Жазғы демалыс қалай ұйымдастырылмақ?

Лагерь
Жаз айлары — балалардың толыққанды демалып, денсаулықтарын нығайтуларына, жаңа оқу жылын тың күшпен бастауларына қолайлы уақыт. Жаз маусымы басталысымен оқушылардың арманына арқау болатын демалыс орындары мен балалар лагерьлері өз жұмыстарын бастады. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, биыл облыста 112 мың бала жазғы лагерьлерде демалады.
ӘРІ ТЫНЫҒАДЫ, ӘРІ ШЫНЫҒАДЫ
Облыстық білім басқармасының жетекші маманы Талғат Сүлейменовтің айтуынша, биыл облыс бойынша 112 мың оқушыны жазғы демалыспен қамту жоспарланып отыр. Ол үшін жергілікті бюджеттен 146 миллион теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Ал былтырғы жылы 106 мың бала демалыспен және еңбекпен қамтылған болатын.
Ағымдағы жылы 11 қала сыртындағы лагерь жұмыс жасайды. Оның ішінде 2-еуі мемлекеттік, яғни Ақтөбе қаласындағы «Достық» және Алға ауданындағы балалар үйінің лагерьлері. Ал қалған 9-ы — жеке лагерьлер.
Сонымен қатар, облыс бойынша тамақпен қамтамасыз ететін 383 мектеп жанындағы лагерь және 33 шатырлы лагерь жұмыс жасайды.
— Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру ерекше бақылауда. Демалыс кезінде балалардың бос уақытын тиімді пайдалану жұмыстары биыл екі бағыт бойынша жүргізіледі. Біріншісі — балаларды және жасөспірімдерді сауықтыру, екіншісі — демалыс және жұмыспен қамту бағыттары. Жаз айларында оқушыларды жұмыспен қамту түрлері қарастырылған. Мәселен, 54 мың бала абаттандыру бригадаларына, көгалдандыру, жөндеу-құрылыс, басқа да еңбек жасақтарына жіберілмек. 34 мыңға жуық оқушыны түрлі аула клубтары мен үйірмелерге, қосымша білім беру ұйымдарындағы жазғы алаңдарға шығармашылыққа тарту жоспарланған, — дейді жетекші маман.
Жыл сайын әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларының денсаулығын жақсартуға ерекше көңіл бөлінеді. Осы тұрғыда биыл 14 мыңдай ата-ананың қамқорлығынсыз қалған, мүмкіндігі шектеулі, аз қамтылған және көпбалалы отбасы балаларын қамту жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, жазғы демалыс уақытында «Бөбек» және «Балдырған» республикалық орталықтарында сауықтыру лагері жалғасады. Бұл лагерьлерде біздің облысымыздан биыл 366 бала демалады. Қосымша білім беру ұйымдарында жазғы демалыспен қамтылмай қалған балалардың қызығушылығына сай 241 түрлі үйірмелер ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде.
— Ырғыз-Торғай мемлекеттік резерватына 5 күнге саяхат жасау ұйымдастырылмақ. Онда Ақтөбе қаласынан және әр ауданнан 18, яғни барлығы 234 балаға саяхат ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 6 миллион теңге қарастырылды, — дейді Талғат Сүлейменов.
«ЭКСПО-2017» КӨРМЕСІНЕ 16 МЫҢ БАЛА ЖІБЕРІЛЕДІ
Өңір бойынша 16 мың оқушы халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесін тамашалауға барады. Оның ішінде 3 мыңы — әлеуметтік жағдайы төмен және аз қамтылған отбасы балалары.
Сондай-ақ оқушылар арасында оқу үлгерімдері бойынша спортшылардың жетістіктері, жоғары нәтиже көрсеткен зияткер оқушылардың тізімі жасалған. Олар Орынбор қаласындағы «Солнечная страна» лагерінде демалып, көрші елмен достығымызды нығайтады.
Ақтөбе қаласындағы «Ақбөбек» оңалту орталығы биыл да демалушыларға өз есігін айқара ашты. Мұнда әр ай сайын 240 баланы сауықтыру мақсатында қабылдайтын болады.
Облыс әкімінің бастамасымен өткен жылдан бастап жыл бойғы «Восток» лагері дарынды оқушыларды қабылдауды бастады. Олар — халықаралық, республикалық олимпиада, ғылыми және спорттық байқаулардың жеңімпаздары. Үстіміздегі жылы бұл лагерьде 360 оқушы демалады.
Биыл мамыр айының басында Ақтөбе қаласында орналасқан «Әсем» жыл бойғы лагері ашылды. Лагерьде әр ауысымда 115 оқушы, осы жылдың соңына дейін барлығы 1610 оқушы демалатын болады. Бұл лагерь гуманитарлық және математикалық бағытта жұмыс жасайды. Лагерьге жоғары білімді 20 педагог қызметке алынған.
Облыстық білім басқармасының бастамасымен Ақтөбе қаласында және облыстың барлық аудандарына 25 туристік маршрут құрылды. Онда 4 мыңға жуық оқушыны қатыстыру жоспарлануда. Оқушылар туған жеріміздің тарихымен және табиғатымен танысатын болады.
Жалпы, оқушылардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру, патриоттық сезімін ояту мақсатында, жасөспірімдердің тұрақты түрде спортпен айналысуын қамтамасыз ету барысында кең көлемде жұмыстар жалғасуда. Мәселен, облыстық «Жас инспекторлар» слеті, «Былғары доп — 2017» футбол жарысы, облыстық әскери-патриоттық клубтардың форумы өтеді және оқушыларды Қарағанды облысында өтетін халықаралық «Айбын» әскери-патриоттық жиынына қатыстыру жоспарлануда.
Ақбота ҚАЛДЫБЕК.




