АуылӘлеумет

Желтаулықтар жеткен жетістіктер

Еңбек етсең ерінбей…

Жері шұрайлы, су көздері мол Қарғалы ауданында соңғы жылдары ауыл шаруашылығын әртараптандыруға баса назар аударылуда. Әсіресе, бұл іс аудандағы ең ірі Желтау селолық округі аумағында жүйелене түскен. Бұл округке қарайтын Петропавл және Шәмші Қалдаяқов ауылдарында 1100-дей отбасы тұрады. Алдағы уақытта одан да көбейетін түрі бар. Үй салуға кезекке тұрғандар екі ауылда да баршылық екен. Тұрғын үй салынатын жер телімдері де бөлініп қойыпты.  Мұның өзі бұл ауылдардың болашағы зор екенін көрсетеді. Желтау селолық округінің әкімі Рустем Қопаевтың айтуынша, округте 2470-тен астам қой, 3 мың ірі қара бар екен. Ешкі сүтін өндіріп, қаз-үйрек өсірушілер де көріне бастапты. Бір жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 45 шаруа қожалығы бар екенін де тілге тиек еткен әкім бізді өңірге тосындау кәсіппен айналысып жатқан шаруа қожалықтарына бастады.

Ақтөбеліктер Артурдың балығын жейтін болады

Петропавл ауылындағы «Алма» шаруа қожалығының басшысы Эдуард  Кофлерлердің отбасы нағыз еңбекқорлар десе болады. Бұл отбасы ынтымағы жарасқан шаңырақ ретінде де облысқа белгілі. Кезінде «Мерейлі отбасы» республикалық байқауына облыс атынан қатысып қайтқанын білеміз. «Ынтымақ жүрген жерде ырыс та жүреді» емес пе. Шаруа қожалығы картоп, көкөніс өндірумен, құс өсірумен айналысып келеді. Алма бағы, тоғаны бар. Бұған дейін осындай шаруалармен айналысып келген бұл отбасы тағы жаңа кәсіпті игеруді қолға алуда.

«Экоагро» шаруа қожалығын құрған Кофлерлердің үлкен ұлы Артур енді үй жағдайында балық өсірумен шұғылданбақшы. Ол үшін ғимарат сатып алып, оған арнайы қондырғы орнатып жатыр екен. Шаруа да бірыңғайланып қалыпты. Айтуына қарағанда, шілде айында жұмыс басталатын сыңайлы. Бізбен жылы жүздескен ол шабақтар өсіретін арнаулы қондырғыларды Ресейден әкелгенін, бәрін өз күштерімен атқарғандарын айтты.

— Өткен жылы «Бизнестің жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2 миллион теңге несие алдым. Бұл шаруаға қосымша өзіміздің 2,5-3 миллион теңге қаржымызды да салдық. Бұл қондырғылар тұйықталған сумен қамту режимінде жұмыс істейді. Тұқы шабақтарын өсірсек пе деп отырмыз. Келешекте өзімізде өсірілген шабақтарды басында өзіміздің тоғанға жіберіп, жетілдіріп, кейін облыс тоғандарының иелеріне өткізу ойда бар, — дейді ол.

Шаруа қожалығы бұдан басқа қаз, тауық, күрке тауық өсіріп, балапандарын өткізеді.

Артурдың арманы шабақтарды инкубациялау арқылы көбейтіп, табыс көзіне айналдыру. Бұған жігерлі жігіттің қол жеткізетініе сенім мол.

 Омарташының оңды қадамы

— Мен бұл кәсіппен тоқсаныншы жылдары айналыса бастадым. Кезінде геология, гидрогеология саласында, партия-кеңес қызметінде болдым. Сол жылдары жазғы кезеңде мал азығын дайындауға сенбілікке шығып, көмекке келетінбіз. Сонда осы жерлерге келіп, бал арасын азықтандыруға болатындай құнарлы шөптер өсетінін көкейге түйгенмін, — деп бастады әңгімесін «Ақтөбе омарташылары» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің басшысы Александр Сенатский.

