ЖастарӘлеумет

Темекі — денсаулықтың жауы

Акция

31 мамыр — Дүниежүзілік темекіге қарсы күрес күніне орай Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта студент жастардың қатысуымен ауқымды акция ұйымдастырылды. «Темекі — даму үшін қауіпті» атты шараға Ақтөбе қаласындағы барлық арнаулы білім беру ұйымдарынан 1500-ден астам адам қатысты.

Акцияның негізгі мақсаты — темекінің денсаулыққа зиянды әсері туралы халыққа ақпарат беру және темекі шегумен күресу заңнамаларын жүзеге асыру.

Шара барысында «Біз темекі шегуге қарсымыз!» деп ұрандатқан жастар сахнаға шығып, тұрғындарды салауатты өмір салтын ұстануға, зиянды заттардан аулақ болуға шақырды. Театрландырылған қойылымдар қойылып, флешмоб ұйымдастырылды. Мектеп оқушылары асфальтқа сурет салса, жастар арасында жүгіру және велосипедшілер жарысы өтті.

Сондай-ақ қаладағы бірқатар емхана дәрігерлері тұрғындардың салмағын, бойын, қан қысымы мен қан құрамындағы қанттың деңгейін тексерді. Дәрігерлер халыққа кеңес беріп, дұрыс тамақтану жолдарын айтты.

«Арасан Ақтөбе» ЖШС директоры Дәмеш Қайдарова соңғы уақытта ерлермен қоса, әйел адамдардың да темекіге әуестігі артып бара жатқанын айтты. Олардың жас ерекшеліктері 18-25 жас аралығында.

— Әрине, бала үшін бірінші кезекте әке-шешесі үлгі болады, сондықтан егер олар темекі тартатын болса, балаларына да қалыпты нәрсе болып қабылданады. Адам күніне аз дегенде 30 минут спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтына ден қоюы керек. 2016 жылы зиянды әрекеттерге қарсы жастар арасында еріктілер тобы құрылды. Осы топ арқылы бірқатар шаралар ұйымдастырылуда, — деді Дәмеш Қайдарова.

Жыл сайын дүниежүзінде темекі шегудің салдарынан 6 миллионға жуық адам қаза табады екен. Егер осылай жалғаса беретін болса, бұл көрсеткіш 2030 жылға қарай жылына 8 миллионнан асады.

Акция соңында марапаттау рәсімі өтіп, концерттік бағдарламаға ұласты.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button