АуылӘлеумет

Жанайымның ыстық наны

Мыңнан астам халқы бар Әлия ауылында кәсіпкерлік саласын дамытуға жағдай бар. Ұзын жолдың бойында орналасқан ауылдың тұрғындары көгілдір отынды тұтынады. Жеке кәсіп ашып, тұрғындарға ыстық нан ұсынып отырған Жанайым Сағынбаева осы ауылдың келіні.

Жанайымның бұл жобасы жақында жүзеге асты. Жергілікті тұрғындарды нан және ұн өнімдерімен қамтамасыз етуді мақсат тұтқан ол өз қаражатына шағын наубайхана ашты. Ол бір бөлмені наубайханаға ыңғайлап, ішін қолайлы етіп жабдықтады. Санитарлық тазалыққа үлкен мән беретін Жанайым пісірген нанның бағасы қаладан тасымалданатын нан бағасына қарағанда әлдеқайда арзан.

Бір нанның салмағы — 600-700 грамм, бағасы — 70 теңге. Қазір мұнда күніне 60-70 нан пісіріледі. Сол сияқты, самса, бәліш, кекс, бөлке нан да сатылымға шығарылады. Ұн өнімдерінің бағасы қалтаға қонымды. Наубайханада тапсырыспен торт та жасалады. Бағасы арзан, дәмі тіл үйіретін өнімге сұраныс жоғары, тапсырыс та мол.

Бастапқыда кәсіп ашу мен үшін қиын шаруа секілді болды. Оны ашқанмен, халықтың сенімінен шығу тағы бар. Іске кірісерде осындай ойлар мені қатты толғандырды, қобалжығаным да рас. «Көз қорқақ, қол батыр» деген осы шығар. Ауылымызға нан сырттан, яғни Ақтөбеден тасымалданады. Сатуға әкелінген нан жаңа піскендей болмайды. Үй ішіммен ақылдасып, наубайхана ашуға бел байладым, — дейді Жанайым.

Қолда барды қанағат етіп, аз қаражатты ұқыпты, ретімен пайдалана білген ол болашақта кәсібін кеңейткісі келеді. Ол үшін мемлекеттен аз пайызбен несие алуға ниетті.  Жанайым қазір қасына туыстарынан көмекші алған.

Қай істің көзін тапсаң, оны әрі қарай дамытқың келіп тұратыны бар. Онсыз болмайды. Алдағы уақытта мемлекеттік бағдарламаға қатысып, кәсібімді жандандырғым келеді. Әрине, нан пісіру оңай шаруа емес. Оның да өзіндік тәсілі болады. Нан — қасиетті ас. Сондықтан ас атасын дайындайтын адамның ешкіммен бөліспейтін өзіндік сыры болады. Ең бастысы, бұл істе көтеріңкі көңіл күй қажет, — дейді Жанайым.

Жанайымның күнделікті дайындаған өніміне сұраныс бар. Ең бастысы, өнім  тұтынушылардың көңілінен шығады. Тіпті жергілікті жұрт жаңа піскен нанды алу үшін ұзын-сонар кезекте тұрады екен.

Гүлшат СИНГАРАЕВА,

Қобда ауданы.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button