Басты жаңалықтарДенсаулық

Барлық сұрақтарға жауап берілді

Сәрсенбі күні  облыстық «Ақтөбе» газеті  «Тікелей байланыс» желісін ұйымдастырды. «Тікелей байланыстың» қонағы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев тұрғындардың сауалдарына жауап берді. Бір сағаттың ішінде Ақтөбе қаласы мен аудандардан біраз оқырман хабарласты. Газеттің сайты, фейсбук және  инстаграм  парақшасы арқылы да  тұрғындар хат жолдады. Тұрғындар сауалына орай емдеу мекемелерінің  бас дәрігерлеріне тапсырмалар берілді. Сұрақтардың барлығына жауап қайтарылды. Біз сұрақтардың барлығын  жариялап отырмыз.

Ерболсын Көбеков, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

 Кеңес Нокин ауылының халық  «Астана» атап кеткен бөлігінде тұрғындар саны жыл санап өсіп келеді. Сол себепті қазіргі амбулаторлық бекет тарлық етіп отыр. Осы аумаққа заман талабына сай жаңа амбулаторлық ғимарат қашан салынады?

Әсет Қалиев:

—  Бұл мәселе бізге  жақсы таныс. Қазір арнайы жұмыстар жасалып, жоба әзірленіп жатыр. Қала әкімшілігі жер телімін бөлді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында биыл сол аумақта жаңа ғимарат салынады. Жоспар бойынша құрылыс маусым айында басталып, қазан айында аяқталуы тиіс.

 

Айна  Сарыбай, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— Мен ревматоидтық артрит дерті бойынша қаладағы №2 емханада диспансерлік есепте тұрмын. Дәрігерлердің айтуынша, ай сайын тегін дәрі-дәрмек тиесілі. Дегенмен тегін дәрі-дәрмекті ай сайын ала бермеймін. Емханаға күнде баруға уақыт болмайды. Ал уақыт тауып барғанымда,  көбіне «дәрілер әлі келмеді» немесе «бітіп қалды» деген жауаптар естимін. Мысалы, өткен қаңтар, ақпан айларында дәрігерлер осылай деді. Негізі, дәрі-дәрмек диспансерлік есепте тұрған әр науқасқа ай сайынғы тиісті мөлшерде есептеліп бөліне ме? Ондай жағдайда, өзім ала алмаған өткен айлардың дәрілерін де сұрауға хақым бар ма? Немесе дәрі-дәрмек диспансерлік есептегі науқастардың бәріне бірдей жетпейтіндей аз мөлшерде бөлініп, тек бұрын келіп үлгергендерге ғана тиесілі бола ма? Осы жағын анықтағым келеді.

Әсет Қалиев:

— Ревматоидтық аурумен есепте тұрған науқастарға тегін берілетін дәрінің тізімі бар. Бұл денсаулық сақтау министрлігінің 786-шы бұйрығымен бекітілген. Сол бұйрыққа кіретін дәрі-дәрмек болса, емхана ақысыз беруге міндетті. Рас, қаңтар айында мердігер мекемелердің дәріні уақытында жеткізбеуіне байланысты проблемалар туындады. Бірақ қазіргі күні бұл мәселе толығымен шешімін тапты. Қазір дәрінің толық қоры бар. Дәрі-дәрмек науқас келген күннен бастап үш айға есептеліп беріледі. Егер берілмеген жағдайда емхананың бас дәрігеріне барып мәселені айту керек. Ол мәселені шешпесе, облыстық денсаулық сақтау басқармасына хабарласқан жөн. Ал қазіргі сіздің жағдайыңызда мәселені шешуге болады. Мен емхананың бас дәрігеріне тапсырма беремін.

 

Айбек Алуадинов, Темір ауданы, Шұбарши ауылының тұрғыны:

—  Шұбарши ауылына «амбулатория салынады» деп үш жылдан бері айтылып келеді. Құрылыс қашан басталады?

Әсет Қалиев:

—  Шұбарши ауылына биыл амбулатория салынбайды. Амбулатория Темір қаласына салынады. Шұбаршиға жаңа ғимарат салу келер жылға жоспарланып отыр.

 

Салтанат Сарина, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

—  Менің бір көзімнің ауырғанына екі жылдан асты. Орынбор қаласына  барып тексеріліп келдім. Ол жақтың дәрігерлері «жас қалтасында ірің бар» деген диагноз қойды. Осындай көз ауруына Ақтөбеде ота жасала ма? Егер жасалса қай жерде?

