Отпен ойнау қауіпті

Тәрбие
«Еркемай» мектепке дейінгі білім беру ұйымында «Балалардың отпен ойнауының салдарынан болатын өрттің алдын алу» тақырыбында іс-шаралар ұйымдастырылды.
Мақсаты — балалардың отпен ойнауының салдарынан болатын өрттің алдын алу, сондай-ақ өрт кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Аталған іс-шара аясында тәрбиешілер балалармен жас ерекшелігіне қарай әртүрлі тақырыпта жұмыс түрлерін өткізді. Атап айтсақ, кіші топтарға өрттің зияны туралы түсінік беріліп, «Отпен ойнау қауіпті», «Сіріңке ойыншық емес» атты ашық тәрбие сағаттары өткізілсе, орта топ балалары арасында «Өрт — тілсіз жау» тақырыбында балалардың өз қолымен салған суреттерден байқау ұйымдастырылды. Мектепалды даярлық тобында өрт кезінде қалай қорғану керектігін, эвакуациялауда қандай әрекеттер жасалатынын көрсететін «Отпен ойнама, балақай!» атты ойын-жаттығулар өткізілді.
Сонымен қатар мекеме қызметкерлері төтенше жағдай кезінде балалармен жұмыс жасау, қауіпсіздік ережелерін сақтау жөнінде нұсқаулықпен танысты.
Бала өмірінің қауіпсіздігі — біздің қолымызда. Ал баланың санасына сіңірген әрбір жақсы ісіміз ешқашан ұмытылмайды. Сондықтан баланың әрбір ісіндегі қателікті түзетіп, оған өз өмірін қорғауды бүгіннен бастап үйретуіміз керек.
С.НАУРЫЗБАЕВА,
балабақша тәрбиешісі.
Шалқар қаласы.




