Спорт

Сырт алаңдағы сенімді жеңіс

Премьер-Лига

«Ертіс»-«Ақтөбе» — 1:3

4-турда «Қайрат» қатарынан үшінші рет тең ойнауға мәжбүр болды. «Астана» 90+2 минутта «Шахтер» футболшысы өз қақпасына соғып алған автоголдың арқасында әзер жеңіске жетті. Бір ғана команда («Ақтөбе») қарсыластар қақпасына үш гол соқты. Сондай-ақ үш команда ұтылып жатқан ойынды жеңіске ұластырды: «Ақтөбе», «Ордабасы», «Астана».

Бұған дейінгі үш турда бірде-бір гол соға алмай қойған «Ақтөбенің» сырт алаңда, Павлодарда жеңіске жететіндігіне сенгендер онша көп болмаған шығар. Дегенмен болғаны рас. Мысалы, өз алаңымызда «Ордабасы» командасынан 0:1 есебімен ұтылып қалған өткен 3-турдан соңғы сұхбаттардың бірінде 1970-80 жылдары Қазақстан футболындағы танымал қорғаушылардың бірі болған Юсуп Шадиев шымкенттік клубты мақтай отырып, «…Ал «Ақтөбе» мүлде жаңа команда. Шынын айтсам, олардың ойыны маған ұнайды. Допты бақылауда ұстай алады, ойыншылары да жүгірімпаз. Оларды көш соңында қалатындар санатына тіпті де жатқыза алмаймын» деген болатын. Сол пікір тегін айтылған жоқ.

Павлодардағы кездесудің бірінші таймында, кәдуілгі заңдылыққа сүйенсек, тізгінді қолға алуды алдымен ойластыруға тиіс алаң иелерінің тірлігі аңдысудан аспады. Сірә, бұлар әр тур сайын шымырланып келе жатқан ақтөбеліктерден күні бұрын сескеніп жүрсе керек. Соған сай жерлестеріміз де еркін қимылдады, шабуылдарға да шықты, қорғанысты да берік нықтады. Тіпті алғашқы қауіпті соққыны жасаған да ақтөбеліктер болды. Сосын барып алаң иелері қайтадан ес жиды. Әйтеуір тайм бойы теңбіл допқа екі команда алма-кезек ие болды да жүрді. Есеп те ашылған жоқ.

Кездесудің екінші бөлігін павлодарлықтар ерекше екпінмен бастады да, неге екені белгісіз, ақтөбеліктер абыржып қалғандай болды. Осындай сәттердің бірінде, 55-минутта Исмаэль Фофана біздің қақпамызға гол соғып кетті — 1:0.

Бұдан соң қонақтардың ұнжырғасы түсіп кетуге тиіс сияқты болатын. Бірақ олай болмады. «Ақтөбе» атқа мінді. 63-минутта Иури Мамуте қарсыластар қорғаушысынан қағып түсіп, өзінің алдына сырғыта қойған допты айып алаңының сыртында жүрген шабуылшымыз Жуниньо тоқтатпастан шірене тепті де, нысананы дәл тапты — 1:1.

«Ақтөбе» тарапынан соғылған алғашқы доп жігіттерімізді тіпті қанаттандырып жіберді. Келесі шабуылдардың бірі өз аумағымыздан басталды. Чако Торрес пен Асланбек Кәкімов арқылы жеткен допты Кирилл Шестаков қарсыластар қақпашысының алдында жүрген Иури Мамутеге дәл тастаған, бірақ Давид Лория асқан әбжілдік танытып, Мамутенің соққысын кері қайтарып үлгерді. Дегенмен осы маңға дереу құлдырай жеткен Кирилл алдына түсе қалған допты қақпаның оң жағын дәл көздей тепті — 1:2.

Үшінші допты ойынға екінші таймда, 57-минутта шыққан Игорь Зенькович соқты. Шабуылшымыз өзіне Мамуте тастаған тамаша пасты еш ысырап етпеді, допты бірден қақпаға бағыттады да қарсыластар қақпашысы тағы да қапы қалды — 1:3.

Осылайша жерлестеріміз айналдырған 15 минут шамасында кездесу тағдырын біржола шешіп те тастады. Павлодарлықтардың бұдан соңғы жанталасқан әрекеттеріне ақтөбеліктер мығым қорғаныспен жауап қайтарды да отырды. Бұл есеп, басқасы басқа ғой, әсіресе, ұлттық құрамамыздың мақтаулы қақпашысы Давид Лорияға қатты батқан болуы керек.

Кездесуден соңғы сұхбатында бұған дейін екі рет жеңіп, бір рет тең ойнаған «Ертістің» бас бапкері Димитар Димитров әңгімесін: «Қазір не дей аламын? Үйіңде жеңілгеннен өткен өкініш жоқ. Жауапкершілікті бас бапкер ретінде өз мойныма аламын. Нәтиже шығара алмадым. Бірақ ешкімді де айыпқа жыққым келмейді, сөйте тұра тап қазір не айтарымды да білмеймін», — деп бастады.

Ал айтуға болатын жайлар көп еді. Себебі «Ақтөбе» бұл турға дейін де тәуір ойнап келген, жігіттеріміз бұған дейін де жанкештілікпен қимылдаған, алаңдарда еркін ойқастаған, тіпті бір-бір гол арқылы жеңіп кеткен «Қайраттың» да, «Ордабасының» да әбден ащы тері шыққан. Тек бізге доп соғудың сәті түспей жүрген. Сол сәт келіп жетті. Бір емес, үш гол соғылуы чемпионат басталғалы бергі сол тынымсыз еңбектің, бас бапкер Игорь Рахаев ой мен бойға үздіксіз сіңіріп жүрген шебер тактиканың нақты нәтижесі.