Әсет Қалиев:

—  Бұндай сырқат түріне  Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің медицина орталығында ота жасалады. Орталық Қобда трассасының бойында орналасқан. Емханадан жолдама алып, отаны тегін жасатуға болады.

 

Ағысбай Исин, Байғанин ауданының тұрғыны:

Мен — зейнеткермін. Байғанин ауданының орталығында тұрамын. Қан қысымы, қалқанша безі, асқазан ауруымен ауырамын. Ай сайын облыс орталығындағы жеке клиникадағы эндокринолог дәрігерге қаралып, гармон тапсырамын. Зейнет жасындағы адамға қайта-айта қалаға бару қиын. Жағдайым көтере бермейді. Эндокринолог, кардиолог дәрігерді ауданға жіберіп тұруға болмай ма? Қазір ауданда бұндай мамандар жоқ.

Әсет Қалиев:

— Аудандарда кейбір мамандардың тапшы екені рас. Бірақ науқастар қараусыз қалмайды. Ақтөбенің Әуеқалашығы ауданындағы клиникалық-диагностикалық орталықта барлық маман бар. Ауданнан келген науқастардың барлығы жолдама арқылы  сол жерге қаралады. Сізге жолдама беретін аудандық емханадағы дәрігер облыспен хабарласып, күнін белгілеп жіберуі керек. Жолдама берсе, барлық медициналық тексерулер, гармон сараптамалары  тегін жүргізіледі. Бұл тұрғыда ешқандай мәселе жоқ. Жалпы аудандарға жыл сайын жылжымалы кешенді жібереміз. Күн жылынып, жол кепкен кезде көліктер аудандарды аралауға шығады. Күзге дейін облыстың барлық ауыл-аймағын қамтиды.

 

Асыл Назар, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— Ақтөбеде қалқанша безінде өскен өсіндіге операция жасала ма? Егер жасалса, бұл операцияға квота бөліне ме?

Әсет Қалиев:

— Асыл, алдымен қалқанша безін жан-жақты тексеріп, өсіндінің көлемін анықтау қажет. Егер өсіндінің көлемі екі сантиметрден кіші болса, оған ота жасалмайды. Бұндай кезде дәрігер бақылап отырады. Ал өсіндінің көлемі үлкен болса, оған біздің қаламызда ота жасалады.  Бұл үшін ешқандай жоғары мамандандырылған көмек, яғни квота керек емес. Емханаға барып порталға тіркелу қажет. Жоспарлы түрде ауруханаға түсіп, ақысыз түрде ота жасатуға болады.

 

Бекбол, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— Жасым — 25-те.  Бірақ салмағым өте аз. Тамақты қанша  ішсем де толықтай алмай-ақ қойдым. Таныстарым «дәрігерге қарал, мүмкін ішіңде бір нәрсе бар шығар» дейді. Бұған медицина не дейді? Сізден толыққанды жауап күтемін.

Әсет Қалиев:

— Бекбол, сіз учаскелік дәрігерге көрінуіңіз керек. Жан-жақты медициналық тексерулер болмаған соң сізге мен нақты ештеңе айта алмаймын. Салмақтың аз болуы әртүрлі жағдайларға байланысты. Адамның бойы мен салмағы белгілі бір көрсеткіш бойынша сәйкес келуі керек. Егер сәйкес келмеген жағдайда дәрігерден кеңес алған жөн. Мүмкін қанда қанттың көлемі көп шығар немесе ішекте ішек құрттар болуы мүмкін.  Бауыр мен ұйқы безі ауырса да адам салмақ қоса алмайды. Бірақ  салмақ қосамын деп семіріп кетуге болмайды. Семіздік —  патология.

 

Нұргүл, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

—  Осыдан бір жыл бұрын дәрігерлер «барабанная перепонка жарылып кеткен» деген диагноз қойды.  Соны қалпына келтіру үшін ота жасатау керек екен. Ал бұндай ота түрі біздің қалада жасала ма?

Әсет Қалиев:

— Құлақтың бұндай дертіне тимпанопластика отасы жасалады. Қаладағы облыстық аурухананың лор бөлімшесінде бұндай отаны ақысыз жасатуға болады. Ол үшін емханаға барып, порталға тіркелу керек.

