Ауыл

Айбектің фотосалоны

Ойылдық жас кәсіпкер Айбек Шуақов — ауданда өз-өзін жұмыспен қамтып отырғандардың бірі. Ол ауданда сурет түсірумен айналысады. «Әлихан» атты фотосалоны да бар.

Айбек өз фотосалонына жеке қаражат есебінен қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, тұрғындарға үзіліссіз қызмет көрсетіп келеді. Оның фотосалонында суреттің түрлі үлгісі ілініп тұр.

  • Бұрынырақта суретке түсірудің қиын да қызықты кездері көп болатын. «Пленкасы таусылып қалды» деген сөздерді жиі еститінбіз. Оны да дұрыс түсірмесең, іске жарамайтын. Ал бүгінгі күні суретке түсірудің жайы мүлдем басқаша. Технология қарыштап дамыған сайын жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізіп келеміз. Қазір жасаған ісіңді де, жұмсаған күшіңді де көрсететін сурет. Тіпті қазір тойлар мен кездесу кештерінде естелік сурет алу әдетке айналды. Сондықтан болар көпшілік сурет сапасының жоғары болғанын қалайды. Ал біз маман ретінде халыққа сапалы қызмет көрсетуге тырысамыз, — дейді ол.

Айбек өзгелермен тез тіл табысатын жігіт. Сондықтан болар жас кәсіпкердің тұтынушылары да көп.  Аудандағы  Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназияның оқушылары, «Балдырған» балабақшасының тәрбиеленушілері, Ойыл аграрлық колледжінің оқушылары Айбекке жиі келіп, суретке түсіп тұрады. Мерекелік, қоғамдық шараларға да Айбек белсене атсалысады. Жас кәсіпкер суретке түсірумен қатар компьютерлік бағдарламаларды да орнатады. Сондай-ақ басқа суретке түсірушілерге қарағанда оның суретінің бағасы әлдеқайда арзан.

  • Бұл кәсібім өзіме ұнайды. Бір жағынан халыққа осы салада қызмет ету — мен үшін игі іс. Сондықтан көп жағдайда тұтынушылардың талабына қарап жұмыс жасаймын. Халық риза. Үлкен де, кіші де алғыстарын айтады, — дейді Айбек.

Ол алдағы уақытта өз кәсібін әрі қарай кеңейткісі келеді. Фотосалонына үлкен көлемді стендтер мен баннерлер шығаратын құрылғылар алуды жоспарлап отыр.

Егер Айбектің бұл жоспары жүзеге асса, ауданда тапсырыс беретіндер үшін тиімді әрі бағасы да қолжетімді болмақ.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button