі — 1981-1999 жылдар аралығында республикалық радионың Ақтөбе облысы бойынша меншікті тілшісі міндетін атқаруым. Сол жылдары қоғамдық-саяси маңызы жөнінен тілшілік қызмет салмақтырақ саналғанымен, ару Алматыда, сол кездегі Мир көшесінің бойында орналасқан  Қазақ радиосы ғимаратының қабырғасында өткізген он жылым өзім үшін ерекше ыстық…

Мектеп қабырғасында жүрген кезімде-ақ облыстық газетке шағын хабар, мақалалар жазып, журналистік өз жүрек қалауым болғанымен, радиоға кездейсоқ тап келдім десем де болғандай. Мен мектеп бітірген 1966 жылы журналистикаға негізінен екі жыл еңбек етіп келгендер қабылданатын. Сол себепті ағайындас тіл-әдебиет ауылына бет бұрып, осы факультетті бітіріп шыққан мен үшін радио жұмысы мүлдем бейтаныс еді… Бірақ, тағдыр деген сол… Бір жағынан, алда ғылыми жұмыспен айналыссам деген ой, екіншіден, студенттік бес жыл ішінде бауыр басқан Алматыны қимай, астанада қалуды ойға алғасын,  диплом жұмысыма жетекшілік еткен ұстазым, болашақ академик Зейнолла Қабдолов ағайға бармаймын ба! Ол кісі республикалық телерадионың сол кездегі басшысы Кеңесбай Үсебаевқа телефон шалды да, мен Қазақ радиосынан бір-ақ шықтым. Сөйтіп, өзімнің отыз жылдай өмірімді арнаған радионың табалдырығынан аттауыма себеп болған марқұм Зекең еді…

Радиода бірден балалар мен жастарға арналған хабарлар Бас редакциясына тап келуімді өзімнің бақытыма балаймын. Сол жылдары редакцияны Нәзила Баймұратова апай басқарды. Жүзінен мейірімі төгіліп тұратын ерекше бір жан еді. Қол астындағылардың бәрімен бірдей етене араласып, әрқайсысының кішкентай да болса жетістігіне балаша қуанып, аналық жүрегімен аялай білетін. Ұзақ жылдар осы салада істеп, тәжрибе жинаған радионың басқа ардагерлерінен бір ерекшелігі — өз уақытының деңгейінде қалып қоймай, жаңалықты көре де, бағалай да білетін. Ондайды үнемі қолдап отыратын.

Сол жылдары мен келген балалар редакциясында белгілі ақын Сұлтан Қалиев, жүрек тербейтін талай ән мәтіндерінің авторы, ақын Нұрсұлтан Әлімқұлов, Нұрғиса Садықова апай, Дінәш Нұрмұхамбетов қызмет істеді. Жастарға арналған «Ұшқын» бағдарламасында Мадрид Рысбеков, Кемелбек Шаматаевтардың қызмет еткені есімде. Кейінірек біздің қатарымызға қазір әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Зинол-ғабден Бисенғали, курстасым Махмет Түменбаев, ақын Қатира Жәленова келіп қосылды. Нәзила апайымыздың терең ақылы, дарқан көңілінің арқасы болар, ұжымда қалыптасқан шығармашылық орта керемет болатын!.. Қайтсек, хабарларымыз балалар мен жастардың көңілінен шығады деп, жаңалыққа ұмтылып, жалындап тұрдық. Сол жылдары «Ұшқында» өмірге келген «Сәлематсың ба, замандас» қандай бағдарлама еді!.. Өзінің ізденімпаздығымен Зинол жоғары сынып оқушыларына арналған «Өрендер» бағдарламасының деңгейін біраз көтерді. «Өрендер» жасөспірімдердің көкейіндегі ойларын ортаға салар сырласына айналды.

