ЖастарӘлеумет

«Самрұқ-Қазына» қорында жұмыс істегің келе ме?

Түлектер

«Самрұқ-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры талантты түлектерді іздестіруде. Іріктеуден сәтті өткен жастар 2 жыл бойы ірі компанияларда тәжірибе жинайды.

Бүгін Студенттер сарайында Ақтөбенің биылғы түлектеріне «Жас Өркен» бағдарламасының ерекшеліктері түсіндірілді. Бұл бағдарламаға қатысу үшін Қазақстанның азаматы болуың керек. Сондай-ақ, жоғары оқу орынды осы жылы тәмамдаған түлектер бақтарын сынай алады. Ең қызығы, түлектің дипломдағы бағаларына үлкен мән берілмейді. Жастардың өз-өзіне сенімділігі, білімге құштарлығы, тез тіл табысып, сараптама жасай алуы, көшбасшылық қабілеттері ғана есепке алынады.

— Қазақстанда мұндай жоба алғаш рет жасалуда. Бұл бағдарлама жұмысқа орналасу үшін тамыр-танысы жоқ түлектерге арналған. Түлек іріктеуден тек өзінің басымен ғана өте алады. Жоғары оқу орындарында студенттерді қалай бағалайтынын білеміз. Сондықтан дипломдағы бағаны біз ескермейміз, — дейді «Жас Өркен» бағдарлмасының жетекшісі Гүлнұр Жасекенова.

Іріктеу төрт кезеңнен тұрады. Алғашқы айналымда түлек www.skcu.kz/zhasorken сайтына кіріп, тіркелуі керек. Содан кейін ол уәждемелік эссе жазуы тиіс. Екінші айналымға өткен талапкер шілде айында тест тапсырады. Жеңімпаздардың есімдері тамыз айының соңында белгілі болады.

Айта кетейік, Қазақстан бойынша тек 20 адам ғана «Самрұқ-Қазына» қорында тәжірибеден өтуге жолдама алады. Тәжірибеден сәтті өткендер келешекте компанияда жұмыс істей береді.

Жиын барысында студенттердің сауалдарына аталған бағдарламаның жетекшісі жауап берді. Болашақ түлектер маңызды ақпарат алғандары үшін риза болды.

— Барлығы түсінікті, толық ақпарат алдым. Өте қызық бағдарлама екен. Құжаттарды жинап, соған қатысуға бағымды сынап көремін. Қазақстанда мұндай бағдарламаның пайда болғанына өте қуаныштымын, — дейді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің 4-курс студенті Санжар Қожахметов.

Қамбар МҰҚАШЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button