 

Айнұр, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— Жүкті әйелдер үш ай сайын ультра дыбыстық зерттеу аппаратына түседі. Ал емханада бұл аппаратқа түсу мүмкін емес. Себебі емханаға қаралатын мыңдаған адамға бір аппарат қызмет көрсетеді. Оған түсу үшін айлап кезекке тұру қажет. Сондықтан дәрігерлер жеке клиникаларға баруға кеңес береді. Мен «Аман-Саулық» клиникасына қаралдым.  Ал бұл клиникада УДЗ аппаратына түсу құны — 6 мың теңге.  Баға жыл сайын өседі. Мекеме қандай құжатқа сүйеніп ақшасын өсіреді? Жеке клиникалардың бағасын кім реттейді? Олар ойына келген бағаны қоюға құқылы ма? УДЗ-ның қағазында «Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша»  деген жазу тұрады. Клиника мемлекеттік тапсырыс ала ма? Тапсырыс алған жағдайда тегін болу керек қой!?

Әсет Қалиев:

— Жүкті әйелдердің УДЗ аппаратына түсуі медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне кіреді, яғни тегін жасалады. Егер емханада УДЗ аппаратына түсу мүмкін болмаса, дәрігер емхана мен келісімшарт жасасқан клиникаға жолдама арқылы жібереді. Ол клиника жеке болуы мүмкін. Егер жолдама арқылы жіберсе, ол қандай клиника болса да аппаратқа ақысыз түседі. Ал сіз қаралатын емхана мен «Аман-Саулық» мекемесінің арасында келсімшарт болса, сіз тегін түсе аласыз. Бұны білу үшін дәрігерден немесе емхананың бас дәрігерінен сұрау керек. Қазір барлық емханалар келісімшарт бойынша жұмыс жасайды. Ал жеке емханалардағы бағаны реттеуге жергілікті биліктің құқы жоқ. «Жеке кәсіпкерлік» Заңы бойынша мемлекет жеке клиниканың жұмысына араласа алмайды.

 

Берік Мұса, Шалқар қаласының тұрғыны:

—  Соңғы кезде медициналық сақтандыру туралы көп айтылып жүр. Мәселен, менің  жасым — 56-да, Шалқарда  бір мекемеде күзетші болып жұмыс істеймін. 30 мың теңге еңбекақы аламын. Емханада қан қысымы, жүрек ауруы бойынша тіркеуде тұрмын. Сақтандыру жарнасын төлесем,  дәрі-дәрмектерді тегін аламын ба?

 Әсет Қалиев:

— Тұрақты жұмысыңыз болса және еңбек шарты жасалса, ешқандай кедергі жоқ. Уақытында жарна төленсе, дәрі-дәрмекті тегін аласыз. Сіздің еңбекақыңыздың төмендігі ешқандай кедергі болмайды.

 

Аслан Мықтыбай, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— Осыдан біраз уақыт бұрын  ағам ауырып, жедел медициналық көмек ауруханасында төрт ай жатты. Сол уақытта байқағаным, аурухананың ішінде науқастарға жағдай жасалмаған. Кереуеттер, төсек-жабдықтар ескі. Ағама берген төсек-жабдықтар тіпті  жыртық-жыртық болды. Ағам жатуға жиіркеніп, төсекті үйден алдырды. Жалпы бұл ауруханаға науқастар көп түседі. Ғимаратты жөндеуге болмай ма? 

Әсет Қалиев:

— Сұрағыңыз өте орынды. Бұл мәселе біздің де назарымызда. Ауруханаға модернизация жасау жоспарда бар. Қазіргі күні ғимараттың үшінші қабатын толық жөндеу үшін жобалық-сметалық құжат мемлекеттік сараптамадан өтіп, дайын тұр.  Сонымен бірге 2-3-4-ші қабаттарын жөндеу үшін жобалық-сметалық құжатқа  қаражат бөлінді. Бірақ әзірге бұл жұмыстарды кейінге қалдырып отырмыз. Себебі израильдік инвесторлар жаңа ғимарат салуға ықылас білдірді. Егер осы мәселе шешілсе, жаңа он қабатты ғимарат салынады. Қазіргі аурухананың барлық бөлімшесі сол жерге көшеді. Сондықтан біз инвесторлардың шешімін күтіп отырмыз, қазір талқылау жүріп жатыр. Ал жаңа ғимарат салынбайтын болса, жөндеу жұмыстары биылдан басталады.

Төсек жабдықтарды жаңартуға толық мүмкіндігіміз бар. Оған көп қаржының керегі жоқ. Жақында 20 кереует алынды. Алдағы уақытта барлық төсек-жабдық жаңарады.

