Әбілқайыр хан даңғылы

Есте қалар есімдер
Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мәліметі бойынша, қалаға қарасты барлығы 637 көше бар. Оның ішінде қала бойынша көше саны — 299, тұйық көшелер — 72, даңғылдар — 9, ауылдық округтердегі көшелердің саны — 257. Және қалада 300-ге жуық көше кісі есімдерімен аталады. Ал 33 көшеге жер-су аттары берілген. Соңғы жылдары кейбір көшенің кеңес дәуірі тұсындағы атауы өзгерді. Қазір ондай көшелер елімізге, өңірімізге белгілі тұлғалардың аттарымен аталады. Алайда көпшілік сол көше иелерінің кім екенін біле бермейді. «Есте қалар есімдер» айдарында алғашқы сөз ететін көше — Әбілқайыр хан даңғылы.
Әбілқайыр хан даңғылы — Ақтөбе қаласының бас көшесі. Даңғыл көрнекті мемлекет қайраткері, кіші жүз ханы Әбілқайыр ханның құрметіне аталған. Көше бұрын Ленин даңғылы аталса, 1997 жылы 7 қарашада Ақтөбе қаласы әкімінің шешімімен Әбілқайыр хан даңғылы болып өзгертілді. Даңғылды Ш.Қалдаяқов, Киселев, Ғ.Жұбанова, Оспанов көшелері мен Абай, Ә.Молдағұлова даңғылдары қиып өтеді.
Әбілқайыр Мұхамбет Ғази Баһадүр хан (1693-12.8.1748) — кіші жүз ханы, қолбасшы, көрнекті мемлекет қайраткері. Шыңғыс хан әулетінің ұрпағы. Жошының он үшінші ұлы Тоқа Темірден тарайтын — Өсеке ұрпағы, Қажы сұлтанның баласы. Шайқастарда батыр әрі даналығымен даңқы шығып, өз беделімен кіші жүздің ханы болды. 1716-18 жылдары Ресейдің Сібір, Уфа әкімшіліктерімен байланысып, қазақ-қалмақ шиеленістерін бәсеңдетіп, қазақтардың жағдайын жақсартуға күш салды.
Бұланты өзенінің жағасындағы (1728) және Аңырақайдағы шайқастарда (1729-30) жоңғарларды талқандап, қолбасшылық қасиетін айрықша көрсетті.
Әбілқайыр хан — еліміз бен жерімізді қорғауға өлшеусіз үлес қосқан тұлға. 1748 жылы Орынбордан шағын жасағымен қайтып келе жатқан жолда қарсыластарының бірі Барақ сұлтанның құрған қақпанына түсіп қалады. Әбілқайырдың 50 шақты адамымен келе жатқанын естіген ол, мүмкіндікті пайдаланып қалуды ойлап, тұзақ құрады. Осы шайқаста хан қаза табады.
Дайындаған Кәмшат ҚОПАЕВА.