Кейін келе жартылай тіркемелі «Зил» машинасын, осы ауылдың шетінен тұрғын үй сатып алған. Бастапқыда аралар ұясын 30-40-қа, келе-келе 80-ге жеткізген ол омарташылықпен айналысып, бал өндіруден табыс табуға болатынын дәлелдеп келеді. Оның айтуынша, балға қыша, түйебұршақ, беде сынды шөптердің гүлдері нәрлі азық болғандықтан, сондай жайылымдықтар іздеп табуға тырысады. Ол сондай-ақ, екі адамды осы кәсіптің қыр-сырына қанықтырып жүргенін, олардың омарта ұстай бастағанын жеткізді. Бал арасына қажетті шөпті іздеп осылай көшіпқонып жүретіндерін де жасырмады.

Енді бірер күнде осы жерге таяу жердегі Жездібайға қоныс аударатынын, ол жерде қар қалың болып, кеш ерігенін, қарағандардың енді-енді гүлдейтінін айтады. Осындай пайымдауларынан оның омарта туралы білігі мықты екені де аңғарылып қалды. Әрине, омарташылардың шаруасын шешетін кооперативке басшылық тізгінін жай адамның ұстай қоймайтыны бесенеден  белгілі жайт. Бұл кәсіпті қалай игеріп жүрсіз дегенімізде, жас кезінде Орынбор облысында ұжымшардың омарта шаруашылығында еңбек еткенін, содан көп нәрсе көңілінде калғанын мақтаныш сезіммен еске алды. Сондай-ақ, бал араларын өсіру, омарташылық туралы көп ізденетіні де рас.

— Біздің елде шөптердің нәрлі және гүлді түрлері көп өсетін тек Шығыс Қазақстанда ғана бір орында омарта қоюға болады. Бұл әдіс Башқұртстанда да жүзеге асырылады. Бізде негізінен көшіп-қонып, құнарлы гүлді шөп өсетін алқаптар іздеуге тура келеді. Сондықтан балдың өзіндік құны қымбат. Ал, жанармай бағасы жыл сайын ұшынып тұр. Башқұртстанның таза балы Ресейдің ішкі қалаларына өткізіледі. Бізге әкелетіндері сапасыз, қалдықтары десем артық айтқандық болмас. Сондықтан өз өңірімізде өндірілген балға  баға жетпейді. Былтыр 3,5 тонна бал жинадым. Келісін 2 мың теңгеден өткіздік. Табыс едеуір болды, — дейді омарташы.

Оның мәлімдеуінше, омарташылар бас біріктіре бастаған кооперативке қазір 20 мүше қабылданған, тағы да тілек білдірушілер бар екен.  Кооперативтің тиімділігі сол — бұрын олар бір-бірімен бәсекелес болса, енді ортақ мәселені ойласып шешуге мүмкіндік туған.

— Әзірге кооперативтің қаржылық жағдайы қалыптасу үстінде, жаңадан қаз тұрып келеміз. Биылғы жарналар кооператив құруға, аралар ауруларынан өңдеу құралдарын сатып алуға кетті. Оларды ісін жаңа бастағандарға үлестірдік, алда бал өңдейтін қондырғы алсақ деп отырмыз. Болашақта кооперативке мүше омарташылардың балын өткізетін сауда орны болуын да ойластырып жүрміз. Жалпы бұлайша бірігу ортақ ісіміздің ілгерілеуіне алғышарт жасайды, — деп түйіндеді ойын омарташы.

