Мереке

Біз — алғашқы оқырмандармыз!

Біз, баспа қызметкерлері, журналистермен тығыз байланыста, қазақша айтқанда, тонның ішкі бауындай болып араласып жұмыс істейміз. Олардың шығармашылық еңбектері газет бетінде жиылып, оқырманға жол тартады. Ол үшін газет баспаханада басылуы тиіс, яғни біздің қолымыздан өтеді.

Менің күллі саналы ғұмырым баспаханада өтіп келеді деп айтуға болады. Кешегі «Коммунизм жолы», бүгінгі «Ақтөбе» газетінің талай жаңа сандары ең алдымен менің қолыма тиетінін қалай мақтанышпен айтпасқа!

Мен — газеттің ең алғашқы оқырманымын! Өйткені әлі бояу иісі кеуіп үлгермеген жаңа өнімдер менің қолыма тиеді. Түгел қарап шығамын. Аз-кем тыныс алу сәтінде өзіме ұнаған мақалаларды оқып та үлгеремін.

«Ақтөбе» газеті облыстың шалғай ауылдарына дейін жетеді. Сан түрлі мамандық иелері осы басылымды алып оқиды, рухани қуат алады. Сол кезде газеттің бояуы қанық, сапалы басылуы керек емес пе?! Біз осы жағына ерекше мән береміз.

Біздің жұмысымыздың ерекшелігі, негізінен түнде жұмыс істейміз. Ал таңертеңнен газет оқырмандардың қолына тие бастауы керек. Көпшілік адамдар газеттің қандай қиындықтармен басылып шығатынын біле бермейді.

Сапалы газет шығару — біздің кәсіби парызымыз. Сондықтан да уақытпен санаспай еңбек етеміз. Алдағы уақытта да жоғары деңгейде қызмет етуге әзірміз.

Журналист бауырларымызды мерекелерімен құттықтай отырып, қалың оқырманын қуантатын жақсы дүниелер молынан бола берсін демекпін.

Сағымбай ШӘҢГЕРЕЕВ,

«А-Полиграфия» ЖШС баспаханасының баспагері.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button