 

Таласбай, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

—  Жақында қаламызға Денсаулық сақтау министрі келді. Газеттен министрдің дәрі-дәрмек бағасын реттеуге қатысты айтқанын оқыдым. Дәрінің бағасы удай қымбат. Ал облыста дәрі-дәрмек бағасын тұрақтандыру қалай жүріп жатыр?

Әсет Қалиев:

— Дәрі бағасына қатысты проблеманың бары рас. Бірақ дәрі-дәрмек бағасын реттеу жергілікті атқарушы органдардың құзырына кірмейді. Себебі «Жеке кәсіпкерлік» туралы Заң бойынша бұған тыйым салынған. Сондықтан жеке дәріханалар бағаны өздері қояды. Елбасы Жолдауынан  кейін денсаулық сақтау министрлігі осы жұмыстармен айналысып жатыр. Жылдың соңына дейін  нормативтік-құқықтық акті қабылдануы керек. Осыдан соң ғана дәрі бағасына мемлекет араласа алады, бағаны бекітеді.

 

Жанымгүл Бимағанбетова, Мұғалжар ауданы, Ақкемер ауылының тұрғыны:

— Күйеуім мен ұлым — үшінші топтағы мүгедектер. Ұлымның ауырғанына 10 жыл болды. Осы уақыт ішінде Ақтөбедегі жүйке жүйесі ауруына шалдыққандар ауруханасында ем алды. Ал күйеуім Әуеқалашығы ауданындағы емдеу мекемесіне қаралады. Алайда медициналық тексерулерден көп жағдайда ақылы өтеміз. Кейде ауылдан барғанда жүйке  жүйесі ауруханасының қызметкерлері «дәрігер жоқ, ертең келеді немесе екі-үш күннен соң болады» деп күттіріп қояды. Ал алыстан келген бізге сол күні қаралып кеткен жақсы. Әрі-бері жүруге уақыт жоқ әрі қалтамыз да көтермейді. Әуеқалашығындағы мекемеде нефролог дәрігер жоқ. Амал жоқтықтан ақылы түрде «Дару» емханасындағы маманға барамыз. Өзімнің де денсаулығым жоқ. Бір бүйрегімді алып тастаған. Осы мәселелерді шешуге бола ма?

Әсет Қалиев:

— Аудандарда кейбір мамандардың жоғы рас. Бірақ Әуеқалашығындағы клиникалық-диагностикалық орталықта барлық маман бар. Ауданнан келген науқастар жолдама арқылы осы мекемеге жіберіледі. Яғни, тәртібі былай, ауылдағы дәрігер қаламен байланыс орнатып, науқас баратын дәрігердің қай күні қай уақытта қабылдайтынын біліп алуы керек. Сол бойынша жолдама беруі тиіс. Жолдама арқылы келсе, науқас барлық тексерулерді ақысыз түрде өте алады. Бұл жерде сіздің жолдама берген дәрігеріңіз салғырттық танытып отыр. Барлық мәселе емханаға байланысты. Ал нефролог маманның жетіспейтіні рас. Бірақ қазіргі мамандар облыс халқын қамтып отыр.  Бұл жерде емхана дәрігері кінәлі. Ол қаладағы диагностикалық орталықтағы нефролог дәрігердің қабылдау күнін біліп алуы керек. Осы мәселені сіз жолдама берген аудандағы дәрігерге айтыңыз. Егер мәселе шешілмесе, басқармаға хабарласыңыз. Әр аптаның жұма күні тұрғындарды қабылдаймын.

 

Сәндібай Бимағанбетов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— «Ардагер» емханасы — қазір Сазды аялдамасының қасындағы №6-емхананың филиалы. Ардагерлер «Ардагер» емханасына қаралғанымен дәріні №6 емханадан алады.  Ал жастары тоқсаннан асқан ардагерлердің екі емдеу мекемесінің арасында әрі-бері жүруі қиын. Осы емхана неге филиал болып тұр?  Тағы бір мәселе бар. Жыл сайын дәрі-дәрмек беріледі. Бірақ былтыр мен өзіме берілетін екі дәріні алғаным жоқ. 

Әсет Қалиев:

— Денсаулық сақтау министрлігінің желілерді бекітуге қатысты нормативтік талабы бар. Сол талап бойынша «Ардагер» емханасы №6-емхананың филиалы ретінде тіркелді. Бірақ емхананың жұмыс тәртібі сақталды. Сондықтан «Ардагер» емханасы енді өз алдына емхана бола алмайды. Қазір ол емдеу мекемесінде ардагерлер үшін ерекше жағдай жасалған. Тиісті дәрі-дәрмектің барлығы тегін беріледі. Қандай да бір дәрі тапшылығы болмаса, сізге дәрі берілуі тиіс. Бұл мәселені емхана басшылығына ескертемін. Тиісті дәрі-дәрмекті аласыз.

