Жастар

Биыл 5 мың жас «Жасыл ел» қатарына алынады

Жазғы еңбек маусымы

Елбасының қолдауымен құрылған «Жасыл ел» бағдарламасы биыл 13-ші жыл ұйымдастырылып отыр. Өңірдегі «Атамекен» студенттік құрылыс және «Жасыл ел» еңбек жасақтары 2 мамырдан бастап іске кіріседі. Биылғы жазғы еңбек маусымының ашылу салтанаты Ойыл ауданында өтті. Шараға облыстың барлық аудандарынан белсенді жастар қатысты.

Облыстық «Жасыл ел» еңбек жасағының төрағасы Нұрлыбек Мусиннің айтуынша,

биыл облыс бойынша бес мың жас қала мен елді мекендерді абаттандыруға жұмылдырылады. Жастар жұмыс істегені үшін лайықты еңбекақы алатын болады. Биылғы маусымда 17 жастан бастап мектеп оқушылары, студенттер, колледж оқушылары және жұмыссыздар санатында жүрген 29 жасқа дейінгі қала және ауыл жастары еңбек ететін болады. Сондай-ақ олар «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынып жатқан түрлі құрылыс жұмыстарына қатысады.

— Еңбек маусымы негізгі үш бағыт бойынша жүргізіледі. Олар — көгалдандыру, абаттандыру және құрылыс жасақтарында жұмыс атқару. Жұмыс істеймін деген жасқа ешқандай кедергі жоқ. Бүгінде тіркелу жұмыстары жүріп жатыр. Яғни жазда еңбек еткісі келетін азаматтар «Жасыл ел» жасағының штабына хабарласуына болады. Жастардың бос уақытын тиімді пайдаланып, еңбекке баулу мақсатында қолға алынған жұмыс жыл санап өз жемісін беріп келеді. Оның бірденбір дәлелі жасақ сапында болғысы келетіндердің саны әр кез артып отыр. Мәселен, өткен жылы 4 мың 300-ге жуық жас қатысса, биыл 5 мың адамды еңбекпен қамтуды жоспарлап отырмыз, — деді Нұрлыбек Мусин.

2 мамырдан бастап, Ақтөбе орман шаруашылығы аумағында 100 жас өз жұмыстарын бастайды.

Жалпы, «Жасыл ел» бағдарламасы 2013 жылға дейін облыстың 6 ауданында жүргізіліп келсе, биылдан бастап барлық аудандарында қолға алынбақ.

Сондай-ақ жұмыспен қамту бағдарламасымен биыл облыс бойынша — 4000, қала бойынша 653 жас жұмысқа орналасқан.

Еңбек маусымының жабылуы қараша айында өтеді және облыс әкімінің арнайы сертификаттарымен марапатталады.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button