Өзімнің сол кездегі шығармашылық жетістігім — балаларға арналған «Қызықты кездесулер клубы» хабары болды-ау деймін. «Осы біздің Алматыдан тыс жерлердегі балаларымыз не көріп жатыр… Әрқайсысының өзінің кітаптарын сүйіп оқитын жазушылары, ақындары, кинолардан көріп жүрген актерлары, әндерін елтіп тыңдайтын композиторлары, әншілері бар. Бірақ олармен кездесіп, көкейіндегі сұрақтарын қояр мүмкіндіктері жоқ. Ендеше, неге оларды әуе толқыны арқылы кездестірмеске?..» «Қызықты кездесулер клубы» осындай ойлардан өмірге келген еді. Осылай клубтың өмірге келгенін хабарладық та, хабарға кімдерді шақыру, оларға қандай сұрақтар қою өз еріктеріңізде деп жарияладық. Редакцияға алғашқы хаттар легі келе бастады. Әр хабардың соңында клубтың келесі жолғы қонақтарының есімдерін атап, «оларға қояр сұрақтарыңызды күтеміз» деп хабарлап отырдық. Ең қызықты сұрақтың иесіне келген қонағымыздың қолтаңбасымен сыйлық жіберіп отыратын болдық.

Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова, Ілияс Есенберлин, Тахауи Ахтанов, Әзілхан Нұршайықов, Асанәлі Әшімов, Серке Қожамқұлов, Ғарифолла Құрманғалиев, Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Фарида Шәріпова, Әмина Өмірзақова, Хакімжан Наурызбаев… Қазір бәрі бірдей есімде қалмапты, клуб өмір сүрген 7-8 жыл ішінде хабарға халқымыздың маңдайына біткен талай әдебиет-өнер тарландары қатысқан екен. Тұтас бір хабар Қазақ академиялық драма театрының сахнасында «Көктөбедегі кездесу» спектаклінің қойылуына арналып, оған пьеса авторлары Шыңғыс Айтматов пен Қалтай Мұхамеджанов, қоюшы режиссер Әзірбайжан Мәмбетов және басты рольдерде ойнаған актерлар қатысты. Осындай бір хабар КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болған «Қан мен тер» спектаклінің қойылуына да арналды, оған жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов келді. Бұл хабарлардың біразы радионың алтын қорында әлі күнге дейін сақталған.

Қазір бұл енді таңсық емес болар, Қазақ радиосының тікелей хабарларына талай әдебиет, өнер майталмандары қатысып жатыр. Бірақ сол кезде, өткен ғасырдың жетпісінші жылдары «Қызықты кездесулер клубы» радио мен телевизия үшін жаңалық болды. Клубтың алғашқы хабарлары әуе толқынына шыққан кезде қарымды журналист Сұлтан Оразалиновтың Қазақ телевизиясында Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин сияқты алыптар қатысқан авторлық бағдарламасы әлі өмірге келмеген болатын. Сондықтан болар, хабарды қоғамдық пікір өте жылы қабылдаған болуы керек. Әлі есімде, сол жылдары Қазақ зоомалдәрігерлік институтында жазушы Әбіш Кекілбаевпен кездесу өтіп, сол жерде кездесіп қалған Фариза Оңғарсынова апамыз: «Сәбит, сенің Ғарифолла ағамызбен жүргізген сұбхатыңды тыңдадым, өте жақсы шықты» деп жүрекжарды пікірін білдіргені бар.

Кейбір танымал апа-ағаларымыздың кездесіп қалған сәтте: «Сәбит, осы хабарыңа мені неге шақырмайсың?» деп наз айтқан кездері де болды. Ондайда: «Ой, апа-аға, шақыратын мен емес, балалардың өздері ғой…» деп, құтылып кететінмін. Шынында, солай да еді, балаларға берген «Кімді шақыру — өз еріктеріңде» деген уәдемді орындауға тырыстым және де сұбхатты солардан түскен сұрақтар аясында өрбітіп отыратынмын.

