Жастар

«Жігер»: 120 жас шынықты

Мәртөк ауданы Хлебодар ауылында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 25 жылдығына орай «Жігер» әскери-патриоттық жиыны өтті.

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы мен Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институтының ұйымдастыруымен өткен шараның мақсаты — жастардың әскери-патриоттық тәрбиесін жетілдіру, әскери-патриоттық клубтардың іс-қимылын үйлестіру, сондай-ақ, бозбалаларды әскери қызметке даярлау. Жиынға 17-23 жас аралығындағы әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері, Алға, Әйтеке би, Қобда, Мәртөк, Ойыл, Темір, Хромтау ауданының жастары, және кәсіптік-техникалық білім беретін ұйымдардың оқушылары, барлығы 120-дан астам жас қатысты.

Екі күнге созылған шарада қатысушылар шатырлы қалашықта тұрып, әскери саппен жүру, әскери-патриоттық әндер, әскери-далалық ойындар мен эстафеталар және әскери-қолданбалы спорт түрлері бойынша сайыстар арқылы өз ішінде ең мықтыны анықтады. Білікті бапкерлер мен арнайы шақырылған қонақтар семинар-тренингтер және пікірталастар өткізді. Сонымен қоса, «Алау жанындағы кеш» сауықтыру іс-шаралары және әскери базада ұшқыш-курсанттардың көрсетілімдері ұсынылды.

Аталмыш сайыстың қорытындысы бойынша І орынды Мәртөк аудандық Жайсақ көпсалалы колледжі жеңіп алса, жүлделі ІІ орынға Ойыл аграрлық колледжі, ІІІ орынға С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті жанындағы колледж және Ақтөбе құрылыс-монтаж колледжінің жастары лайық деп танылды. Сондай-ақ «Жігер» әскери-патриоттық жиынында белсенділік танытып, гір көтеру сайысында үздік нәтиже көрсеткені үшін Азамат Қалиев, Сәбит Бектұрғанов, Ислам Жақыповтар, жылдамдыққа жүгіру эстафеталық сайысында үздік нәтиже көрсеткені үшін Тимур Сайлауов Алғыс хаттармен марапатталды. Ал үздік көріністі сахналаған  С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті жанындағы колледж арнайы мадақтамаға ие болды. Жалпы, жиынға қатысқан барлық командаларға Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button