Ырыс, береке, ынтымақ

Алға
Қазақстан халқы бірлігі күнін Алға жұртшылығы да кең көлемде атап өтті.
Мереке күні аудан орталығындағы қалалық мәдениет және демалыс саябағында «Ұлы достық отауы — Қазақстан» атты шара ұйымдастырылды.
Жиналған қауымды алдымен аудан әкімі Мавр Абдуллин құттықтап, игі тілектерін жеткізді. Бұдан соң сахнаға түрлі ұлттардың киімін киген жас өнерпаздар бірінен соң бірі шығып, ән-биден мерекелік шашу шашты. Алға индустриалды-техникалық колледжінің, «Нұрталап» шығармашылық үйінің, Алға балалар үйінің, қаладағы орта мектептердің оқушылары концерттің мазмұнды өтуіне атсалысты. «Айгөлек», «Еркетай», «Нұрбалаби», «Гүлдер» балабақшаларының өнерпаздары да өзбек, орыс, беларусь халықтарының ән-биімен көрермен көңілін баурады.
Мерекелік шара аясында спорттық сайыстар, асфальтқа сурет салудан конкурс ұйымдастырылды. Бұл сайыстарға, әсіресе, балалар белсене қатысты. Бейбітшілік, ұлттар достығы тақырыбына салынған суреттерден көрме ұйымдастырылды. Қолөнер шеберлері де өз туындыларын жұртшылық назарына ұсынды. Сондай-ақ, шара аясында сауда жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Салтанатты шара соңында сахнаға түрлі ұлттар өкілдері көтеріліп, «Қазақстан» әнін асқақтата шырқады.
А.САРЫБАЙ.
Әйтеке би
Қазақстан халықтарының бірлігі мерекесі Әйтеке би аудандық «Целинник» мәдениет үйі алдындағы алаңда жоғары деңгейде аталып өтілді. Бұл күні мерекелік шараның ашылуы әсем әнмен басталды.
Әйтеке би аудандық мәслихат хатшысы Е.Таңсықбаев аудан тұрғындарын атаулы мерекемен құттықтады. Шараға аудандағы бірқатар мекеме ұжымдары елімізде тұратын сан ұлттың мәдени бағдарламасын сахналап және ұлттық тағамдарын әзірлеп, тегін үлестірді. Сонымен бірге мекеме өкілдері орындаған ұлттық билер де халықтың ыстық ықыласына бөленді.
Мерекелік өнер шеруін облыс, республика деңгейінде өнер көрсетіп жүрген халықтық «Асыл әжелер» және «Сударушки» ансамбльдері жалғап, өзбек, қырғыз, башқұрт, ұйғыр, белорус, молдаван және басқа да ұлттардың мерекелік номерлеріне ұласты. Осылайша бұл күні аудан халқы елімізде тату- тәтті тұрып жатқан ондаған ұлттың өнерін тамашалады. Сондай-ақ аудандық саз мектебі, Мәдениет үйінің өнерпаздарымен бірге халықаралық өнер байқауларының бірнеше дүркін лауреаты, Астана қаласындағы «Асыл» этнофольклорлық ансамблінің мүшесі Дина Атамқұлова өнер көрсетіп, халыққа мерекелік көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Б.ӘБДІҚАЛЫҚ.
Байғанин
Мерекені байғаниндіктер де ерекше тойлады. Аудан орталығы — Қарауылкелдіде және 24 елді мекенде «Халықтар достығы» атты мерекелік шерулер ұйымдастырылды. Шеруге жалпы 5200 адам қатысты.
Мәдениет үйінің алаңына жиналған жұртшылықты аудан әкімі Асқар Шериязданов құттықтап, ақ тілегін жеткізді. Бұдан соң ауыл тұрғындары аудандағы барлық мекемелер бірлесіп дайындаған мерекелік бағдарламаны тамашалады. Татулық мекеніне айналған еліміздегі достық ұранын қолдап, әр ұлттың мәдениетімен таныстыру мақсатында өзбек, грузин, украин, орыс, татар, неміс, әзірбайжан, қырғыз және тағы басқа ұлттардың ұлттық киімдері мен өнері дәріптелді. Түрлі ұлттың әндері шырқалды.
Жалпы ауданда 21 татар, 4 орыс, 1 молдаван, 1 әзірбайжан ұлтының өкілдері тұрады.