Шаруа адамының ширақ қимылы

«Динара» шаруа қожалығың басшысы Мұрат Мұқышевты ауыл сыртындағы шағын шеберхана басынан жолықтырдық. Олар көктемгі егісті аяқтап, мал азығын дайындау мен егін орағы науқанына қатысатын  техникаларды жөндеп жатыр екен. Еңбек жолын автокөлік жүргізушіліктен бастаған ол осындағы кеңшар тарағанша шаруашылықта жұмыс істеген. Қайда бар десе де тындырымдылығымен көзге түскен жігіт өз кәсібі ғана емес, ауыл шаруашылығы техникаларынан да түгелдей хабардар болып тәжірибе жинаған. Кеңшар тараған тұста еншілеріне тиген бір трактор  мен жер үлестерін қосып үш жігіт бөлек шығыпты. Бастапқыда 1 гектарға картоп еккен шаруа қожалығы жыл өткен сайын үлескерлердің есебінен  егіс алқабын, шабындықты кеңейте түскен.

Шеберхана маңындағы техника жөндеп жатқан жігіттер қимылдары ширақ. Ескі техника болған соң мұқият күтіп ұстап, біліктілікпен жөндеу керектігін түсінген жігіттер шөп көтерілгенше уақыттан ұтуды ойластырғандары көрініп тұр.

Шаруа қожалығының мүшелері  жаздай дайындаған мал азығын үлескерлерге, жұмысшыларына береді, артылғанын сатуға шығарады.

Мұрат бауырымыз бізді іргедегі картоп алқабына бастады. Тап-таза алқаптан ұқыпты қолдың табы аңғарылады. Арам шөп жоқ, таза өңделген алқапқа картоп отырғызылған. Енді суару техникалары іске қосылмақ.

— Биыл 33,5 гектарға картоп отырғыздық және 6 гектарға  көкөніс ектік, 200 гектарға дәнді дақылдар септік.  Картопты жаз бойы «ДДА-100» жаңбырлатқышымен суарамыз. Суды арықтарға мотормен айдаймыз. Картоп пен көкөністі арнайы бригада күтіп-баптайды. Күзде өнімді жинап алған соң сақтайтын қоймамыз дайын. Бұрыннан  әріптестігіміз қалыптасқан мектеп, балабақшаларға, дүкендерге күздей, қыстай өзіміз жеткізіп береміз. Былтыр гектарынан 300 тоннадай жинадық. Биыл да мол өнімнен үміттіміз. Сол үшін картоп алқабын суаруды, күтіп-баптауды агротехникалық талаптарға сай атқаруға тырысамыз. Қожалық 12 адамды жұмыспен қамтып отыр. Техникаларды да бірте-бірте жаңалай бастадық, — дейді шаруа жігіт.

Р.S. Осы сапарымызда біз аудандағы облыстық басылымдарға жазылу жайымен де танысқанбыз. Оның да себебі жоқ емес, 2017 жылдың алғашқы жарты жылдығына «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС-на қарайтын облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский» вестник» газеттеріне жазылуда Қарғалы ауданының көш соңынан көрінгеніне көңіліміз толмаған-ды. Ал басылымдарда жақсылықтар бар. Елбасы Н.Назарбаевтың саясатын елге жеткізетін, жүзеге асырылып жатқан бағалы бағдарламаларын байыбына барып жазатын, өңірдің тыныс-тіршілігін көрсетіп келе жатқан облыстық екі басылым былтырдан бастап аптасына бұрынғыдай екі емес, үш рет шығып келеді. Газет беттерінде облыста болып жатқан жағымды жаңалықтар, атқарылып жатқан игі істер көптеп көрінуде. Және әр ауданды қамтудың тың ізденістері бар. Газет материалдарының сапасына да назар аударылуда. Сондай-ақ, оқырманмен бетпе-бет жүздесудің алғашқы қадамдары жасалып, екі жақты ортақ байланыс орнатудың үрдісі қалыптасуда. Қос басылымда облыс орталығында өтетін аудан күндері жүйелі жазылып келеді.

Сондықтан алдағы жарты жылдыққа жазылушылар қатары өсер деген үмітіміз бар. Алайда,бұл орайда алаңдаушылық та жоқ емес. Оның үстіне уақыт аз қалды.                                                                

   Сатыпалды СӘУІРБАЕВ,

                                                                               Қарғалы ауданы.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button