Басты жаңалықтар

Басты міндеттер айқындалды

Облыстық әкімдікте өткен жиында ҚР Премьер-Министрінің біздің өңірге жұмыс сапары кезінде облыс басшылығы алдына қойылған міндеттер және оларды жүзеге асыру мақсатындағы істер, алыс ауылдар тұрғындарын заманауи байланыспен қамтамасыз ету мәселесі, «Туған жерге тағзым» акциясыаясында жасалып жатқан жұмыстар талқыланды.

Жиын облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өтті.

Жуырдағы жұмыс сапары кезінде Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев экономиканың түрлі салалары бойынша Ақтөбе өңірінің жетістіктерін атап өткені белгілі. Сондай-ақ, алға үлкен міндеттер де қойылып отыр.

— Бізге берілген тапсырмалар уақтылы орындалуы керек, әсіресе, өндіріс саласына ерекше көңіл бөлінеді. Жүзеге асырылатын жобалар саны, тоқтап тұрған кәсіпорындар жұмысын қайта жандандыру мақсатындағы жоспарлар айқын. Ал ең бастысы — еңбек өнімділігін арттыру. Өндірісті технологиялық жаңғырту мәселесін әрдайым назарда ұстау, сонымен қатар, ортақ ақпараттық жүйе енгізу керек, — деді облыс әкімі.

Бердібек Сапарбаев халықты еңбекпен қамту, еңбекшілер құқын қорғау, жалақының уақтылы төленуі мәселелерінің де әрдайым басты назарда болуы керектігін, әсіресе, даулы жағдайлардың алдын алудың маңыздылығын атап өтті.

— «Ұлы қабырға» Қазақ-Қытай бұрғылау компаниясы» секілді кәсіпорындардағы жағдайды күн сайын бақылауда ұстап, мониторинг жүргізу қажет, — деді облыс әкімі.

Алдағы егіс салу науқанына әзірлік барысы да талқыланды. Облыс басшысы кей аудандарда тұқым сапасына көңіл бөлінбей отырғанын айтып, аудан әкімдеріне осы жөнінен тапсырмалар берді.

— Биыл ылғал жақсы түсіп отыр. Егін бітік шығады деп үміттенуге негіз бар. Демек, егіс көлемі көбеймесе, азаймау керек, — деді Бердібек Сапарбаев.

Аудан әкімдеріне берілген тағы бір тапсырма — биылғы жылы мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткішін барлық аудандарда 100 пайызға жеткізу.

Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев:

— Елбасы өзінің биылғы Жолдауында қала және ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту қажеттігін атап өтті. Осы жолда қандай қадамдар, не істеу керектігін айқындап, нақты жоспар құрып, бұл іске дереу кірісу керек, — деді.

Мұны қолға алу міндеті облыстық білім басқармасының басшысына жүктелді.Облыс әкімі басқа да басқармалар мен ведомстволар басшыларына тиісті тапсырмалар берді.

Жиында қаралған мәселелердің бірі — телефон, ұялы байланыс және пошта байланысы қызметтерінің сапасын арттыру. Бұл жөніндеоблыстық байланыс және ақпараттандыру инспекциясының басшысы Ғабидулла Бейсембин баяндама жасады. Оның айтуынша, облыстағы мектептердің 88 пайызы кең жолақты ғаламтор жүйесіне қосылған. Әйткенмен, сол мектептердің, әсіресе, ауылдағы мектептердің басым бөлігі үшін ғаламтордың аты бар да, заты жоқ: қосылу жылдамдығы төмен болғандықтан, ғаламторды пайдалану өте қиынға түседі. Ғаламтор байланысын жақсарту үшін елді мекендерді талшықтық-оптикалықжелімен қамту керек. Қазір облыстағы 367 елді мекеннің 319-ында талшықтық- оптикалық желі жоқ. Алайда алдағы уақытта бұл елді мекендерді талшықтық- оптикалық желімен қамтубағытында жұмыстар жүргізілетін болады.

Облыс тұрғындарын телефон байланысымен «Қазақтелеком» АҚ, «ҚазТрансКом» АҚ (жерсеріктік стансалар арқылы), т.б. қамтамасыз етіп отыр. Ал ұялы байланыс операторлары тұрғындар саны 1000 адамнан кем емес елді мекендерге ғана базалық стансалар орнатып келді. Биыл Құмсай (Мұғалжар ауданы), Жамбыл (Әйтекеби ауданы) және Еңбекші (Темір ауданы) ауылдарынабазалық стансалар қойылады деп жоспарланған. Ұялы байланыс операторлары өкілдерінің айтуы бойынша, жақын жылдары тұрғындар саны 800 шамасындағы елді мекендерге де базалық стансалар орнатыла бастайды.

Облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова пошта байланысының сапасын жақсартуға қатысты ұсыныстар айтты. Ойыл ауданының әкімі Бұлбұл Күзембаева да шалғай ауылдарға ұялы телефон байланысын апару және пошта байланысын жақсартуға қатысты ұсыныстарын жеткізді. Ал Ғабидулла Бейсембиннің пікірінше, көп қабатты үйлер тұрғызатын құрылыс компанияларын пәтерлерді пошта жәшіктерімен қамтамасыз етуге міндеттеу керек.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев байланыс сапасын жақсарту мәселесін жергілікті әкімдер әрдайым назарда ұстау керектігін баса айтты.

Жиында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ербол Нұрғалиев «Туған жерге тағзым» акциясының барысы жөнінде баяндады. Акция аясында өңірімізде 400-ден астам жоба жүзеге асырылмақ. Олардың жалпы құны 1 миллиард теңгеден асады. Бірақ бұлардың арасында ірі жобалар аз. Бұл, әсіресе, Хромтау, Мәртөк аудандарына қатысты. Сондай-ақ, кейбір аудандарда әкімдер акция тұжырымдамасын түсінбегендіктен, талаптарға сәйкес келмейтін жобаларды да жоспарға енгізіп қойған.

Жиынды қорытындылай отырып сөйлеген сөзінде облыс басшысы газ құю стансаларын сұйытылған газбен қамту, сондай-ақ дәрі-дәрмектер бағасын бақылауда ұстау мәселелеріне тоқталды. Облыс басшысы депутаттар мен қоғамдық ұйымдар жетекшілерін бағаны өсіруге жол бермеу мақсатындағы шараларға белсенді түрде атсалысуға шақырды.

 Индира Өтеміс.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button