«ЭКСПО-2017»: әр павильон — бір әлем

Астананың төрінде Халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесінің ашылғанына бір апта болды. Осы аралықта әр күн сайын түрлі мемлекеттердің павильондарының таныстырылымы өтіп, жұртшылыққа ондағы көрнекі бұйымдар һәм ерекше технологиялар паш етіліп жатыр. Бүкіләлемдік шараның қызығы сол, 115 ел мен 22 халықаралық ұйым өкілдері қатысып жатқан көрменің әр күні жаңалыққа толы — ұлттық павильондар кезек-кезегімен есігін айқара ашуда. Мысалы, екінші күні Қазақстан мен Түрікменстанның ұлттық павильондары келушілерді қабылдаса, келесі күні оңтүстіккореялықтар ғылымдағы жетістіктерін ұсынды. Яғни үш айға жалғасатын көрме соңына дейін әр мемлекет өзінің «Болашақтың энергиясы» тақырыбына сәйкес келетін жобаларын көпшілікке көрсететін болады.
Газет тілшісі өзі аралап көрген павильондардың жай-жапсары туралы түйгенін, көрмеге қатысушылардың ой-пікірін топтастырып, назарларыңызға ұсынып отыр. Танысыңыз…
Нұрлы болашақ және «Нұр Әлем»
Халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында алғашқылардың бірі болып қазақстандық павильон ашылды. Оның атауы — «Нұр Әлем». «ЭКСПО-2017» қалашығында орын тепкен кешенде негізгі энергия түрлері: ғарыш, күн, жел, су және кинетикалық энергия үлгілері көрсетілген. Сондай-ақ, «Астана — болашақтың қаласы 2050» экспозициясы ұсынылған. Кеңінен тоқталсақ, ғимараттың бірінші бөлігінде келушілер Қазақстанның тарихы және мәдениетімен, осы күнгі тынысымен және болашаққа құрған жоспарымен таныса алады. Ал «Жасампаз қуат» аймағында көрме тақырыбы аясында отандық ғалымдардың үздік жобалары, Мемлекет басшысының энергетика және қоршаған ортаны қорғауға қатысты бастамалары, табысты іске асырылатын өңірлердегі «Жасыл экономика» жобалары қойылыпты. «Үздік тәжірибелер аймағы» атты арнайы павильонда тұрақты энергия көздері саласындағы технологиялар мен жобалар көрініс тапқан. Көрме кешенінің орталық нысанының диаметрі — 80 метр, биіктігі — 100 метр.
— Бүгін біз сіздерге, журналистерге көрменің басты нысаны «Нұр Әлем» павильонын жан-жақты таныстырғалы отырмыз. Ұлттық павильонның өзі екі үлкен бөліктен тұрады. Біріншісінде қазақтың салт-дәстүрі, жалпы тұрмыс-тіршілігі паш етілсе, екіншісінде энергия саласына басымдық берілген. Ол жерде қазақстандық ғалымдардың баламалы энергетика бойынша ашқан жаңалықтары мен жобалары қойылып отыр. 8 қабаттан тұратын кешенді аралаған адам Қазақ елі туралы мол мағлұмат алатынына сенімім кәміл.
Мұнда келушілер Қазақстанның болашақта қандай болатынын, соның ішінде Астананың қалай түрленетінін көре алады. Яғни біздер, ұйымдастырушылар, еліміздің алдағы инфрақұрылымын, қалай дамитынын макет күйінде, алып экрандар арқылы көрсетуге тырыстық. Сондай-ақ, қазақтың өткені, жүріп өткен жолы да осында толықтай қамтылған. Біз ол жағын да назардан тыс қалдырмадық, — дейді «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясына қарасты департамент директоры Марат Омаров.
Айта кету керек, қазақстандық павильон іске асырып отырған «Болашақ энергиясы» жобасының негізгі мақсаты — қуат көзін пайдаланудағы жоспарлау һәм бақылау адам өмірі мен ғаламшардағы бүкіл тіршілік атаулыға әсер етеді деген тақырыпта ой салу, түрлі мекемелер, ұйымдар, корпорациялар мен жеке тұлғалардың көмегімен халықаралық қауымдастықтың жауапкершілік сезімін одан сайын ұлғайтуға шақыру.
