Мереке

«…Журналист болу үшін талант керек!»

Келесі жылы 100 жылдығын тойлағалы отырған облыстық қоғамдық-саяси «Актюбинский вестник» газетінде бас редакторлық қызметті атқарған, бүгінде мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияда білім алып жатқан Айгүл Нүркееваға хабарласып, шетелдегі оқуының жай-жапсары, қазақстандық және сырттағы журналистердің айырмашылығы, жалпы осы салаға қатысты ой-толғамдарын білген едік.

— Қазіргі таңда Ұлыбританиядағы Ньюкасл университетінде «Медиа және журналистика» мамандығы бойынша магистратурада оқып жүрмін. Түрлі зерттеу орталықтары жүргізген рейтингке сәйкес, бұл — Ұлыбританиядағы ең мықты медиа-мектептердің бірі. Бұйыртса, тамыз айында оқуымды тәмамдағалы отырмын. Диссертациямды жазып жатқан жайым бар. Қыркүйек айында туған жерім — Ақтөбеме ораламын.

Менің ойымша, адамды өздігінен журналистика саласына баулу қиын. Әрине, бағыт-бағдар беріп, идеялармен бөлісіп, ақыл-кеңестерді айтуға болады. Бірақ адамда жазуға деген қабілет һәм талант, еңбекқорлық болмаса, бұның бәрі бекер. Өзім туралы айтар болсам, мамандығым — мақсатты түрде таңдаған жүрек қалауым. Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің журналистика бөлімінде, сондай-ақ, заң факультетінде білім алғанмын. Осы орайда маған сенім артып, бар-жоғы 26 жасымда бас редакторлық қызметті тапсырған басшылыққа алғысымды айтқым келеді.

Қай жерде болсын, журналистиканың мақсат-міндеттері бірдей. Ал жұмыс істеу тәсілі бөлек дер едім. Британдық әріптестерімдегі маған ұнайтын қасиет — олар әлеуметтік желілерде, атап айтқанда, «Фейсбук» мен «Твиттерде» өте белсенді. Жаңа технологияның заманы туғанын түсінген шетелдіктер бұл жағынан озып тұр. Сондай-ақ, олардың тәуелсіздігі ұнайды. Яғни көпшілігі — фрилансер. Материалын қай БАҚ-қа қаншаға берсе да өздері шешеді. Сосын олар әуелі өздерінің қамын ойлайды, хабар таратқанда жергілікті жердегі жаңалықтарға басымдық береді.

Елден жырақта жүрсем де, Ақтөбедегі газеттердің тыныс-тіршілігін бақылап отыруға тырысамын. Оның ішінде облыстық басылымдар да бар. Күн сайын болмағанмен, 1-2 аптада бір рет ғаламтор арқылы мұнда жарияланған мақалаларды оқып тұрамын.

Жазып алған Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button