ЖастарӘлеумет

Жастар Экспоға барады

Аудандық Мәдениет үйінде «Жылы жүрек — жомарт қол» тақырыбында  қайырымдылық концерті өтті.

Аудандағы жастар ресурстық орталығы мен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өткен ән кеші өнерпаз Саламат Ермағамбетовтің орындауындағы «Ел үшін туған ер болсам» толғауымен ашылды.

Мерекелік кешті ұйымдастырудағы мақсат — жас ұрпақтың бойына адамгершілік, ізгілік, қамқорлық, қайырымдылық сияқты асыл қасиеттерді дарыту, — дейді аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Жанна Әбденова. Ол өз сөзінде көмекке мұқтаж жастарға қаржылай және материалдық көмек көрсетуді қолға алғандарын айтты. «Қайырымдылық концерттен түскен 300 мың теңгені жетім балаларды жаз айларында Астана қаласында өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін тамашалауға апару жолына жұмсамақпыз», — дейді Ж.Әбденова.

Кеш барысында Шалқар ауданы әкімінің міндетін атқарушы Елемес Шотанов:

Қазақ — ешқашан жетімін жылатпаған халық. Ертеңге талпыныс, болашаққа бағдар, игі іске ұмтылыс — адамзатқа тән құбылыс. Ендеше, көп болып, асыл арманына қол созған мұқтаж жандарға қолымыздан келген көмегімізді аямайық. Бала сенімінің мықты болуына қадам жасайық, бір-бірімізге жақсылық жасауға асығайық, — деді.

Е.Шотанов  өз сөзінде жүрекке жылулық сәулесін шашып, жастарға қол ұшын беруге ыстық ықылас білдірген азаматтарға алғыс айтты.

Қайырымдылық концертіне жиналған көрермендер жақсылық және ізгілікке толы ниетпен сахна жанындағы «Қайырымдылық жәшігіне»  мүмкіндігінше қаржы салып жатты.

Кеште өнерпаз Нұрболат Жақсылықов «Өмір-ай, өмір» әнін әуелетті. Жас ақын Нұрсұлтан Әбжанов Фариза Оңғарсынованың «Жетімдер монологын» жүректерді тебіренте  орындады. Концертте өнерпаздар неміс, орыс халықтарының ұлттық биін билеп, күйден шашу шашылды.

Мейірімге толы кештің мәнді де мазмұнды өтуіне Шалқардағы №2 және №8  мектептердің, Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы саз мектебі көркемөнерпаздары өз үлестерін қосты.

Қ.ӘЛИН,

Шалқар ауданы.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button