Несін айтасың, Қазақ радиосының қабырғасында өткізген сол жылдар талай қызықты сәттер сыйлады ғой!.. Жоғарыда айтып өттім, біздің редакциямызда Нұрсұлтан Әлімқұлов ағамыз, музыка редакциясында Әбілахат Еспаев ағамыз істеді. Төменде, екінші қабатта Ән-ағаң, Әнуарбек Байжанбаев бар. Оларға Шәмші ағамыз келеді. Айналасында жүріп, әңгімелерін тыңдап, «алып кел, шауып келіне» жұмсағанына мәзбіз… Ол да бір дәурен екен-ау…

Радиоға Әсет Бейсеуов ағамыз жиі келетін. Бір жолы сезім құшағында, алабұртып келді. «Жігіттер, жаңа бір ән туды, тыңдайсыздар ма» деп, дереу музыка редакциясының сол кездегі бас редакторы Ілия Жақанов ағамыздың кабинетінде тұрған күйсандық жанына отыра қалып, шырқап бергені бар. Сөйтіп, атақты «Маралдым» әнінің ең алғашқы тыңдаушысы болғанбыз.

Роза Рымбаева Болгариядан «Алтын Орфеймен» оралғанда, комсомолдың Орталық Комитеті, Қазақ телевизиясының жігіттерімен бірге түн ортасында әуежайдан қарсы алдық. Телевизия сол жерде интервью алды да, біз Розаның «Целинный» кинотеатры жанындағы пәтеріне ере келіп, дастарқан басында сұхбаттастық. Халықаралық конкурстың қиындықтары мен қызықтары туралы бұл әңгімеміз сол күні кешкілік «Ұшқын» бағдарламасынан берілген болатын. Кейін Розаның әрбір жеңісті қадамына байланысты осындай сұхбаттар «Ұшқыннан» өтіп тұрды.

Сол кездерде балалар мен жастарға арналған хабарлар рас редакциясы ғана емес, жалпы Қазақ радиосы өте ұйымшыл ұжым болатын. Көршілес әдеби-драма хабарлары бас редакциясында істейтін Жеңіс Қашқынов ағамыздың ерекше күлкісі үшінші қабатты жаңғыртып жататын.

Тоқсын Құлыбеков… Бірде режиссеріміз Бибінұр апай Қайрақбаева «Пионер серігін» оқытуға жас дауыстар шақырттым» деген… Төменге, студияға түссем, екі жас отыр. Өзімше сонда үлкенмін, бар болғаны жиырма бес жастағы кезім… «Пионер серігін» оқитын сіздер ме?» деймін ғой баяғы… «Біз, ағай» деп, екеуі бірдей орындарынан ұшып түрегелді. Сөйтсем, бұлар консерваторияның актерлік факультетінің екінші курс студенттері Тоқсын Құлыбеков пен Лидия Кәденова екен. Кейін Тоқсын оқуын бітірісімен, радиоға режиссерлік қызметке келді, жақсы жолдас болып кеттік. Әлия екеуіміздің үйлену тойымызды басқарды. «Мынаны азып-тозып жүрген жерінен, өзім үйлендірдім» деп әзілдейтін. Ондайда, мен: «Аға деп сыйлап тұрушы едің, ұмыттың ба?» деймін, баяғы алғашқы кездесуімізді еске салып. Мәз боламыз. Жүрген жері ойын-күлкі еді Тоқсынның… Осы радионың үшінші қабатындағы фойе. Біреудің жүрісін салады, біреудің қылығын, біреудің дауысын салады. Қыран-топан күлеміз келіп. Қайран сол сәттер-ай деймін енді бүгінде…

Қайсы бірін айтайын, бәрі  өтті де кетті. Кейін 1981 жылы Қазақ радиосының меншікті тілшісі болып туған өлкем — Ақтөбеге ауыстым да, мұның бәрі көзден бұлбұл ұшты. Өйткені тілшілік, әрине, жауапты қызмет, тұтас бір өңірдің бар жаңалығын көпшілікке жеткізіп отыру оңай шаруа емес. Бірақ, ару қала Алматыдағы төрт қабатты Қазақ радиосы ғимаратының қабырғасында өткізген думанды жылдардан кейін өзіңді жалғыз қалғандай сезінеді екенсің… Мұнда да жолыңда жолдас-жора кездесер ғой, мұнда да талай қызықты сәттер бастан өткен болар… Бірақ Зинол, Тоқсындардай, бұрынғыдай  қайдан болсын… Қысқасы бұл басқа бір әңгіменің ауқымы…

Сәбит СҮЛЕЙМЕНОВ,

Қазақстанның құрметті журналисі.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button