 

Құралбай Қармысов, Байғанин ауданының тұрғыны:

— Қарауылкелдіде тұрамын. Жасым — 58-де, Ауған соғысының жауынгерімін. Әскерде алған жарақаттан аяғымда минометтің жарықшағы қалды. Жас келген сайын, аяғым жүргізбейді. Әсіресе, көктем мен күз айларында ауырып, мазамды алады. 1999 жылы Алматыдағы әскери госпитальға қаралуға барғанымда қабылдамады. Сізден сұрайтыным, Ақтөбеде әскери госпиталь бар ма?

Әсет Қалиев:

— Ақтөбеде әскери госпиталь жоқ. Егер Алматыға барғыңыз келсе, Ақтөбедегі «Ардагер» емханасына келесіз. Сол жерде сізді арнайы комиссия қарап, қажетті құжаттарды дайындап, Алматыға жібереді. Жалпы сізді облыстық аурухана мен жедел медициналық көмек ауруханасында емдеуге болады. Бұл емдеу мекемелеріндегі білікті мамандар сізді емдеп шығарады.

 

Айнагүл Бекжанова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— Ақтөбеде медицинаның дамып келе жатқаны туралы бұқаралық ақпарат құралдарынан жиі айтылып жүр. Біз бұған қуанамыз. Бірақ көп жағдайда хирургиялық кесуге, ота жасау мәселелеріне ғана назар аударылады. Неге аурудың алдын алу үшін емхана жұмысына  көңіл бөлінбейді. Мәселен, мен қаралатын емханада бір ғана УДЗ аппараты жұмыс істейді. Қан талдау сараптамаларынан басқа, инфекция, гинекологиялық сарапталар емханада тегін жасалмайды. Жүкті әйелдердің сараптамалары  өте қымбат тұрады. Осы мәселені шешуге бола ма?

Әсет Қалиев:

— Өте орынды сұрақ. Дамыған елдерде  профилактикалық медицинаға ерекше назар аударылады. Біздің еліміз де осы салаға көңіл бөлуде. Осы мақсатта министрлік арнайы комитет құрып жатыр, яғни қоғамдық медицина дамиды. Алдағы уақытта дәрігер науқасты емдеп қана қоймайды, аурудың алдын алу жолдарын түсіндіреді. Ал сіз айтып отырған медициналық тексерулер медициналық көмектің кепілдендірілген түріне кірсе, тегін көрсетілуі тиіс. Оның ішінде жүкті әйелдерге қатысты тексерулер ақысыз жасалады. Егер қандай да бір қиындықтар болса, емхананың бас дәрігеріне барған жөн. Ол жерде мәселе шешілмесе, басқармаға хабарласыңыз. Ал УДЗ аппараттары халықтың санына байланысты қойылады. Қазір қаладағы емдеу мекемелерінде бұндай аппараттар жеткілікті.

 

Әбіт Ізбасаров, Ойыл ауданы Көптоғай ауылының тұрғыны:

— Біздің ауылда дәрігер жоқ. Жоғары қан қысымы ауруымен ауырамын. Қашан дәрігер жібересіздер?

Әсет Қалиев:

— Бұл мәселемен жақсы таныспын. Жақын күндері дәрігер жібереміз.

 

Орынғали Самарбаев, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— Құлымбетов көшесі, 93-ші үйде тұрамын. №2  емханаға қараймын. Өзім үшінші топтағы мүгедекпін. Көктем мен күз айларында ауруханаға жатамын. Биыл жағдайым нашарлап, емханаға бара алмай отырмын.  Дәрігерлер порталға тіркелу керектігін айтады. Мені үйден ауруханаға жіберуге болмай ма?

Әсет Қалиев:

—  Жоспарлы госпитализацияның өз тәртібі бар. Барлық медициналық тексерулер емханада жүргізіліп, ауруханаға науқас дайын күйінде баруы керек. Сондықтан сізді бірден ауруханаға апармайды. Бірақ сіздің жағдайыңызда сараптамаларды үйіңізден алып кетуге болады.  Бұл мәселені бас дәрігерге тапсырамын.

 «Тікелей байланысты» жүргізген Кәмшат ҚОПАЕВА. 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button