Сөзсіз, әртүрлі елдердің арасынан қазақстандық павильон қай жағынан да мықты. Және ол ұйымдастырушы тараптыкі болғаннан ғана емес. Қазақстанның болашақтың қуаты, оны үнемдеу мен сақтау бойынша айтары мен көрсетері көп — оның бірнеше қабатты құрайтын (!) ғимаратта орын тебуі сондықтан да шығар. Халықаралық көрмелер бюросының президенті Стин Кристенсеннің «ЭКСПО-2017» көрмесінің ұйымдастырылуына жоғары баға беруі де көп нәрсені аңғартса керек…
Түрікменстан павильоны: «Аркадага шохрат!»
…Өз еліміздің павильонын бірнеше сағатта аралап болған соң, түрлі түсті киім киген қыз-жігіттер жиналған, арасында ән-биін де орындап жатқан топқа қарай асықтық. Жақындай бере, үлкен жазумен үш тілде Түрікменстан сөзі жазылғанын, тиісінше павильонның иелері солар екенін білдік. Жағалай алып денелі жігіттер топтасып тұр, ішке ену екінің біріне бұйырмайды. Қызметтік куәлігімізді көрсеткеніміз сол еді, есіктің аузындағылар жайғасатын орнымызды нұсқап, құлағымызға былай деп сыбырлады: «Президент келе жатыр! Тездетіп отыра қойыңыздар». Іле-шала қара киім киген бір топ адам павильонға жедел-ғабыл кіріп келді. Арасында Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұxамедов те бар. Сондағы жиналғандардың таңданысын, бір-біріне қараған жанарын сөзбен жеткізу қиын-ақ. Оған себеп — әр жерден «Аркадага шохрат!» деген сөздердің естілуі. Сәт санап үдеп шыққан дауыстан, шыны керек, құлақ тұнады. Шамамен он минутқа созылған рәсімге аталған Мемлекет басшысының да еті әбден үйренген сияқты, 1-2 рет оң қолын көтеріп, ишарамен баршаға сәлем жолдағандай болды. Кейін сұрап білгеніміздей, әлгіндегі тіркесті сөздің мағынасы «билеушіге мадақ!» дегенге саяды екен. Өз елінің Президентіне құрмет-қошеметті аямайтын түрікмендер Гурбангулы Бердімұxамедовке там-тұмдап өз тілінде басқа да сөздерді айтып жатты. Көбісінің аудармасын уақыттың тығыздығынан біле алмадық. Бір белгілісі, барлығы — жылы сөздер. Өйткені олар ерекше қуанышты көрінді…
Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұxамедов өз сөзінде «ЭКСПО-2017» көрмесінің маңызы зор екенін, ал ұйымдастырушылар ұсынып отырған тақырыптың жаһандық деңгейде өзектілігі жоғары екенін атап өтті.
Түрікмендердің кешенінде жанармай өңдеу, энергия көзін үнемдеуге қатысты жобалар таныстырылды. Олар малдың тезегін өңдейтін, кейін оны пайдаға жарататын құрылғыларын да көрсетті. Қандай болсын, қалдықты қараусыз қалдырмайтын павильон иелері кез келген істен табыс табуға болатынын алға тартты. Бұдан бөлек, ұлттық нақыштары киімдерінің үлгілерін, тағамдарын да әкелген олар сырт көзге өте бауырмал, қонақжай халықтай әсер қалдырды.
100 адам, 10 жоба
Көрмеге өз жұмыстарын үндістандықтар да қойды. Аталған елге қарасты павильонның директоры Кумар Суриндердің айтуынша, олар Қазақстанға энергияны сақтап, Күн көзімен ғана жұмыс істейтін 10 жобасын алып келген. Үндістанда осы жүйеге көшірілген аймақтар да бар көрінеді.
— Қазіргі таңда Күннің қуатымен ғана басқарылатын техникаға сұраныс әлем бойынша айтарлықтай деп айта аламын. Біз де біртіндеп осы жүйеге көшіп жатырмыз. Оның шығыны аз, ал пайдасы мол.
Менің ойымша, «ЭКСПО-2017» көрмесі ең алдымен тәжірибе алмасу үшін қажет. Осы тұрғыдан келгенде, шараның ұйымдастырушыларына айтар алғысымыз көп, — дейді ол.
