ЖастарӘлеумет

Шашын қиды, сұхбаттасты, концерт өткізді…

Акция

Облыстық жастар ресурстық орталығы мен «11 друзей» жастар әлеуметтік тобының мұрындық болуымен Алға балалар үйінде спорттық және концерттік, танымдық шаралардан тұратын арнайы акция өтті.

Бір күнге созылған шараның бағдарламасы «Barbershop» шаштараз студиясы мамандарының балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің шаштарын заманауи үлгіде қиып, сәндеуден басталды. Одан соң сондағы қыз-жігіттерге семинар-тренинг ұйымдастырылып, оқу орнын, мамандықтарын таңдау бойынша ақпараттандыру жұмыстары жүргізілді, сан түрлі сауалдарға жауап берілді.

Сондай-ақ, «11 друзей» жастар әлеуметтік тобының өнерпаздары жиналғандарға заманауи би түрлерін көрсетіп, би түрлерінің негізгі қимылдарын үйретті, сол мақсатта 1 сағаттық шеберлік сабағын өткізді.

— Бұл сабақ жастарды алдымен белсенді болуға, өздерін жаңа қырынан танытуға мүмкіндік берді. Мұнымен бірге, салауатты өмір салтын насихаттап, футболдан және үстел теннисінен турнирлер өтті. Белсенді жастар түрлі себептермен ата-анасынан айырылған өрендермен әңгіме-дүкен құрып, олардың ой-армандарын білді. Артынша «Театр, театр, театр …» студиясының бишілері, «Сөз жоқ» көңілді тапқырлар клубының әзілкештері және республикалық ән байқауларының жеңімпаздары өз өнерлерін ортаға салды. Мұндай кездесулер, сөзсіз, керек. Өйткені бұл арқылы біз қамкөңіл жасөспірімдердің көңілін сергітеміз, өзіміз де сондағылардың жағдайына қанық боламыз, — дейді облыстық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Дания Жұмағазина.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, акцияға Ақтөбе қаласынан 30 адам аттанған. Ал олардың өнерін балалар үйіндегі 70-ден астам ұл-қыз тамашалапты. Тәрбиелік маңызы зор шара алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Айбек СЕРІКҰЛЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button