Жастар

Ардагердің батасын алды

«Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында бір топ жас Ұлы Отан соғысының ардагері Иван Шевченконың үйіне барып, әлеуметтік көмек көрсетті.

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері Ұлы Жеңіс күні мерекесінен соң да сұм соғысқа қатысушыларға көңіл бөлетінін, оларға қолдан келгенше құрмет-қошемет көрсететінін айтады. Соның бір дәлелі ретінде қыз-жігіттер бұл жолы Иван атайды өткен мерекесімен құттықтап, үйінің ауласын ретке келтіріп, жалпы шаруашылықта жәрдемін тигізді.

Соғыс ардагерінің өзін әңгімеге тартқанымызда, биыл 93 жасқа толатынын, ұзақ уақыт бойы зауытта жұмысшы болып еңбек еткенін білдік. Біраз жасты алқымдаса да, кәрілікке дес бермеген майдангер небәрі 18 жасында соғысқа аттанып, сонау Қиыр Шығыста жау шебіне қарсы тұрыпты. Ол туралы ашылып әңгіме айта қоймаған қарт сөзін былай деп сабақтады:

— Екінші дүниежүзілік соғыстан оралғаннан кейін бірталай жыл Ақтөбедегі зауыттардың бірінде жұмыс істедім. Сол жерден зейнет демалысына шықтым. Зайыбым екеуміз үш баланы өмірге әкеліп, өсіріп-өндірдік. Қазір солардан тараған 14 немеренің қызығын көріп отырмыз. Осы бейбіт күніміз мәңгілік болғай! Соғыс, нәубет жылдар деген атымен болмасын. Мені осылай ұмытпай, келгендеріңізге көп рақмет! — дейді ол.

«Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Асылжан Бүркіталиннің айтуынша, бұл бір күндік акция емес. Жыл басынан бері 42 ардагерге осылай тұрақты түрде көмек көрсетіліп келеді. Белсенді жастар аталған игілікті шараны алдағы уақытта да жалғастырмақ.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button