Құқық

Қылмыс азайды…

Жыл есебі

Ақтөбе қаласы әкімдігінде  қалалық ішкі істер басқармасының өткен жылғы жұмыстарының қорытындысы тыңдалды. Сондай-ақ жыл бойына  халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде тер төгіп, белсенділік көрсеткен қызметкерлер марапатталды.

Алдыңғы жылдармен салыстырғанда 2009 жылы қалада  қылмыс жасау көрсеткіштері азайған.  Мысалы, аса ауыр қылмыс — 5,4 пайызға, ауыр қылмыс — 6,1 пайызға кеміген. Қылмыстарды ашу да едәуір жақсарған. Өткен жылға қарағанда кісі өлтіру қылмысын ашу  — 4,8 пайызға, зәбірлегендерді ұстау — 8,5 пайызға, ұрылар пен тонаушыларды қолға түсіру — 10,7 және 5,5 пайызға артқан. Сонымен қатар, көше қылмысы мен  қоғамдық орындардағы тәртіпсіздік те азайыпты. Тек қала  тазалығын сақтау мақсатында жүргізілетін шараларға кедергі келтіретіндер көбейіп тұр. Бүгінгі күні қалада халыққа қажетті тауарларды сатуға арналып, 10 шағын базар ашылған. Бірақ тауарларын белгіленген жерден тыс  орындарда сатуды әдетке айналдырғандар көбейіп кеткен. Олардың басым бөлігі  — жұмыссыздар мен зейнеткерлер. Қалалық ішкі істер бөлімінің бастығы Есен Есмахановтың айтуынша,  заңсыз жерде сауда жасайтындар белгіленген сауда орындарында  салықтың көп салынатындығын сылтау қылатын көрінеді. Оның үстіне тауарларына түрлі анықтама қағаздар алуды қиынсынады екен.

Осы ретте қала әкімі Архимед Мұхамбетов оларға белгіленген шағын базарларда тегін сауда жасауға рұқсат беру керектігін мәлімдеді.

Жасөспірімдер арасындағы қылмыстар да азайған. Мектептер мен арнаулы орта оқу орындарындағы тәртіпті қадағалаумен 79 учаскелік инспектор айналысады. Бір алаңдатарлық мәселе, жастардың  ішімдік пен шылым шегуге құмарлықтарының артқандығы. Бұған мектептер мен оқу орындарының маңайында орналасқан сауда орындарының ішімдік сатуы да себебін тигізіп отыр.

Есен Есмахановтың  айтуынша, әсіресе, ауылдық жерлерден келіп, қалада білім алып жатқан студенттер арасында қылмыс көп кездеседі. Оғаш әрекеттерге олар  қадағалаудың жоқтығынан баратын көрінеді. Көптеген оқу орындарында жатақханалар жоқ. Қаладағы 24  арнаулы оқу орнының сегізінде ғана жатақхана жұмыс істейді.  Олардағы орын да шектеулі. Пәтер жалдап тұратын студенттерге педагогтар мен ата-аналар тарапынан қадағалау жоқтың қасы. Жастар қылмысының алдын алу мақсатында педагогтар мен ата-аналар құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс жасаулары керек. Осы мақсатта оқу орындарында  түрлі тақырыптарда  лекциялар оқылып, түсіндірме жұмыстары жасалған. Дегенмен, бұл мақсаттағы жұмыстар одан әрі де нығайтуды қажет етеді.

Тағы бір айта кететін жайт,  соңғы кезде қала тұрғындарының  арнаулы мекемелерге түсуі көбейген. Өткен жылы айықтырғышқа 11 мың 956 адам түскен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда  587 адамға көп. Осы ретте  қалалық ішкі істер бөлімінің бастығы  арнайы мекемелерге жаңа көліктердің қажеттігін мәлімдеді. Маскүнемдер мен үй-жайы жоқ адамдарды жиып-теретін көліктер әлдеқашан ескірген.

Жол апаттарының саны азайғанмен, ондағы адам өлімі көбейіп кетіпті. Өткен жылмен салыстырғанда жол апатынан көз жұмғандардың саны —

65,6 пайызға  өскен. Жол полициясы қызметкерлерінің апаттың алдын алу жұмыстарының нәтижесінде 1613 заңбұзушылық тіркеліп, 5 миллион 845 мың 884 теңге көлемінде айыппұл салынған.

Баяндамасын аяқтай келе, Есен  Есмаханов  бірнеше ұсыныстар айтты. Ол қаланың көп  қауіп тудыратын  «Құрмыш», «Мәскеу», 12 -шағын аудан, «Тұрғындар қалашығы» секілді  аудандарда  полиция бекеттерін ашу қажеттігін мәлімдеді. Және «қауіпсіздік аулаларын» ашуға, кей көшелерге бейне қадағау орнатуға бюджеттен қаржы бөлінуін сұрады.  Сондай-ақ, аулаларда қылмыстың азаюы үшін  консьерждердің санын арттырып,  адам көп жиналатын жерлерге «полицияны жедел шақыру түймелерін» қондыру керектігін айтты.

Қала әкімі Архимед Мұхамбетов құқық қорғау орындарымен бірлесіп жұмыс істеудің арқасында ғана қылмыстың алдын алуға болатындығын мәлімдеді. Және жоғарыда айтылған  ұсыныстарды ескеріп, жүзеге асыруға тапсырмалар берді.

Жиын соңында  қала әкімі құқық қорғау саласында жақсы жұмыс атқарған полиция қызметкерлеріне  сыйлықтар  табыстады.

Сәнім ЫСҚАҚҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button