Экономика

Рымбек ІЗҒАЛИ: Ақтөбені «Силикон аңғары» етуге болады

Біздің жерлестеріміз

Ақпараттық технологиялар саласын дамытуды Елбасы биылғы Жолдауында ерекше атап өтті. Әлем көшіне ілесудің бірден-бір жолы ретінде қарастырылатын салада еліміз әлі уыздай жас. Десе де, нәтижелер де жоқ емес. «IT-дің жілігін шағып жүрген мамандар кімдер?» десе, көбіне ақтөбеліктердің есімі аталады. Бұл — біз үшін үлкен мақтаныш. Байғанин ауданы Жарлы ауылында дүниеге келген Рымбек Ізғали бүгінде Астанада NM SIA компаниясында техникалық директор болып қызмет атқарады. Сұхбатымызда ақпараттық технологияны дамытуға қатысты бірқатар ұсыныс-пікірлер айтты. Елеп-ескерсе, біраз түйткілді мәселелердің шешімі табылып тұрғандай.

— Техникалық жабдықтарға кедендік төлемді алып тастау арқылы IT саласын дамытуға болады дейсіз. Толықтырып айтып өтсеңіз.

— Осыдан 7 жыл бұрын ноутбугім бұзылып, оған керекті қосалқы бөлшек іздедім. Құрылғының өзін 120 мың теңгеге алған едім, бұзылған тақша Ақтөбенің дүкендерінде 60 мың теңгеден басталады екен. Қарап тұрсаңыз, жарты бағасы. Интернетті біраз ақтарып, Ресейдің бір қаласында ол бөлшектің 50 мың теңге тұратынын көзім шалды. Бірақ жеткізу құнын қосқанда өзіміздің дүкендеріміздегі бағаға таяп қалатын болды. Содан әлемдік онлайн-дүкен ebay.com сайтынан іздедім. АҚШ-тан таптым, жеткізуімен 18 мың теңгеге шықты. Тапсырысым 10 күннің ішінде келді. Жаңағы тақшаның қағаздарын қарасам, «Made in China» деп жазылып тұр екен. Сонда ол АҚШ-та 18 мың теңге тұрса, Қытайда қанша тұрады? Мен тек Қытайдан бері өтетін компьютерлік техникаларға ғана кедендік төлемді, тіпті мүлдем алып тастамасақ та, бір жеңілдіктер жасауымыз керек деген пікірдемін. Өйткені девальвациядан кейін бұрын 90 мың теңге тұрған ноутбуктердің бағасы қазір — 250 мың теңге.

Мен бұл жерде ноутбукті салыстырмалы түрде алып отырмын, басқа да техникалардың бағасы сәйкесінше өсті. Бұл қадамдардың IT саласына айтарлықтай дамып кетпесе де, әйтеуір жақсы жағынан септігі тиетіні сөзсіз. Себебі қандай да бір жобаны жасау үшін көптеген тәжірибелер жасап көру керек. Ал оған қажет құралдар қалтаңа ауыр тиетін болса, онда сіз сол жерден тоқтатуға мәжбүр боласыз. Мысалы, осыдан 10 жыл бұрын футбол кездесулерін интернет арқылы трансляциялауды бастаған едік. Қасымдағы Марсель есімді техник екеуміз «Ақтөбе» футбол клубының ойындарын интернет арқылы тікелей эфирден түсіріп, көрсете бастадық. Қазақстанның басқа қалаларын айтпағанда Грузия, Израиль сияқты елдерден тікелей эфирге шықтық. Қазір оның жемісін көріп отырмыз. Еліміздің футбол чемпионатының барлық кездесулері қазір интернет арқылы тікелей эфирден көрсетіледі. Міне, нәтиже. Сонымен қоса, трансляциямыз әсерлі болуы үшін футбол статистикасын есептеп отыратын бағдарлама жаздым, іле-шала еліміздің ірі футбол сайттары ол фукнцияны өздеріне қоса бастады. Жалпы осылай тізбектеліп кете береді. Мұнымен айтқым келгені — егер сол кезде бізге қажетті техника қазіргі баға сияқты қымбат болса, ол райымыздан тез қайтар едік. Көп дүниенің қолжетімді болуына жағдай жасалуы керек.

— Қағазбастылықты жойып, электронды түрге көшеміз дейміз. Оған қауқарымыз жете ме? Сол бастамалардың  неге әлі оң нәтижесі жоқ?

— Бізде бұл бағытқа өте үлкен қаржы бөлінеді. Миллиондаған, миллиардтаған ақша бөлінеді. Әрине, нәтижесі жоқ емес, тек жұмыстың соңғы жағында ұсақ детальдарға көңіл бөлінбейді. Сонымен қатар біздегі «есеп беру» құртады. Астанаға алғаш келгенде министрліктің тапсырыстарын орындайтын акционерлік қоғамға жұмысқа тұрдым. Ол жерде ай сайын істелген жұмыстың есебі сұралатын. Сапа жайлы ойлайтын уақыт та жоқ. Тек есеп өткізсек болды деп, сапа жайында қалатын. Біздегі бұл бағыттағы жұмысқа «жұмыс» деп емес, «ғылыми жоба» деп қарасақ, жетістікке жету жеделдейді. Сонымен қатар біздегі мемлекеттік орган қызметкерлерінің менталитетін өзгерту керек. Олар алдына келген адамға клиент сияқты қарауы керек. Әрине, оған қалай жету керек екеніне дұрыстап бас қатыру керек.

— Америкадағы «Силикон аңғарының» баламасын елімізде жасауға не кедергі?