Рита ХАЛЫҚҚЫЗЫ.
Қарғалы
1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күнінде қарғалылықтар аудан орталығы Бадамшада салтанатты шеру ұйымдастырды.
Оған аудандағы мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлері, аудан тұрғындары белсене қатысты.
Салтанатты шарада аудандық Мәдениет үйінің алаңына жиналған жұртшылықты аудан басшысы Рахат Сыдықов мерекемен құттықтады.
Бұл күні аудан орталығында №2 Бадамша орта мектебі ұжымының ұйымдастыруымен Халықтар достығы фестивалі өтті. Шарада мектеп ұжымы қазақ халқының ұлттық мәдениетін насихаттаса, «Балапан» балабақшасының ұжымы орыс халқының көңілді әндерін орындап, өз өнерлерін ортаға салды.
Фестивальге қатысушылар көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, зор алғысқа ие болды.
Айта кету керек, бүгінгі күні Қарғалы ауданында 18 ұлттың өкілі тұрады.
Кәмшат БАЙХАНОВА.
Қобда
Аудан әкімдігі ғимаратының алаңына жиналған жұртшылық бірлік мерекесін бір кісідей атап өтті.
Бұл күні ауданда мерекелік шаралар ерте басталды. Елімізді мекен еткен әртүрлі ұлттың киімдері мен салт-дәстүрлері, ұлттық бұйымдары мен тағамдарынан сыр шертетін көрме көпшілік назарына ұсынылды.
Мемлекеттік мекеме ұжымдары мен ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер, сондай-ақ, этномәдени орталықтар өкілдерінің қатысуымен мерекелік шеру ұйымдастырылды.
Аудан әкімінің орынбасары Болат Құлов жергілікті тұрғындарды халықтар достығы мерекесімен құттықтап, елімізде бейбітшілік пен келісім, тұрақтылық орнаған жерде ғана даму болатынын, көпұлтты мемлекетімізді мекендейтін ұлттар мен ұлыстардың бірлігін нығайтудың маңызы зор екенін айтты.
Сахна төріндегі «Достық» фестивалі байқауы мерекенің көрігін қыздыра түсті.
Мерекеге жиылған жұртшылық фестиваль аясында мекеме қызметкерлерінің орындауындағы әртүрлі ұлттардың өнерін айшықтайтын әндер мен билерін тамашалады.
Фестиваль-байқауға қатысқан ұжымдар Алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Бұл күні оқушылардың сурет салуға деген қызығушылығын ояту үшін шеберлік сабақтары өткізілді.
Гүлшат СИНГАРАЕВА.
Мәртөк
Қазақстан халқының бірлігі күні Мәртөк жерінде достық пен татулықтың, бейбітшілік пен мызғымас тұрақтылықтың мерекесі ретінде көтеріңкі көңілмен аталып өтті.
Аудандық Достық үйінің алдында велосипедшілер бастаған салтанатты шара түрлі түсті шарлар мен жалаушалар ұстаған ұжымдардың шеруімен ашылды. Мәртөк ауданының әкімі Нұржауған Қалауов аудан тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтады.
Жалпыұлттық думан әрі қарай ел бірлігін көрсетіп, ұлысты ұйыстыра түсетін атаулы күндердің бірі екенін тағы бір дәлелдей түсті. Ортаға шыққан өнерлі ұжымдар мен ауданның белгілі әншілері тату елімізді ән мен жырға қосса, жастар Димаш Құдайбергеннің «Қазақстан» әніне флешмоб биледі. Сарыжарлық домбырашылар ансамблінің орындауында қазақтың күйлері төгілді. «Умырзая» татар-башқұрт ансамблінің орындауындағы әуезді әндер, ұлттық билер мен саксофонда орындалған композициялар ұсынылды. Мерекелік концерттің соңы ауданның гимні «Мәртөгім» және «Атамекен» әндерімен аяқталып, этномәдени бірлестіктер бірліктің символы ретінде көгілдір, ақ шарларды аспанға ұшырды.
Аманат ҚАЛПИЕВА.
Мұғалжар
Аудан орталығында мерекелік шеру ұйымдастырылып, аудан әкімі Ербол Данағұлов бастаған топ ағаш көшеттерін отырғызды.
