АуылЖастар

Жастар қажетті мамандыққа ұмтылуы керек

Аудан

Аудандық Мәдениет үйінде өткен «Байғанин — байтақ, жайнаған өлкем» деп аталған жүздесуге биылғы 291 түлек арнайы шақырылды.  Мұндағы мақсат — алтын ұяларынан түлеп ұшып, үлкен өмірге қанат қаққалы тұрған жастардың алдарына нақты мақсат қойып, білімді де білікті маман болып, ауданның, жалпы еліміздің дамуына атсалысып, қоғамға қажетті маман, тұлға болып қалыптасуына ықпал ету.

Аудан әкімі Асқар Шериязданов түлектермен кездесу барысында осы жайтты баса айтты.

Кездесуге мектеп түлектерімен қатар, мұғалімдер, директорлар және білім бөлімінің мамандары мен бөлім басшылары қатысты.

Аудан әкімі түлектерге  арнаған сөзін 90 жылға жуық тарихы бар ауданның өткенінен бастады. Облыстағы жер көлемі жөнінен екінші орында тұрған ауданның тарихи, мәдени ерекшеліктеріне баса тоқталды. Өңірдің ең басты табиғи ерекшелігі саналатын Доңызтау мен Үстірт, сонымен қатар, республикалық деңгейде қорғауға алынған бірнеше тарихи ескерткіштерімізбен қоса өзге де құнды жәдігерлер өңірдің «ашық аспан астындағы музей» екендігін тағы бір мәрте дәлелдеп тұрғандығын ұғындырды.

Ауданның негізгі шаруашылығы саналатын атакәсіптің жай-жапсарын түсіндірген әкім мал тұқымын асылдандыру, өнім өндіру турасында егжей-тегжейлі баяндады. Оның айтуынша, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша өткен жылы 343 бас, «Құлан» бағдарламасы бойынша 171 бас, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 790 бас төрт түлік алынған. Сиыр, жылқы және құс түрлерінен 2012 жылдан бері қарай айтарлықтай өсім бар екені айтылды. Облыстағы түйенің жиырма пайызын, жылқының он пайызын біздің жердің түліктері құрап отыр. Құрылған 9 кооперативтің сегізі ет, біреуі сүт өнімдерін өндіруге бағытталған. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың дәстүрлі емес шаруашылықты дамытуды көздеген тапсырмасы да жүзеге асуда. Бұл бағытта қаз, үйрек, тауық, бөдене секілді құстармен қатар қоян өсіру ісі қолға алынған.

Аудан бойынша мұнай-газ саласында 1200 адам қызмет етіп жатқанын, дегенмен, территориясында бірнеше ірі компания жұмысын жүргізіп отырған аймаққа бұл көрсеткіштің аздық ететінін айтты. Себебі, онда тіл білетін, білікті кадрлар қажет. Сондықтан жастардың санасына осы бастан қажетті әрі білікті маман болу керектігін ұқтырды.  Бүгінгі нарық заманының  талабы кәсіпкерлікті дамыту ісіне орай да әкім жастарға мол мағлұмат берді. Бүгінгі таңда ауданда 1000-нан астам кәсіпкер өз істерін жүргізіп, дерек бойынша 3578 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Халықпен кездесу барысында байқалатын тұрғындардың басты базынасы таза ауыз су мен  көгілдір отын екенін айтқан А.Шериязданов аудан халқының 60,8 пайызы ауызсумен, 48 пайызы көгілдір отынмен қамтылғанын жеткізді. Алдағы уақытта барлық ауылға су құбырын тарту көзделіп отыр. Ауданда халық саны көп тек екі елді мекен ғана газбен қамтылған. Ендігі меже — Жарлы, Кемерши, Бұлақтыкөл, Жаңатаң ауылдарына көгілдір отын тарту. Жұмыс келер жылы басталмақ. Тағы бір өзекті мәселе — жол. Жөндеу жұмыстары жасалып жатқан автожолдың құрылысы қараша айында аяқталады деп жоспарланып отыр.  Одан кейін Атырау бағытына қарай жол жұмысы жалғасады. Жұмыспен қамту мәселесі де аудандағы өзекті мәселе. Аудандағы жұмыссыздық деңгейі — 4,7 пайызды құрайды.

Жастармен кездесу барысында аудан әкімі білім саласына кеңінен тоқталды. Ауданда 24 білім ордасы бар. Соңғы жылдары орта мектептердің көрсеткіші ҰБТ-мен өлшеніп келеді. Биыл кешенді емтиханнан кейін сынақ тапсыратын түлектерге әлі де жылдың басты сынағына дайындалуға мүмкіндік бар екенін, сондықтан мүмкіндікті пайдаланып, өзінің болашағына жол ашу үшін ұмтылу керек екенін түсіндірді.

Аудан орталығында 3 орта мектеп, 1 мектеп-интернат бар. Келер жылы тағы да мектеп-интернат салынбақ. Ондағы мақсат жас өренге сапалы білім беру. ҰБТ көрсеткіші ауданда 2015 жылы 76,9, 2016 жылы 82,6 пайызды құраған еді. Биылғы түлектерге үлкен үміт артқан аудан әкімі жылдың басты сынағын тапсыруда жоғары нәтиже көрсету үшін олардың жігерлерін жаныды. Аудан бойынша биылғы түлектердің таңдап отырған мамандықтарын саралады. Әкімнің дерегінше, мұғалім, дәрігер секілді мамандықтармен қатар, 3-4 жылдың көлемінде еңбек нарығы 8  дизайнер, 5 ұшқыш, 15 ветеринар, 2 діни қызметкер және т.б. мамандармен толықпақшы.  «Кім болам?» деп жүректері лүпілдеп отырған жастарға аудандағы қат та қажетті мамандықтар турасында мәлімет берілді.

Педагог мамандар жетіп артылады дегеннің өзінде, әлі де ағылшын, орыс тілі, математика секілді пәндер мен логопед, әлеуметтік педагог секілді мамандар қажет. Ал ауданның денсаулық сақтау саласына дерматовенеролог, рентгенолог, окулист, фтизиопедиатр, педиатр, эндокринолог секілді мамандар қардарлығы білінеді. Мұнай компанияларында электрик, слесарь, лаборант секілді мамандар жетіспейді.

«Дипломмен — ауылға!» бағдарламасының мүмкіншіліктері кеңінен баяндалды. Өткен жылы бағдарлама аясында 21 маманға көтерме жәрдемақы, 12 маманға тұрғын үй берілді.

Жұмыссыздардың санын арттырмай, білікті маман болып оралу үшін оқу мен іздену жастар тұрмақ жасамыстарға да жарасар қылық екенін ұқтырды. Кәсіп ашып, өзін де, өзгені де жұмыспен қамтып отырған 93 жас бар екені қуантады. Дегенмен, олардың қатары арта түсуі тиіс. «Менің елім осындай» деп үнемі мақтанып жүруі тиіс жастарға өңірдің кешегі таутұлғалары мен бүгінгі ел ағаларын, азаматтарын мақтаныш етті.

— Біз — Ұлы Елміз, Ұлы Жұрттың ұрпағымыз, — деп сөзін түйіндеген әкім жастарға рух беріп, жігерлендіріп, еліміздің мықты тұлғасы боп қалыптасуларына тілектестік білдіріп, рухани дем берді. Түлектерге сәт сапар тіледі.

 Бақытгүл БОРАНБАЕВА,

Байғанин ауданы.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button