— Ешқандай кедергі жоқ. Міндетті түрде дәл «Силикон аңғарының» көшірмесін жасамасақ та, 3-4 қабатты ғимарат тұрғызып, оған 2-3 еркін жобаны жасауға еріктілерді жинап, бастауға болады. Егер дұрыстап ұйымдастыратын болсақ, бізде жанып тұрған мамандар өте көп. Бағдарламалауға қызығатындарды оңай тауып алуға болады. Кез келген мамандықты оңай, еш қиындықсыз меңгеру үшін алдымен қызығушылық керек. Әрине, жоғарыда айтылған жобаны бастау үшін жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен жасалғаны дұрыс. Бірақ бізде қазір қандай кәсіпкер қалтасынан 1 миллиард теңгені суырып бере салады?! Сонымен қоса, ай сайынғы әртүрлі шығындары бар. Жалпы кез келген жобада жетістікке жету үшін алдымен оны көзді жұмып бастап кету керек.

Силикон аңғарыАҚШ-тағы Калифорния штатының оңтүстігінде орналасқан жоғары технологиялар индустриясының орталығы ретінде танымал аудан. Силикон алқабында компьютерлер және оның жабдықтарын, әсіресе микропроцессорлар, сонымен қатар бағдарламалық жасақтамалар, мобильдік байланыс құрылғыларын, т.б. дамытып, өңдіретін компаниялар тығыз орналасқан.

— Ақтөбеде зияткерлік мектеп, гимназиялар, дарынды балаларға арналған мектептер аз емес. Егемендік алғалы облыста программистер ортасы қалыптасып үлгерді ме?

— Ондай орта бізде жоқ. Оның қалыптасуы үшін әртүрлі жиын-шараларды, форумдарды көптеп өткізіп отыру керек. Яғни, біздің программистер бір-бірін көруі керек. Ал Ақтөбеде программистердің жиналатын ортасы —  олардың жұмыс орындары. Ол жерде қанша программист болуы мүмкін?! 5-10 программист. Жалпы идеялар өте көп, тегін болмағанымен, азғантай ақшаға ондай форумдарды ұйымдастырып беретіндер де жоқ емес. Астанада жыл сайын өтетін «Астана интернет форумын» ұйымдастырушыларының басым бөлігі — ақтөбеліктер. Сонымен қатар жыл сайын интернет қолданушылардың басын қосатын «Блокгемп» шарасының бастауында тұрған, ұйымдастыруына үлкен септігін тигізген де — осы ақтөбелік достарым. Бұл дегеніңіз — Ақтөбе қаласында жаңа толқынның бар екенінің көрсеткіші. Тек осы толқынды дұрыс пайдалануымыз керек.

Ақтөбе — еліміздің 5 облысына ыңғайлы орталық. Қалаға Қызылорда, Қостанай, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарынан түлектер оқуға көп келеді. Ақтөбе қаласының басшылары, кәсіпкерлері осы басымдықты дұрыс пайдаланулары керек. Бұл — үлкен потенциал. Қарап тұрсаңыз, жарты Қазақстан. Қатынау оңай болғандықтан, аталған облыстың мектеп түлектері Ақтөбенің жоғары оқу орнын таңдайды. Оның үстіне IT өнімдері ешқандай логистиканы қажет етпейді. Егер барлық саланың орталығы ретінде Алматы немесе Астананы қолдай берсек, бұл қалаларда аяқ алып жүру мүмкін емес болып кетеді. Қазірдің өзінде Алматы мен Астананың шешілмеген қоғамдық мәселелері өте көп. Оның үстіне IT саласының мамандары тыныштықта жұмыс жасағанды жақсы көреді. Мысалы, Алматы қалай ғана көптеген салаларға орталық болып алды? Дәл солай Ақтөбенің де үлкен мүмкіндігі бар, тек дұрыс пайдалану керек.
Егер осы ұсыныс дұрыс шешімін тапса, бізде IT саласы тез дамиды. Өйткені бұл салаға деген қызығушылық мектеп түлектерінің арасында өте жоғары деңгейде. Біле білсеңіздер, бағдарламашыларға айлық аса қатты маңызды емес, оларға жұмыс ортасы «бір тілде» сөйлесе жеткілікті.

— «Бізде IT-маманы көп, бірақ бітірген түгі жоқ» дегенге қатысты пікіріңіз?

— Әрине, мен бұл саланың адамы болғасын IT-мамандарын қорғауым керек. Бірақ, бір қызықты айтайын, бізде IT-мамандары өте аз, жетіспейді деп айтсақ та болады. Міне, осыдан бір ай бұрын программист іздеп, келіп түскен 78 түйіндемеден 5 программисті ғана іріктеп алдым. Бірақ әртүрлі себептермен оның бесеуін де жұмысқа шақыра алмадым.

Сондықтан бұл қате пікір дер едім. Біздің қаншама программистеріміз шетелдерде жұмыс жасап жүр. Ал ол жақта бізді ешкім күтіп отырған жоқ. Қаншама сынақтан өтіп, сол елдің мамандарынан қанша елі жоғары болуыңыз керек?! Осыдан-ақ, өздеріңіз бағамдай беріңіздер.

— Бүгінде халықтың технологиялық сауаты қандай?

— Салыстырмалы түрде «өте жақсы» деген баға қояр едім. Үкімет халықтың компьютерлік сауатын көтеру жағынан үлкен жұмыстар жасады. Халықты компьютерлік сауаттылыққа тегін оқытты. Нәтижесінде қазір бұл жағынан бізде ешқандай проблема жоқ.

Әңгімелескен Жадыра АҚҚАЙЫР.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button