Бұл күні Қандыағаш қаласындағы Баймұхамбетов көшесін бойлай шеру өтті. Салтанатты шеруге аудандағы барлық мекеме ұжымдары қатысып, «Достық, бірлік жасасын!», «Достық — бірлік пен ынтымақ негізі», «Бір шаңырақ — бір Отан» тәрізді ұранды сөздер жазылған плакаттарымен және патриоттық сарындағы әндерді шырқап, мерекенің сәнін келтірді. Еңбек және тыл ардагерлері, аудандық мәслихаттың депутаттары мен нұротандықтар бастаған шеруге атсалысқан ұжымдар қатарында аудандық және қалалық әкімдіктің қызметкерлері, аудандық білім бөлімі, А.Жұбанов атындағы балалар саз мектебі, аула клубы, қаладағы бес мектеп, түрлі мекемелер мен кәсіпорындар жұмысшылары, Қандыағаш қалалық балалар және жасөспірімдер спорт мектебі, Мұғалжар гуманитарлық-техникалық колледжі, Қандыағаш өнеркәсіптік-экономикалық колледжі бар.
Мемлекеттік мейрамды тойлауға келген аудан тұрғындары мен қонақтарын аудан әкімі Ербол Данағұлов мерекемен құттықтады.
Мерекелік алаңға жиналған көпшілікке аудандық Мәдениет үйі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен мерекелік концерттік бағдарлама тарту етілді.
Мерекеге қатысқандар қаланың Интернациональный көшесінің бойына қарағай ағашының көшеттерін отырғызды. Қандыағаш қаласының әкімі Нұрбол Ержановтың айтуынша, қала әкімі аппаратының жергілікті өзін-өзі қаржыландыру шотындағы қаражат есебінен 119 түп қарағай ағашының көшеттері Көкшетау өңірінен алынған. Оның 89 түбі Интернациональный көшесінің бойына егілсе, қалғаны қаланың өзге де көшелеріне отырғызылатын болады.
Әнуар ЕСҚАРА,
Мұғалжар ауданы.
Ойыл
1 мамыр мерекесі күні Ойыл ауданының орталығында «Татулық — достықтың киелі бесігі» атты мәдени көпшілік шара өтті. Оған аудандағы салалық мекемелердің қызметкерлері белсене қатысты.
Ең әуелі аудандық Мәдениет үйінің алдында мерекелік шеру ұйымдастырылды. Ұлт өкілдерінен құралып, сап түзеген шерушілер татулық әндерін шырқап, Көкжар, Жолмырзаев көшелерінің бойымен жүріп отырып, орталық саябаққа барды.
Бұл күні ауа райы да жайлы болып, Ойыл селосы көктемнің нұрына малынып, шұғылалы шуақ шашып тұрды. Саябақ іші шаттыққа толды. Мәдени шараға келген аудан жұртшылығы әр ұлт өкілдері дайындаған ұлттық тағамдардан ауыз тиді. Негізінен ұлттық киімдер киген мекеме қызметкерлері өз өнерлерін көрсетті. Әр ұлт жиналғандарға өз тілдерінде ізгі тілектері мен мерекелік құттықтауларын арнады.
Аудан әкімі Бұлбұл Күзембаева мерекеге жиналған жұртшылықты мерекелерімен құттықтады. Елбасымыздың сарабдал саясаты, ел ішінде жүргізіп отырған реформалары туралы баяндады. Зейнеткерлер Наталья Понамарева мен Валентина Бекетаеваға, Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназияның мұғалімдері Алла Дурманова, Надежда Гулекова және осы мектептің оқушылары Диана Красавина, Абу-Мансур Хакимге аудан әкімінің Алғыс хатын табыс етті.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ.
Темір
1 мамыр — Қазақстан халқы бірлігі күні темірліктер де өз өлкелерінің ұлттардың достығы мен өзара ынтымақтастығының, тұрақтылық пен бейбітшіліктің мекені екенін көрсетті.
Мереке күні аудан орталығындағы мекемелердің қызметкерлері, мектеп оқушылары әр ұлт өкілдерінің әсем киімімен бір шаңырақ астындағы бір үйдің балаларындай болып мерекелік шеруге шықты. Аудандық Мәдениет үйінен бет алған салтанатты шеру орталық алаңға жетті. Жиналғандард ауданы әкімі Асқар Жүсібалиев мерекелерімен құттықтап, зор денсаулық, толағай табыстар тіледі.
