Басты жаңалықтар

«Экспо-2017» көрмесі ашылды!

93 күнге созылатын халықаралық шараның келушілерге ұсынатын қызығы көп

Өткен жұма күні елордада көптен күткен халықаралық  мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Дүниежүзілік көрмеге 115 ел мен 22 халықаралық ұйым өкілдері қатысады.

Ал бірқатар мемлекет басшылары, жер-жерден келген жоғары мәртебелі қонақтар қатысқан ашылу рәсіміндегі сән-салтанат һәм шоу-бағдарламаны қазірдің өзінде жылдың ең айтулы оқиғасына балап жатқандар аз емес. Әлқисса…

Осыдан бес жыл бұрын Астана қаласы Халықаралық көрмелер бюросына мүше 161 мемлекет өкілдерінің дауысқа салуы барысында «ЭКСПО-2017» көрмесі өтетін өлке болып таңдалғаны белгілі. 2012 жылдың 22 қарашасында 103 елдің қолдауына ие болған елордамызда өтетін шара бірден-ақ маңыздылығы жоғары ұлттық жоба ретінде белгіленді. Ал 2014 жылы Париж қаласындағы Халықаралық көрмелер бюросының жиынында Астанада аталған көрменің ұйымдастырылатыны жөнінде ресми түрде дүниежүзіне хабар таратылды. Міне, сол уақыттан бергі қызу дайындықтың нәтижесі, қаншама адамның еңбегі һәм қажыр-қайраты ашылу салтанатында айқын байқалды.

Шараның өзі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «ЭКСПО-2017» қалашығында бірқатар мемлекет басшылары мен премьер-министрлерді қарсы алумен басталды. Мәртебелі меймандардың арасында Ресей Президенті Владимир Путин, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұxамедов, Чехия Республикасының Президенті Милош Земан, Люксембург Ұлы Герцогтігінің Премьер-Министрі Ксавье Беттель, Армения Президенті Серж Саргсян, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев,  Сербия Президенті Александр Вучич, Үндістан Премьер-Министрі Нарендра Моди,  Моңғолия Президенті Цахиагийн Элбэгдорж, Пәкістан Премьер-Министрі Наваз Шариф, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Испания королі Филипп VI, т.б. бар. Одан соң көрменің ресми ашылу рәсімі Конгресс-орталығында жалғасты. Мыңдаған адам жұмылдырылған шоу-бағдарламада Жер, Күн, Су, Энергия сияқты адамзатқа ортақ әрі орны бөлек ұғымдарға қатысты театрландырылған көріністер инновациялық технологиялармен астасып жатты. Жарқ-жұрқ еткен шамдар, әр жерден мақсатты түрде там-тұмдап шыққан дыбыстар арқылы режиссерлер ақырында Күн энергиясын бәрінен асқақ етіп көрсетіп, әйгілі әнде айтылатындай, «ешқашан Күн сөнбесін» дегенге саятын философиялық көріністерді ұсынды. Тіршілікке аса қажетті ұғымдар паш етілгеннен кейін әлгілерден бір саты кем емес, әр адамның жанының нұры — балалар шат-шадыман болып сахнаға көтеріліп, әртүрлі тілде жүрекжарды лебіздерін білдіріп, қосыла би биледі. Табиғаттан берілетін Күн сәулесі  кішкентайлар сыйлайтын шуақпен мәнді болатынын жеткізгісі келген ұйымдастырушылар арасында концерттік бағдарламаға, ән мен күйге де кезек берді. Шоу-бағдарламадан соң сөз тізгінін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев алып, жиналғандарға құттықтау сөзін айтты:

— Қымбатты қазақстандықтар! Құрметті қонақтар, ханымдар мен мырзалар! Қазақстанның елордасы — әсем Астанаға қош келдіңіздер!

Бүгін біздің елімізде ғана емес, дүниежүзілік көрмелер тарихында айтулы күн. Қазір көптен күткен халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесінің шымылдығы ашылды. Осы салтанатты мерекемен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!

Біз ЭКСПО көрмесін ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасында тұңғыш рет өткізгелі отырмыз. Сөйтіп, Қазақ елінің ордасы айтулы көрмені өткізген әлемдегі 35 қаланың қатарына қосылды. Астана үш ай бойы бүкіл адамзаттың жетістіктерін әйгілі ететін басты алаңға айналады. Тәуелсіз Қазақстанның символы — Астана нағыз ХХІ ғасыр қаласы ретінде жаңа қырынан танылатын болады. Көрмеге әлемнің 115 мемлекеті, 22 халықаралық ұйым қатысады. Мен олардың барлығына халқымыздың атынан ризашылығымды білдіріп, сәттілік тілеймін.

«ЭКСПО» — ғылыми жаңалық қана емес, ол барлық елдер мен өркениеттерді жалғайтын «алтын көпір». Қазақстан көрмені жоғары деңгейде өткізу үшін жан-жақты дайындалды. Алдыңғы қатарлы технологиялық инфрақұрылым, дербес энергиялық жүйесі бар ЭКСПО қалашығы салынды. Жүзден астам сәулетті ғимарат бой көтерді. Астананың әлеуметтік саласы да даму жолында тың серпінге ие болды. Қалада жаңа әуежай, жаңа теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Әлемдік деңгейдегі қонақүйлер, мәдени ойын-сауық кешендері салынып, ашылды. Осының бәрі ЭКСПО-дан кейінгі елдің ортақ игілігіне қызмет ететін болады, — деді.

