Қонақүйден бос орын іздеген туристер Астана әкімдігіне хабарласа алады

«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне келген туристер қонақүйлердегі, хостелдер мен жатақханалардағы бос орындар жайлы Астана әкімдігіне қоңырау шалу арқылы біле алады.
Елордалық ішкі саясат басқармасынан мәлім еткендей, қазіргі уақытта Астанада 3,9 мың орындық 92 хостел жұмыс істейді. Бұған қоса елордалық оқу орындарының 18 жатақханасы және өзге өңір тұрғындарының орналасуына арналған 6,8 орындық жеке ұйымдар бары анықталды. Олардың орташа бағасы тәулігіне 3000 теңге. Жатақханалардағы орындарды бөлу және алдын ала брондау мақсатында бірыңғай брондау жүйесі жұмыс істейді. «Астана Конвеншн Бюро» ЖШС-да барлық хостелдердің орналасқан жері, жатын орындардың бағасы, ұсынылатын қызметтер жөніндегі толық ақпараттар бар. Қажет болған жағдайда, «Астана Конвеншн Бюро» ЖШС тұрақтау үшін орындарды іздеп-табуға көмектеседі.
«ЕҢ ТАРТЫМДЫ ПАВИЛЬОНДАРДЫҢ БІРІ»
«Қазақстан павильоны» Астанадағы «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіндегі ең тартымды павильондардың бірі» деп жазады «Anadolu» агенттігі.
Қазақстан павильоны келушілердің ерекше назарына ілігуде. Бір аптада павильонға 20 мыңнан астам адам келді. Келушілер «Нұр Әлем» сферасы түрінде салынған павильон ғимаратының ерекше сәулетіне қызығушылық танытуда. Ғимарат аумағы — 5 мың шаршы метр. 8 қабаттан тұрады. Ол елдің мәдени құндылықтарымен қатар, Қазақстанның жаңартылған энергия көздерінің әлеуетін қамтиды. Бірінші қабат қазақ халқының дәстүрі, тарихы, тұрмысынан сыр шертетін визуалды әсерлермен көз тартады. Басқа қабаттарда күн, су, биомасса, жел, ғарыш энергиясының энергетикалық әлеуетін көрсететін экспозициялар бар. Сондай-ақ келушілер халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы әзірлеген күн энергиясының автомобиліне қызығушылық танытуда. Соңғы қабатта келушілер 2030 жылы Жердің ақылды қалалар тізіміне кіруді жоспарлаған Астананың макетін көре алады. Қала макеті күн және жел баламалы энергия көздері саласындағы жаңа шешімдер туралы ақпарат береді.
АСТАНАДА ЭКСПО-ҒА ҚАТЫСТЫ ТЕМІРБОЛАТ АТТЫ МҮСІН ТҰРҒЫЗЫЛДЫ
Елорданың «Нұрлы жол» желекжолында өткен жылы ЭКСПО аумағында қираған көпір сынықтарынан жасалған мүсін тұрғызылды.
Еске сала кетсек, 2017 жылдың 16 қарашасында «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аумағындағы аралық көпір опырылып түскен еді. Оның себептері бір айдан соң ғана жарияланды. «Суретшілердің бұл мысқылында ерекше позитив бар. Олар ешқандай сәтсіздікке қарамастан, қайта тұрып, еңсесін тіктеген, бір орында тұрып қалмай, алға қадам басқан адамның мүсінін жасады. Тіпті жанынан қарасаң, билеп бара жатқандай әсер қалдырады», — деді бас куратор Яна Малиновская «AstanaArtFest» үшінші халықаралық заманауи өнер фестивалінің журналистерге арналған экскурсиясында.
Темірболат атты бұл мүсінді жасауға бес адам атсалысқан, олар — Бейбіт Әсемқұл, Әйгерім Жұмағалиева, Наталья Лигай, Гүлмарал Тәтібаева және Әлия Қаныбекова. Олар бір орында тоқтап қалмай, жаңғыртылған жаңа Астананы құруға кетіп бара жатқан темір адамның образын көрсеткісі келген.
ЭКСПО-НЫ КӨРІП КЕТУ КӨРСЕТКІШІ 1 МЛН-НАН АСТЫ
Өткен аптада «ЭКСПО-2017» көрмесіне 205 561 адам келіп кетті.
«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басқарушы директоры Бейбіт Қарымсақовтың айтуынша, осы уақытқа дейін павильондарға адамдардың кіріп шығу көрсеткіші 1 млн 57 мыңнан асты. «Бір қонағымыз бір күннің ішінде 5-6 павильонды көріп үлгереді. Біздің есебімізге сәйкес, осы уақытқа дейін көрмеге 26 мыңнан астам шетел азаматы келіп кетті. Ол барлық қонақтардың 13 пайызын құрап отыр», — деді Қарымсақов Астанада өткен баспасөз мәслиxатында. Оның сөзіне қарағанда, көрмеге келген 10 адам 6 жасқа дейінгі балалар болса, мүгедектер мен ардагерлердің саны 2 мыңнан асты. «14 мың адам — ол оқушылар, студенттер мен зейнеткерлер. Қазіргі динамикаға қарасақ, көрмеге келетін адамдардың саны күн сайын артып келеді. Мысалы, алғашқы күні 17 мың адам келсе, өткен жұмада 34 мыңнан астам адам келіп кетті», — деп атап көрсетті компанияның басқарушы директоры. Айта кетейік, жоспар бойынша Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесіне келіп кететін адамдардың саны 2-2,5 млн болады. Ал павильондарды көріп кету көрсеткіші 5 млн-ға жетуі тиіс. Себебі бір адам, кем дегенде, екі рет келіп кетеді деген болжам бар.
«ҚазАқпарат».