Салтанатты жиын соңы мерекелік концертке ұласты.
Досхан ҚАМЫСБАЙҰЛЫ.
Хромтау
Қазақстан халқының бірлігі күні Хромтау ауданында да кең көлемде аталып өтті.
Бұл күні Хромтау қаласының орталық саябағында тұрғындарға арналған мерекелік шара ұйымдастырылды. Аудандық Мәдениет үйі мен білім бөлімі, сондай-ақ, «Восход-Oriel» ЖШС, «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС, Дөң тау-кен байыту комбинаты бірігіп көпшілік назарына әртүрлі ұлттар мен ұлыстардың мәдениетін, салт-дәстүрін, жалпы таным-түсінігін паш ететін концерттік бағдарлама ұсынды. Және сол жерде әртүрлі ұлттардың тағамдарынан дастарқан жайылды. Сонымен бірге, хромтаулықтарға жәрмеңкелер ұйымдастырылып, спорттың бірнеше түрінен жарыстар өтті. Соның ішінде қазақша күрестің көрігін қыздырып, бақ пен бабымды ортаға саламын дегендер көп болды. Тиісінше көрермендер де аз болған жоқ. Ашық аспан астында өткен палуандар бәсекесінде І орынды Темірлан Қуанған жеңіп алса, жүлделі ІІ және ІІІ орындарды Мақсат Көшербаев, Әділжан Бектемов, Мұрат Ізбасаров бөлісті. Жеңімпаз бен жүлдегерлерге Алғыс хаттар мен медальдар, бағалы сыйлықтар табысталды.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.
Шалқар
Ауданымызда достық пен бірліктің жарқын мерекесін жергілікті тұрғындар көтеріңкі көңіл күйде тойлады. Мереке өзгеше сән-салтанатымен ұйымдастырылды.
Жылдағы дәстүр бойынша биыл да Шалқар қаласында бейбіт шеру өтті. Қаланың Әйтеке би көшесінің бойына жиналған еңбек ұжымдары мен оқу орындарының өкілдері, жастар таңғы сағат 9.00-де шеруге бой түзеді.
Бейбіт шерудің жоспары, мекемелердің колоннада жүру реті, оның жетекшілері атқаратын шарттар күні бұрын ұжымдарға ескертілгеннен болар, барлығы да өте үйлесіммен, өз мәнінде атқарылды.
Ал Есет Көтібарұлы көшесінде сәнді шеруді тамашалауға жиналған халық бұл көріністі асыға күтті.
Бұл күні аудандық тарихи-өлкетану музейі орналасқан ғимараттың алаңында Шалқар ауданының әкімі Бауыржан Қаниев еңбек ұжымдарының сән салтанатты шеруін қабылдады. Ел еңсесін көтерер еселі еңбекке шақырған транспаранттар, мемлекеттік Тулар мен жалаушалар, өзге де көрнекі құралдар шеру ажарын аша түсті.
Шеруді еңбек ардагерлері, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы және «Жас Отан» жастар қанатының өкілдері, өңірдің құрметті азаматтары бастады. Шеруге қатысқан әрбір еңбек ұжымының жетістіктері, көрсеткіштері, еңбек озаттарының аттары барша қауымға таныстырылды.
Мереке күні шерушілер әр ұлттың биін билеп, татулық пен бірлікті дәріптеді. Көрермендер қошеметі ерекше болды.
Қыдыралы ӘЛИН,
Шалқар ауданы.
Ырғыз
«Арай» мәдениет үйінің алдында аудан жастарының және мекеме, кәсіпорын қызметкерлерінің қатысуымен бірлік мерекесі тойланды.
Өнерлі жастар түрлі ұлт өкілдерінің биін билеп, әнін салды. Бір шаңырақтың астында бірнеше ұлт өкілдерінің тату-тәтті тұрып жатқандығы бейнекөрініс арқылы көрсетілді. Сонымен қатар аудандық жастар ресурстық орталығы мен аудандық өлкетану музейінің ұйымдастыруымен көрме ұйымдастырылды. Әр ұлт өкілдерінің тұрмыс салты, тұтынған заттары оқушыларға, жастарға таныстырылды.
Спорттық жарыстар ұйымдастырылып, азық-түлік түрлерінен жәрмеңке өтті.
«Ырғыз–ақпарат».