Сондай-ақ, салтанатты шара барысында Халықаралық көрмелер бюросының президенті Стин Кристенсен сөз сөйлеп, әлемдік қауымдастықтың назары қазіргі таңда Қазақстанға ауып отырғанын, бұл көрме барлығын қызықтыратынын атап өтті. Энергия көзінің қашанда сұраныста болатынын айтқан ол қатысушылар мен ұйымдастырушыларға алғысын да жеткізді. Бұл күні көрермендер, сонымен қатар, лазерлік шоу мен отшашуды тамашалады.

Жалпы, «ЭКСПО-2017» көрмесі іскер азаматтарға ұйымдастырылатын экономикалық форумдардан, туристерге арналған мәдени-көпшілік шаралардан тұратын ауқымды шара. Көрмені сарапшылар Олимпиада және әлемдік футбол чемпионаттарымен қатар қояды. Астана қаласындағы көрменің тақырыбына тоқталсақ, мұнда «Болашақ энергиясы» жан-жақты талқыланады. Бұл тақырып, сөзсіз, жер-жаһандағыларға өте қызық. Өз қатысуын растаған елдердің ішінде заманауи энергетиканың көшбасшылары болып есептелетін Оңтүстік Корея, Сингапур, Индонезия, Малайзия, Жапония секілді дамыған мемлекеттер бар. Сонымен бірге, энергияның қолданылуы бойынша Қытай мен Үндістан сияқты алпауыт елдер, экологияны алдыңғы шепке шығаратын Нидерланд, Ұлыбритания, Германия бар. Жүз пайыз жаңартылатын энергия көздері есебінен өмір сүретін Коста-Рика да осы тізімде. Тағы бір ғана мысал, «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов журналистерге арнап өткізген брифинг барысында: «Халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіне өткен жылы 30-ақ ел қатысуға ниет білдірсе, бүгінде олардың саны 115 мемлекетті құрап отыр. Яғни қызығушылық айтарлықтай деген сөз. Бізде күн сайын баспасөз мәслихаттары өтеді, онда түрлі павильондардың өкілдері болашақтың энергиясы туралы жан-жақты сыр шертеді. Сол шараларға қатысамын, сұрақ қоямын, жалпы жаңашылықтармен танысамын деген адамдарда есеп жоқ. Осының бәрі айналып келгенде елордада ұйымдастырылып отырған дүниежүзілік көрменің мән-маңызы жоғары екенін көрсететіні талас тудырмайды деп ойлаймын», — деді.

«ЭКСПО-2017» қалашығы жөнінде бірер сөз. Жалпы көлемі 25 гектар жерді алып жатқан көрме аумағында ірі елдердің павильонынан бөлек, тақырыптық залдар,  «Болашақ энергиясы» музейі ретінде тұжырымдамасы ұсынылған «Нұр Әлем» кешені бар. Алып ғимаратта негізгі энергия түрлері: ғарыш, күн, жел, су және кинетикалық энергия үлгілері көрсетіледі және «Астана — болашақтың қаласы 2050» экспозициясы ұсынылған. «Нұр Әлемде», сондай-ақ, 5000 шаршы метрлік алаңда Қазақстанның Ұлттық павильоны орналасқан. Оның бірінші бөлігінде келушілер Қазақстанның тарихы мен мәдениетімен, осы күнгі тынысымен және болашаққа құрған жоспарымен таныса алады. Ал «Жасампаз қуат» аймағында көрме тақырыбы аясында отандық ғалымдардың үздік жобалары, Мемлекет басшысының энергетика және қоршаған ортаны қорғауға қатысты бастамалары, табысты іске асырылатын өңірлердегі «Жасыл экономика» жобалары қойылыпты.  «Үздік тәжірибелер аймағы» атты арнайы павильонда тұрақты энергия көздері саласындағы технологиялар мен жобалар көрініс тапқан.  Үш айға созылатын көрменің бұдан басқа да қызықтары көп. Біз «ең, ең…» дегендерін ғана сөз еттік.

Ұйымдастырушылар көрмені бір рет келіп, тамашалап кеткен адамның өзі болашақ энергиясы, оның баламалы көздері туралы мол мағлұмат алатынына сенімді. Әрі заманауи, жаңашыл инновация әлемінде нендей өзгерістердің болып жатқанын да олар сол арқылы біледі. Ал инновация, қай елде болсын, экономиканың қайнар көзі… Қысқасы, Елбасы Қазақстанның тарихында алтын әріппен жазылатын тарихи оқиға деп баға берген «ЭКСПО-2017» көрмесін көрген де арманда, көрмеген де арманда. Халықаралық шараның 10 қыркүйекке дейін өтетінін ескерсек, әркімнің-ақ «тарихты» өз көзімен көруге мүмкіндігі бар…

P.S. «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысушылар, олардың әкелген бұйымдары туралы материалды газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар. 

Айбек ТАСҚАЛИЕВ,

Астана қаласы.

(Суреттерді түсірген Мұхтар Холдорбеков).

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button