Қадір түні — тағдыр түні

Маусымның 21-інен 22-сіне қараған, яғни бүгінгі түн — қасиетті Қадір түні.
«Қасиетті түнде жасаған дұғаларыңыз бен ақ тілектеріңіз қабыл болғай!» дей отырып, облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің тапсырысы бойынша, белгілі қоғам қайраткері Марат Оспанов әулетінің демеушілігімен жарыққа шыққан «Ораза тағылымы» кітабынан «Қадір түні — тағдыр түні» атты мақаланы ұсынамыз:
Қасиетті Рамазан айында Қадір түні де орын алғаны баршамызға аян. Исламда бұл түн жай түн емес, ең қасиетті әрі берекелі түн деп қабыл етілген. Ұлы кітапта бұл түннің ерекше түн екендігін айтып өткен аят бар. Қасиеттілігі сонда, ол түн хақында арнайы «Ләйлатун-қадр» — «Қадір түні» сүресі нәзіл болған! Ол сүреде:
«Негізінен, Құранды Қадір түнінде түсірдік. (Мұхамед с.ғ.) Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні мың айдан қайырлы. Періштелер және Жәбірейіл ол кеште Раббыларының рұқсаты бойынша барлық іс үшін түседі. Ол бейбітшілік кеші таң рауандағанға дейін жалғасады» — делінеді.
Алла осы сүреде Құранның түскен дәл уақытын, бұл түн өте маңызды да қасиетті, ерекше екендігін айқын көрсеткен. Хира тауында «Ғалақ» сүресінің алғашқы аяттары түсірілген. Осы түннен бастау алған Құран сүрелері Жәбірейіл (ғ.с.) арқылы 23 жылда толық түсіп тәмамдалды. Жаратушы Алла тарапынан түскен соңғы кітап — Құран Кәрім соңғы пайғамбар Мұхаммедке (с.ғ.с.) жіберілді. Дәл осы қасиетті түні түрлі кезеңде өзге де пайғамбарларға Алла Тағала Өз кітабын түсіріп отырды: Зәбур — Дәуітке (ғ.с.), Таурат — Мұсаға (ғ.с.), Інжіл — Исаға (ғ.с.). Алла Тағала өз пайғамбарларының ешқайсысын бөле жармайтынын «Бақара» сүресінің 285-аятында айтқан: «Елшілердің арасын айырмаймыз, естідік те бойсұндық. Раббымыз! Сенен жарылқау тілейміз. Қайтып барар жеріміз де Сенің алдың!».
«Ләйлатун-қадр» сөзін қазақ тіліне аударса, «тағдыр түні» деген мағынаны береді, атынан көріп тұрғанымыздай, осы түні пенденің тағдыры періштелерге белгілі болады. Сондықтан болар, ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) осы түннің «қадірлі де құнды түн» екендігін сипаттап, өз үмбетіне нақ осы түнді қалт жібермей, жан-тәнімен Аллаға құлшылық қылып, Алладан істеген барлық күнәларының кешірілуін сұрап, түнді ұйқысыз өткізіп, жалықпай дұға етуімізді өз хадистерінде айтып кеткен.
Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім Рамазан айының оразасын шын иман және ықыласпен ұстаса, әрі Қадір түнін шын иман және сауап үмітімен өткізсе, оның бұрын істелген күнәлары кешіріледі» — деген (Әбу Һұрайрадан, имам Насаи келтірген). Құран Кәрім осы түнде түсе бастады: «Анығында, біз оны (Құранды) Қадір түні түсірдік». («Қадір», 1-аят.)
Бұл түннің өзі де ерекше берекелі түн: «Шынында біз Құранды мүбәрак түнде түсірдік». («Дұхан», 3-аят.)
Алдағы бір жылда болатын барлық істер Алла Тағаланың тағдырымен періштелерге осы түні білдіріледі: «Сол түнде хикметті істің барлығы жіктеледі. Бізге тиіс тағдыр ісі ретінде». («Дұхан», 4,5-аят.)
