Спорт

Жастар құрамасының алғашқы табысы

Футбол

Ұлттық құрамамыз 2018 жылы өтетін Әлем чемпионатының іріктеу турниріндегі кезекті кездесуден ұтылып оралған соң (Армения-Қазақстан — 2:0), пәс болып қалған көңілдерді жастарымыз орнықтырғандай болды. Люксембургтен жылы леп есті.

2019 жылы өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінің алғашқы кездесуінде Қазақстанның жастар құрамасы жеңіске жетті. Рас, әуелі алаң иелерінің мерейі үстем болды. Қазақстандық қорғаушы Дәурен Мәжитов өз айып алаңымызда ойын ережесін бұзды да, венгриялық төреші Ференц Карако еш кідірместен он бір метрлік нүктені көрсетті. Эдвин Муратович қателескен жоқ — 1:0.

Бұдан соң да алаң иелері басымдықты ұлғайтуды көздеп, белсенді қимылдауды жалғастырды. Тіпті Алдин Скендерович соққан доп маңдайшаға тиіп, кері серпілді. Дегенмен 35-минутта таразы басы теңесті. Дидар Жалмұқан тастаған тамаша пасты Александр Соколенко қарсыластар қақпасына сүңгітті де жіберді — 1:1.

Екінші таймда жерлестеріміз алаң иелері қақпасына бірнеше рет шүйілді. Сөйтіп жүргенде люксембургтік қорғаушының добын қағып түскен жартылай қорғаушы Георг Наджарян қарсыластар қақпашысын және қапы қалдырып, жібек торды бүлк еткізді — 1:2.

Осылайша іріктеу турнирін Владимир Никитенко бапкерлік ететін 21 жасқа дейінгі жастарымыз жеңіспен бастады. Әрине, Люксембургті азулы қарсылас еді деуге келмес. Дегенмен сырт алаңда ойнағанымызды, оған қоса жас футболшыларымыздың жеңіс дәмін татқанын ескерсек, бұл кездесудің салмағы зор екеніне дау жоқ.

Люксембург U-21азақстан U-21 1:2

Гол авторлары: Эдвин Муратович, 7-минут, пенальти (1:0); Александр Соколенко, 35-минут (1:1);Геворг Наджарян, 60-минут (1:2).

Люксембург U-21: Валентин Рулез, Ной Эверт, Седрик Сакра, Алдин Скендерович, Яннис Дублин, Оливье Тилль, Эдвин Муратович, Даниэль Синани, Рикарду Коуту Пинту (Лукас Прюдомм, 64-минут), Ян Островски (Айдин Бьелич, 85-минут), Жерерд Мерш (Да Силва, 56-минут).

Қазақстан U-21: Сұлтан Бусурманов, Дәурен Мәжитов, Демият Сламбеков, Айбол Әбікен, Геворг Наджарян (Максим Гладченко, 79-минут), Дидар Жалмұқан (Иван Антипов, 90+2 минут), Максим Федин (Оралхан Өміртаев, 86-минут), Александр Соколенко, Қуаныш Қалмұратов, Юрий Перцух, Сұлтан Әбілғазы.

Ескерту қағазын алғандар: А.Скендерович, 39-минут, Я.Дублин, 78-минут — Д.Мәжитов, 6-минут.

28 наурыз. Дифферданж. Мунисипаль де Дифферданж.

9-топта Қазақстан жастар құрамасымен бірге мына командалар ойнайды: Франция, Словения, Черногория, Болгария және Люксембург.

Қазақстан жастар құрамасы өткізетін басқа кездесулер:

2017 жыл.

13 маусым. Черногория — Қазақстан

1 қыркүйек. Қазақстан — Черногория.

5 қыркүйек. Франция — Қазақстан.

6 қазан. Болгария — Қазақстан.

10 қазан. Қазақстан — Болгария.

2018 жыл.

23 наурыз. Қазақстан — Франция.

27 наурыз. Қазақстан — Люксембург.

7 қыркүйек. Қазақстан — Словения.

11 қыркүйек. Словения — Қазақстан.

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button