ЖастарӘлеумет

Жастар Үндеу қабылдап, флэшмоб ұйымдастырды

Форум

Сәрсенбі күні Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында «Жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» атты облыстық форум өтті.

Шараға ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің қызметкерлері, жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері қатысты.

Форумды университет ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор  Бауыржан Ердембеков ашып, бүгінде облыста сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша мақсатты жұмыстар, оның ішінде жоғары оқу орындарында осы бағытта әртүрлі іс-шаралар атқарылып жатқандығын жеткізді.

Биыл біздің университеттің оқу процесіне «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздері» атты жаңа пән енгізілді, тәртіптік және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесі құрылды. Сондай-ақ әр тоқсан сайын студенттер арасында «Таза секция» акциясы тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Сенім телефондары жұмыс жасайды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес — тек оқу орындары мен агенттіктің ғана жұмысы емес, барлығымызға ортақ міндет, ортақ жұмыс, — деді Б.Ердембеков.

Ол өткен жылы наурызда университет базасында  ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті университет басшылығының қолдауымен «Мансап» студенттік мемлекеттік қызметшілер мектебі ашылғанын, болашақта аталған мектептегі студенттердің

санын көбейту керектігін жеткізді.

Шарада ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Қайыржан Тоқышев баяндама оқып, жастарға Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты үш негізгі жүйелі-кешенді бағыттан құрылатынын жеткізді.

  • Оның біріншісі — алдын алу шаралары, яғни сыбайлас жемқорлық көріністерін жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және жою, екіншісі — халықты сауаттандыру, үшінші бағыты — жазалау шаралары, яғни жазаның бұлтартпастық принципін қамтамасыз ету, — деді Қ.Тоқышев.

Департамент басшысы өткен жылдан бері елімізде үкіметтік емес сектормен 40 мың ұйым және 60 мың азаматты біріктірген «Азаматтық бақылау» және Ашық келісім жобасы, сондай-ақ департаменттің ұйымдастыруымен облыстағы жоғары оқу орындарының арасында «Адал бол» акциясы жүзеге асырылып жатқандығын айтты.

Бұдан кейін «Мансап» студенттік мемлекеттік қызмет мектебінің студенттері мектептің жұмысы мен алдағы жоспарлары туралы айтып, жиналғандарға бейнеролик көрсетті.

Сондай-ақ университет студенттері патриоттық әндер сазымен «Біз жемқорлыққа қарсымыз!» атты флэшмоб биледі.

Форум соңында экономика және құқық институтының белсенді студенттері сыбайлас жемқорлыққа қарсы студенттік форум қатысушыларының Үндеуін оқыды.

— Біз Қазақстанның жастарын құқықтық тұрғыда сауатты болуға, сыбайлас жемқорлыққа әрдайым төзбеушілік танытуға, жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың қажетті шараларын қабылдауға, осы саладағы саясатты қолдап, оны жүзеге асыру үшін үлес қосуға шақырамыз. Жемқорлық ол — қылмыс. Ал қылмысқа жол жоқ! Біз, жастар, жемқорлыққа қарсымыз! — деді студенттер өз Үндеулерінде.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button