Жастар

Аудан жастарды шақырады

Жүздесу

Жұма күні Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Жастар сарайында «Байтақ Байғаниннен құтты мекен Ақтөбеге» атты Байғанин жастарының күні өтті. Шараға аудандық әкімдік пен аудандық жастар ресурстық орталығы ұйытқы болды. Мақсат — облыс орталығындағы оқу орындарында білім алып жатқан байғаниндік жастардың туған жерге оралуы үшін жұмысқа шақыру.  

Шараға жиналғандар алдымен аудандық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған көрмені тамашалады. Көрмеде ауданда өндірілетін ауылшаруашылық өнімдері, шеберлердің қолөнер бұйымдары қойылды.

Жастар сарайында Байғанин ауданының әкімі Асқар Шериязданов студенттермен кездесті.

Жиында алдымен сөз алған аудан басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жан-жақты баяндады. Экономикасы ауыл шаруашылығына негізделген бұл ауданда «Алтын асық», «Сыбаға», «Құлан» бағдарламалары орындалып жатыр. Сондай-ақ, бұл өңірде мұнай өндіріледі. Былтыр 120 миллиард теңгеге өнім өндірілсе, биыл 127 миллиард теңгеге өнім өндіру жоспарланып отыр. Ауданда мыңнан астам кәсіпкер бар. Олар 3500 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Ал аудан халқының (23 мың адам)  27,7 пайызы — жастар.

Былтыр облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы облыстағы колледжге де, университетке де оқуға түсе алмаған, жұмыссыз жастардың санын анықтады. Қорытындысында,  504 жастың еш жерде оқымағаны белгілі болды. Соның 31-і — Байғанин ауданының жастары. Қазір бұл жастарды мемлекеттік бағдарлама аясында оқытуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, жеңілдетілген несие беріп, өз кәсібін ашуға көмектесеміз, — деді аудан әкімі.

Жиында аудан басшысы 24 мектептің үшеуі бастауыш мектеп екенін айтып, бастауыш мектептердің материалдық жағдайына, ондағы білім сапасына алаңдаушылық білдірді.

Бастауыш мектептерде небары 3-5 бала оқып жатыр.  Дегенмен бұл мектептер жабылмайды. Өйткені ауылдың тірегі — мектеп. Мектеп жабылса, ауылдың болашағы болмайды. Сол себепті, бастауыш мектептерді сақтап қалу үшін барынша тырысамыз, — деді Асқар Шериязданов.

Өткен жылы «Дипломмен — ауылға» жобасы арқылы ауданға 21 жас келген. Оларға көтерме жәрдемақы берілді. Сондай-ақ, 17 маман тұрғын үймен қамтылған.

Сөзінің соңында Асқар Шериязданов байғаниндік жастарды ауданға жұмысқа шақырды. Ауданға жалпы 30-дан астам маман керек. Әсіресе, математика, физика, химия, биология, орыс тілі, ағылшын тілі пәндерінің мұғалімдері тапшы. Сондай-ақ, балалар дәрігері, көз дәрігері, жалпы тәжірибелік дәрігер қажет.

Шара барысында Б.Тәжібаев атындағы саз мектебінің мұғалімі Елдос Қожабаев сөз алды. Ол 2008 жылы А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыка колледжіне оқуға түсіпті. Колледжді тәмамдаған соң еңбек жолын туған жерінде бастаған ол қолдауға ие болып, баспана және көтерме жәрдемақымен қамтылған.

Жиында аудан басшысына М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің 2-курс студенті сауал қойды. Университет студенті өзінің ақылы топта оқып жатқанын, оқу ақысын төлеу қиын тиетінін айтып, жергілікті билік тарапынан қандай көмек көрсетілетінін сұрады.

Мемлекеттік жастар саясаты мәселесіне сәйкес, үлгілі студенттерге облыс әкімінің гранттары беріледі. Соған байланысты облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы жанынан арнайы комиссия құрылады. Сол комиссияға өз ұсыныс, өтініштеріңізді жазуға болады. Комиссия мүшелері бірнеше талаптар бойынша студенттерді іріктейді. Сөйтіп, студенттің бір жылдық оқу ақысын төлеуге жағдай жасалады. Еліміздің заңнамаларында аудан әкімінің мұндай мәселелерді шешуі   қарастырылмаған. Дегенмен, кәсіпкерлерді жұмылдыруымызға болады, — деді Асқар Шериязданов.

Жиынның соңы әсем әнге, күмбірлеген күйге ұласты.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button