Мереке

Алғыс арқалаған әріптес

2012 жылдың аязды қысы болатын. «Актюбинский вестник» газеті редакциясының журналистер отыратын кабинеттерінің бірі бірнеше күнге «қоймаға» айналды: азық-түлік, балаларға арналған киімдер, тұрмысқа қажетті заттар үйіліп тұрды.

Бұлар — журналист Гүлсім Назарбаевның кейіпкері, жалғызбасты ана Аннаға көмек көрсету үшін редакцияға бірінен соң бірі хабарласып жатқан оқырмандар ұсынған заттар еді. Саяжайда тұратынын, балаларын жалғыз тәрбиелеп отырғанын, оның үстіне олардың бірі мүгедек екенін, ішер ас пен киер киімге жарымағаны былай тұрсын, қыс ішінде отын таппай, үсіп өлетіндей халге жеткендерін айтып, редакциядан көмек сұраған әйел туралы жазудың нақ Гүлсім Назарбаеваға тапсырылуы тегіннен-тегін емес еді. Оның Адамға деген мейірімін, Адам тағдырына бейжай қарай алмайтын қасиетін, қолға алған ісін тап-тұйнақтай етіп тындырмайынша тыным таппайтынын әріптестері жақсы білетін. Ал Аннаның жағдайын көріп-білуге барған Гүлсімнің төбе шашы тік тұрды: отбасы 30 мың теңге қаржыны үнемдеп… жарты жылға «жеткізіпті». «Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді» дегендей, журналистің шынайы жанашырлықпен жазған мақаласына үн қатқан оқырмандар көп болды. Қолдағы артық заттарын әкелгендерден бөлек, қаржылай көмектесуге ниет білдіргендер де табылды. Бір ай ішінде Аннаның атына ашылған есепшотқа 200 мың теңгеден артық ақша түсті. Саяжайдағы ашық-шашық тұрған үйшіктің жанына бір қысқа жететін көмір түсірілді. Тиісті орындар да араласып, Анна мүгедек баланы бағып-қаққаны үшін ай сайын жәрдемақы алатын болды…

«Актюбинский вестник» газетінде, негізінен, әлеуметтік мәселелерді жазатын, жетім балалардың жаңа отбасы табуына көмектесу мақсатындағы «Найди меня, мама» және әлеуметтік аз қамтылған топтармен белсенді жұмыс жасайтын үкіметтік емес ұйымдардың мінбері ретіндегі «Третий сектор» айдарларын тұрақты жүргізетін Гүлсім Назарбаевның кейіпкерлеріне көмегі тиген тұс осы оқиғамен ғана шектелмейді. Аннаның тағдыры бір мысал ғана.

Біз білетін Гүлсім, әр кейіпкерінің шаттығына да, уайым-мұңына да жан-жүрегімен ортақтасып, үнемі не жазу, не ой үстінде жүретін журналист Гүлсім бұл кәсіпке кездейсоқ келген жандардың қатарынан емес. Ол журналист болуды бала кезден армандапты. Бұған, ең алдымен, ана тәрбиесінің әсері тисе керек. Оның анасы Людмила Байқадамова — әдебиетті, сөз өнерін ерекше қадірлейтін, мәдениет саласының қарапайым ғана қызметкері қалпымен бір кездері орыстанып кеткен Алға өңірінде тіл мәселесін көтеріп, ұлттық салт-дәстүрді жаңғырту жолында қажырлы еңбек еткен жандардың бірі.

— Бір күні анам көшеден ашулы келді. Қолында — жұлым-жұлымы шыққан кітап. «Бұны кім лақтырды? Кітапты лақтыруға қалай ғана дәті барды екен?» — деп сөйлеп жүр. Біразға дейін басыла алмай, тіпті осы оқиға жөнінде өлең де жазды. Анамның әдебиетке деген осындай сүйіспеншілігін көрген соң ба, біз де кітапқа құмар болып өстік, — дейді Гүлсім.

Кітапқа деген құмарлық жазуға деген құмарлыққа ұласты. Оқушы кезінде-ақ оның мақалалары Алғадағы аудандық «Жұлдыз-Звезда», «Химик» газеттерінде жарияланып тұрды. Алайда, еңбекке ерте араласуды ойлап, алдымен музыкалық училищесін бітірді. Ал 1994 жылы журналистика факультетіне баруға да ниет еткен еді, әйткенмен, аудандық газеттің сол кездегі редакторы Бердібай Кемал оған қолынан жазу келетін адамның қашанда редакцияға орналаса алатынын түсіндіріп, филолог мамандығын таңдауға кеңес берді. Сәл кейін, Алғадағы балалар үйінде істеп жүрген кезінде, аудандық газетке жұмысқа тұруға да тілек білдірді. Бұл тұста газетті Мирал Жармұхамбетов басқаратын. Материалдық қиындықтарға байланысты аудандық газеттерге жабылып қалу қаупі төніп тұрған шақ еді, оның үстіне, тілшінің айлығы мұғалімнің айлығынан әлдеқайда аз болатын. Сондықтан редактордың Гүлсімге қынжыла айтқаны: «Жазуыңды үзбе, әкелген мақалаларыңды жариялаймыз. Бірақ, жылы орныңды суыта көрме», — ғана болды. Бұдан соң тағы да біраз жыл мектептегі жұмысын жалғастырды. Алайда, бала күнгі арманынан ешқашан бас тартқан жоқ. Ақыры 2008 жылдың басында «Актюбинский вестник» газетіне жұмысқа орналасты. Сүйікті ісімен айналысып келе жатқанына, міне, он жылға таяпты.

— Біздің жазған мақалаларымыздың біреулерге пайдасы тиетіні жайлы ой маған әрдайым үлкен күш береді, — дейді ол.

Сөзіміздің басында айтқан Аннамен, басқа да көптеген кейіпкерлері секілді, Гүлсім әлі күнге дейін хабарласып тұрады. Анна кейіннен өз саяжай учаскесінде шағын да болса, жаңа үй салып алған. Ең бастысы, өмірге үмітпен қарайтын, алға сеніммен ұмтылатын болған. Өз өмірінің жаңа арнаға бұрылуына, аяғынан нық тұруына себепкер болған журналиске айтар алғысы шексіз…

Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button