«Ертіс»-«Ақтөбе» — 1:3

Гол авторлары: Исмаэль Фофана, 55-минут (1:0); Жуниньо, 63-минут (1:1); Кирилл Шестаков, 72-минут (1:2); Игорь Зенькович, 77-минут (1:3).

«Ертіс»: Давид Лория (капитан), Карлуш Фонсека, Стефан Живкович, Родриго, Евгений Ткачук (Серж Бандо Нганбе, 76-минут), Лаша Двали, Исмаэль Фофана (Джедже, 58-минут), Илья Калинин, Александр Кислицын, Казбек Гетериев, Аслан Дарабаев (Павел Шабалин, 79-минут).

«Ақтөбе»: Андрей Сидельников (капитан), Жуниньо, Чако Торрес (Витор Жуниор, 75-минут), Александр Воловик, Папа Гуйе, Соуза Альмейда, Александр Ермаченко (Игорь Зенькович, 53-минут), Рафкат Аслан, Бағдат Қайыров (Асланбек Кәкімов, 62-минут), Кирилл Шестаков, Антон Шурыгин.

Ескерту қағазын алғандар: К.Фонсека, 82-минут, Джедже, 90+4 минут («Ертіс») — А.Шурыгин, 65-минут («Ақтөбе»).
31 наурыз. Павлодар. Орталық стадион. 2500 адам. 

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Ордабасы»-«Оқжетпес» — 2:1

Гол авторлары: Максим Федин, 45+1 минут (0:1); Таңат  Нөсербаев, 57-минут (1:1); Преслав Йорданов, 68-минут (2:1).

31 наурыз. Шымкент. Қажымұқан атындағы стадион. 4500 адам.

«Қайрат»-«Қайсар» — 1:1

Гол авторлары: Жерар Гоу, 11-минут (1:0); Мақсат Байжанов, 35-минут (1:1).

31 наурыз. Алматы. Орталық стадион. 14 000 адам.

«Тобыл»-«Тараз» — 1:0

Гол авторы: Джордже Деспотович, 50-минут (1:0) .

88-минутта ойын ережесін өрескел бұзғаны үшін Томаш Шимкович («Тобыл») алаңнан қуылды.

1 сәуір. Затобольск кенті. «Затоболец» стадионы. 2500 адам.

«Астана»-«Шахтер» — 2:1

Гол авторлары: Михаил Габышев, 62-минут (0:1); Жуниор Кабананга, 88-минут (1:1); Сергей Скорых, автогол, 90+2 минут (2:1).

1 сәуір. Теміртау. «Металлург» стадионы. 1500 адам.

«Ақжайық»-«Атырау» — 2:2

Гол авторлары: Юра Обшивач, 57-минут (0:1); Мейрам Сапанов, 64-минут (1:1); Хуан Аренас, 70-минут (2:1); Новица Максимович, пенальти, 88-минут (2:2).

1 сәуір. Орал. «Ақжайық» стадионы. 3000 адам.

 

*   *   *

4-турдың нәтижелері:

Бұл турда барлығы 17 гол соғылды, бір ескерерлігі, оның тек үшеуі ғана қақпаларға бірінші таймда енгізілді. Алаң иелері 9 гол соқса, қонақтар 8 доп өткізді.

Алты ойынның екеуі тең есеппен аяқталды.

Бір кездесуде ғана қонақтар жеңді («Ақтөбе»).

Ірі есеп нәтижесі тіркелген жоқ.

Ең шапшаң голдың авторы — Жерар Гоу, 11-минут («Қайрат»).

Бір футболшы жасыл алаңнан қуылды.

Бір пенальти белгіленіп, орындалды.

Бір автогол соғылды.

Сонымен 1-2 орындарды 10 ұпайдан жинаған «Ордабасы» мен «Қайсар» бөлісіп тұр.

7 ұпайдан жинаған «Тобыл», «Астана», «Ертіс» 3-5 орындарға шықты.

6-орындағы «Қайраттың» 6 ұпайы бар.

7-9 орындарға 4 ұпайдан жинаған командалар орналасты: «Ақтөбе», «Оқжетпес», «Ақжайық».

10-орындағы «Тараздың» 2 ұпайы, 11-орындағы «Шахтердің» 1 ұпайы бар.

12-орында «Атырау» тұр (-7). Чемпионат басталарда атыраулық командадан ФИФА шешімімен 9 ұпай шегерілгенін еске саламыз.

Чемпионат басталғалы 24 кездесу өтті. 12 ойында алаң иелері жеңіске ие болса, 4 тайталаста қонақтар басым түсті, 8 кездесу тең есептермен аяқталды. Қақпаларға 51 гол соғылды (алаң иелері — 32, қонақтар — 19), сөйтіп, әр кездесуде қақпаларға орта есеппен 2,12 гол енді.

Әзірге ұтылмаған командалар үшеу болса («Қайсар», «Ордабасы», «Қайрат»), әлі жеңіске жетпеген командалар да үшеу («Тараз», «Шахтер», «Атырау»).

 

*   *   *

5-турда «Ақтөбе» өз алаңымызда ойнайды. 8 сәуір, сенбі күні Оралдың «Ақжайық» командасын қабылдайды.

Басқа ойындар:

«Шахтер» — «Қайрат»

«Қайсар» — «Тобыл»

«Тараз» — «Ордабасы»

«Оқжетпес» — «Ертіс»

«Атырау» — «Астана»

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button