Сондай-ақ, үндістандық павильонда қыз-келіншектерге арналған түрлі әшекей бұйымдары да саудаланды. Сатушы Идран Ханмен әңгімелесе келе, тауарларының арзан тұрмайтынына көз жеткіздік. Мысалы, жіңішке металдан жасалған алқаның бағасы — 10 мың теңгеден жоғары. Ал сырға-сақинаның құны 50 мың теңгеден асады… Бұл соншалықты бағалы емес металдардан жасалған заттардың сомасы екенін ескерсек, сатып алушылардың қарасы көп болмайтынға ұқсайды. Десе де, қызық көріп, сәндік бұйымдарды тағып көріп жатқандар баршылық.
Үндістаннан Халықаралық көрмеге жүзге тарта адам келіпті. Олардың көпшілігі — саудагерлер.
Заманауи тоңазытқыш, теңдесі жоқ шам
Дүниежүзіндегі алпауыт мемлекеттердің бірі — Қытай Халық Республикасының өкілдері де көрмеде төбе көрсетті. Өздерінің павильонын «Болашақтың энергиясы. Жасыл Жібек жолы» деп атаған оның ауқымы үлкен. «ЭКСПО-2017» шарасындағы ірі кешен 5 бөліктен тұрады. Күн мен судан энергия көздерін алудың оңтайлы әдістерін, су электр станциясының үлгісін, жарық пен суды үнемдеудің жолдарын LED-экран, басқа да құрылғылар арқылы көрсеткен қытайлықтар үлкен дайындықпен келген. Павильонның үйлестірушісі Кай Тианның айтуынша, елордаға әлемде баламасы жоқ дүниелер әкелінген.
— Мұнда Күннің қуатымен жұмыс істейтін көше шамдарын алып келдік. Олардың басты ерекшелігі — ешқандай шығынды қажет етпейді. Мұндай шамдар тек бізде ғана бар. Және олар толықтай қолданысқа енгізілген жоқ.
Сонымен бірге, Қытайда шығарылған ерекше тоңазытқышымыз көрмеге қойылып отыр. Бұл тұрмыстық техникаға салынған кез келген тағамның табиғи құндылығын, жеуге қандай дәрежеде жарамды екенін сол арқылы білуге болады. Жабдыққа орнатылған шағын экранда бұның барлығы көрсетілген. Ұзақ жолға шығып бара жатсаңыз, азықты сол күйінше сақтай алатындай артықшылығы бар. Әрине, бұл тоңазытқыш әзірге бірнеше данамен жарық көрді. Жан-жақты сынақ жұмыстарынан өткен соң, дүниежүзіне саудаға шығарылатын болады. Бұған 2-3 жылдың керек екені айдан анық, — дейді Кай Тиан.
Қоршаған ортаны қорғауға, айналаны ластайтындарға айрықша мән берген қытайлықтар павильон қонақтарын бұл тақырыпта түсірілген қысқа метражды фильмін тамашалатпай жібермейді. Олардың ойынша, барлық кесел, экологиядағы қиындықтар адамдардың жауапсыздығынан орын алып отыр. Сол үшін әр адам әлемді өзгерткісі келсе, өзінен бастау керек деген түсініктегі олардың басты айтайын деген ойы — осы.
P.S. Бұлар — көрменің алғашқы күндері ашылған павильондар. Өз елінің тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін кешеннің әрқайсысымен танысып шығу үшін кемінде 1-2 сағат керек. Ғылыми жобаларға бай, келушілерге ой салатын көрменің инновацияға жақын, ізденімпаз жастарға үлкен мерекеге айналғаны сөзсіз.
«КӨРГЕН ДЕ АРМАНДА, КӨРМЕГЕН ДЕ АРМАНДА!..»
«Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы
Ахметжан Есімов журналистерге арнап өткізген баспасөз мәслихаты барысында бүкіләлемдік көрме аясында өтетін шараларға тоқталып, олардың маңыздылығын атап өтті:
— «Болашақ энергиясы» форумы — «ЭКСПО-2017» көрмесінің негізгі шараларының бірі. Форум «Болашақ энергиясы» тақырыбы бойынша жаһандық пікірталастар үшін бірегей алаңға айналады. Форум дебаттары мен конференциялары Конгресс-Холда өтеді. Осы арқылы қоғамның барша өкілдерін кеңінен қамтысақ дейміз. Оған мамандандырылған халықаралық ұйымдар, ғылыми қоғамдастықтар, сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдар мен жекеменшік сектор сияқты басқа да мүдделі тұлғалар қатысады. Форум панелдік сессиялар, конференциялар, симпозиумдар, пікірталастар, тақырыптық апталар, дөңгелек үстелдер мен семинарлар түрінде кең форматта өтіп, бұл әртүрлі және ауқымды бағдарламалар ұсынуға көмектеседі.
«ЭКСПО-2017» көрмесі әлемдік бокс жұлдыздарының жекпе-жегін де ұйымдастырылғалы отыр. Әзірге нақтылы кімдердің келетіні құпияда қалсын…
Сондай-ақ, Швейцарияда өмір сүріп, симфониялық оркестрдің солисі болып жұмыс істейтін, әлемге Sandi Toka Nova лақап атымен танымал Санди Тоқанова Астанада өнер көрсетпек. Британдық скрипкашы Томас Гульд және француз пианиношы Жульен Квентин де өнерсүйер қауыммен кездескелі отыр. Олар Бетховеннің шығармасын орындайды. Кештің тағы бір қызығы, Томас Гульд және операның атақты ағылшын орындаушысы Мари Беванның бірлесіп өнер көрсетуі болмақ. Музыкалық кеш Қанат Омаровтың жетекшілігімен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Академиялық симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтпек.
Халықаралық көрме аясында Қазақстан халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Жәния Әубәкірова да өнерін ортаға салмақ. Көрнекті пианиношының концерттері Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының симфониялық және халық оркестрлерінің сүйемелдеуімен өтеді. Классикалық музыканың кештері тамыз айының 17-нен 19-на дейін «Энергия» холында ұйымдастырылмақ. Концертте еліміздің музыкалық жоғары оқу орнының түлектері ұлттық фольклор туындыларын, сондай-ақ қазақ, еуропалық және орыс классиктерінің шығармаларын орындайды. Осындай ғаламат музыкалық жобаға барлығы 400 адам қамтылмақ.
Бір айтарым, «ЭКСПО-2017» көрмесі осы саладағы мамандар мен қарапайым келушілерге, соның ішінде жастардың ой-өрісінің, таным-түсінігінің одан сайын жетілуіне игі әсер етеді дер едім. Әсіресе, инновациялық жобаларға қызығушылығы бар, сонымен айналысатын қыз-жігіттерге бұның берер пайдасы мол. Бір сөзбен айтқанда, шығармашыл жандардың есінде бұл көрменің ұзаққа дейін сақталатыны айдан анық. Біздің көрмені бір рет келіп, тамашалап кеткен адамның өзі болашақ энергиясы, оның баламалы көздері туралы мол мағлұмат алатынына сенімдімін. Әрі заманауи, жаңашыл инновация әлемінде нендей өзгерістердің болып жатқанын сол арқылы біледі. Өйткені біздер арнаулы комиссия өкілдерімен ең қажет әрі қызықты деген жобаларды іріктеп алып, оны халыққа түсінікті етіп ұсынуға тырысып бақтық. Бәрін үлкен топпен ақылдасып барып, іске асырдық.
«ЭКСПО» ғылыми жаңалық қана емес, ол — барлық елдер мен өркениеттерді жалғайтын «алтын көпір». Қазақстан көрмені жоғары деңгейде өткізу үшін жан-жақты дайындалды. Алдыңғы қатарлы технологиялық инфрақұрылым, дербес энергиялық жүйесі бар «ЭКСПО» қалашығы салынды. Жүзден астам сәулетті ғимарат бой көтерді. Астананың әлеуметтік саласы да даму жолында тың серпінге ие болды. Қалада жаңа әуежай, жаңа теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Әлемдік деңгейдегі қонақүйлер, мәдени ойын-сауық кешендері салынып, ашылды. Осының бәрі ЭКСПО-дан кейінгі елдің ортақ игілігіне қызмет ететін болады».
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Халықаралық көрменің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінен.
Әзірлеген Айбек ТАСҚАЛИЕВ.
Ақтөбе-Астана-Ақтөбе.







