Спорт

Жүзу шеберлері Ақтөбеге жиналды

Ақтөбе қаласындағы «Достық» су спорты орталығында жүзуден Қазақстан Республикасының ашық чемпионаты басталды. Төрт күнге созылатын сайысқа еліміздің 12 өңірінен және Ресей, Қырғызстан елінің үздік спортшылары қатысуда.

Салтанатты шараның ашылуында облыстық дене шынықтыру және спорт басқарамасының басшысы Нұрлыбек Жүсіпов:

— Бүгінгі күні қазақстандық спортшылар ұлт мақтанышына айналып, еліміздің абыройын әлемге паш етіп келеді. Оған 2016 жылы жазғы олимпиадада әлемді таң қалдырған отандасымыз Дмитрий Баландиннің алтыннан алқа тағуы бірден-бір дәлел. Ол су спортын жанына серік етіп, өмірлік ұстаным еткен көптеген жастардың жігерін шыңдады. Бұл спорт түрінен Ақтөбе өңірінің дарындары да көзге түсіп жүр. Болашағынан зор үміт күттіріп жүрген жерлестеріміз, ұлттық құрама командасының мүшесі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Айбек пен Әлібек Қамзеновтерді ерекше атап өткім келеді. Алдағы уақытта осындай жастарымыз әлемдік су айдындарында жасындай жарқырайды деген үміттеміз. Ол үшін барлық жағдай жасалған. Өңірімізде жыл сайын заманауи спорт ғимараттары бой көтеріп жатыр. Бұл спортшыларға деген мемлекеттік қамқорлық деп білеміз, — деп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жарыста 50-ге жуық жерлесіміз, барлығы 200-ден астам спортшы бақ сынасуда. Жүзу қашықтығы 1500 метрге дейінгі ұзындықты қамтиды.

Үздік шыққандар биыл шілде айының 21-30 аралығында Венгрияда өтетін жүзуден Әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алады.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                     

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button