ДенсаулықЖаңалықтар

Саяжай тұрғындары тіркеуге алынып жатыр

Брифинг

«Ақтөбе ақпарат» орталығында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев баспасөз мәслихатын өткізді.

Басқарма басшысы  2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының облыста жүзеге асырылуын, осы бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.

— «Денсаулық» бағдарламасы — «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының жалғасы. 2016 жылдан бастап бағдарламаны жүзеге асыруға бағытталған бірқатар жұмыстар жүрді. Оның орындалу көрсеткіші республикалық көрсеткіштермен салыстырғанда 3,5 пайызға жоғары. Мәселен, демографиялық көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. Өткен жылы 19 мың 707 бала өмірге келсе, биыл бірінші тоқсанда 2973 бала дүние есігін ашқан.

Сондай-ақ туберкулез және өзге де әлеуметтік аурулар көрсеткіші төмендеп отыр. Скринингтің нәтижесінде онкологиялық ауруларды ерте сатыда анықтауға қол жетті, — деді Әсет Қалиев.

Тұрғындарға жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету бойынша да облыста көрсеткіш жоғары. Өткен жылдан бастап 2235 интервенциялық және 1650 коронароангиографиялық  операция жасалған.  Дәрігерлер жүрекке тікелей операция жасауды меңгерген. Былтыр осы бағытта 290 операция жасалса, оның 83-і — балалар. Сонымен бірге тізе, буын, жамбас буынын ауыстыру оталары сәтті өтіпті. Омыртқа сынығына имплант қою, бауыр және бүйрек ауыстыру оталары да сәтті жүргізілген.

Жиында басқарма басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу туралы айтты. Сонымен қатар өңірде салынып жатқан құрылыс нысандарының бүгінгі жай-күйін баяндады. Өткен жылы 60 кереуеттік офтальмологиялық аурухана, 150 мың шақырымға қызмет көрсетуге арналған қалалық жедел жәрдем стансасы және ауысымына 300 адам қабылдай алатын қалалық балалар стоматологиялық аурухананың құрылысы басталған болатын.

Жиын соңында басқарма басшысына журналистер сұрақ қойды. Тасқыннан зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету және №26 мектептегі туабітті таңдайы жоқ баласы бар келіншекке  қатысты сұрақтарға жауап берді.

— Тасқын кезінде  дәрігерлер белсенді жұмыс жасады. Медициналық көмекті қажет еткен тұрғындарға жан-жақты көмек көрсетілді. Күні-түні кезекшілік ұйымдастырылды. Осы жерде тағы бір проблема туындап отыр. Саяжайдағы тұрғындардың басым бөлігі ауылдан көшіп келгендер. Көпшілігі емханаға тіркеуге тұрмаған. Қазір мамандар оларды тіркеуге алып жатыр.  Ал туа бітті таңдайы жоқ баланың анасы емханаға тіркеуге тұрмаған. Егер ол тіркелсе, қосымша тамақ тегін беріледі. Бұл мәселемен жақсы таныспыз. Қазір мамандар айналысып жатыр. Көмек көрсетіледі, — деді басқарма басшысы.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button