Бұл түнде Жәбірейіл және басқа да көптеген періштелер Жер бетіне түседі: «Сол түні Алланың рұқсатымен барлық істі реттеу үшін періштелер және Жәбірейіл түседі». («Қадір», 4-аят.)
Бұл түні таң ағарғанға дейін тыныштық, аман-есендік орнап, жаманшылықтар аулақ болады. Жерге түскен періштелер иман келтіргендерге сәлем береді: «Бұл түнде таң атқанға шейін сәлемет жалғасады». («Қадір», 5-аят.)
Айша анамыз (Алла оған разы болсын!): «Расулалла (с.ғ.с.) айлардың ішінде Рамазан айының соңғы онкүндігінде құлшылыққа ерекше ыждағаттылық білдіретін», — деп айтқан (Имам Мүслім).
Алланың елшісі (с.ғ.с) өз хадисінде: «Қадір түнін Рамазан айының соңғы он күнінен іздеңіздер», — десе, келесі сөзінде: «Қадір түнін Рамазан айының 27-ші түнінде күтіңдер», — деп айтқан.
«Қадір» сүресінде Жаратушы Алла өзі айтып өткендей, бұл түні кеш бата Жәбірейіл және басқа да көптеген періштелер Жер дүниесіне түсіп, пенделердің жасаған дұғаларына «Әмин!» — деп тұрады. Жаратушысынан қандай дұға тілеп, нендей құлшылық етіп жатқанын Алла Тағаланың құзырына алып барады.
Енді олай болса, Қадір түнін қалай өткізбек керек?
Әбу Һұрайра (р.а.) жеткізген риуаятта Алла елшісі (с.ғ.с.) былай деп айтқан: «Кім Қадір түнін оның артықшылығына сеніп, сауабын Алладан күтіп, құлшылықпен өткізетін болса, өткен күнәлары кешіріледі» (Имам Бұхари).
Хадисте айтылған құлшылықты кең мағынасында түсінген дұрыс. Мысалы, бұл түнде Алланың ризашылығы үшін түрлі құлшылық жасап, нәпіл намаздар оқу, Құран Кәрім ашып оқу немесе Құранды тыңдау, оның мағынасына ой жүгірту, белгілі сүре-аяттарына қатысты айтқан мұсылман ғалымдарының тәпсірлерімен танысуға болады. Алла елшісінің (с.ғ.с.) және сахабалардың ғибратты өмірі туралы кітаптар оқу, мешітте тыныштық сақтап, имамның айтқан уағыз-насихатын тыңдау, Қадір кешінің мәні мен мазмұнын ашатын арнайы діни мақалалармен танысу, сол тақырыпта сұхбат құру, жасап қойған пенделік амалдарымыз үшін Аллаға тәубе етіп, Оның бізге берген және көрсеткен нығметтеріне шүкір айтқан жөн. Сонымен қатар, осы түні ораза айы хақында түскен Құран аяттарын, пайғамбар хадистерін жаттап, балаларыңызға, немерелеріңізге насихаттап, көпшілік орында уағыздар айтылғаны да — ғибадат.
Сондықтан Қадір түні өзіңізге, перзенттеріңізге, туыстарыңызға Алладан медет, сүйеніш, жақсылық және де толып жатқан арман-тілектеріңізді сұрап, дұға етіңіз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Дұға — ғибадаттың өзегі», — деп айтқан. Имам Ахметтің жеткізген риуаяты бойынша, Айша анамыз (р.а.): «Мен Алланың елшісінен (с.ғ.с.): «Қадір түнінің қасиеттілігіне сай, қалайша дұға етсем болады?» — деп сұрадым. Сонда ол: «Аллаһым, Сен кешірімдісің, кешіруді сүйесің, мені кешіре гөр!» — деп дұға етуді үйретті».
Он екі айдың сұлтаны Рамазанда жасаған құлшылық пен дұға-тілектеріңізді Алла Тағала қабыл алсын!
Жалғас СӘДУАХАСҰЛЫ.




