Такси қызметі талапқа сай ма?

«Жол мұраты — жету» демекші, бүгінгі күні діттеген жерімізге тез жету үшін көбіне такси қызметіне жүгінеміз. Алайда қазір жолай такси ұстауға жүрексініп қалғанымыз рас. Себебі бүгінгідей ақпарат ағыны мол заманда жағымсыз оқиғаларды жиі естіген сайын қауіпсіздік туралы көп ойлайтын болдық. Ал ол үшін әр кез заңды түрде тіркелген такси қызметін пайдаланғанымыз жөн.
Қазір Ақтөбе қаласында заңды тіркеуге алынған қанша такси қызметі бар? Олар қай жерде және қалай тіркеуге алынады? Жолаушылардың қауіпсіздігіне кім жауап береді? Осы сауалдарға жауап іздеп көрелік. Әлқисса…
Тұрақ және талап
Қазір Ақтөбе қаласында такси қызметі де, оны тұтынатындардың да саны көп. Қай кезде болса да қолжетімді бағаға барар жеріңе уақытында жете аласың. Алайда олардың барлығы бірдей заңды түрде тіркелмеген. Сондай-ақ, бірлі-жарым таксилер болмаса, көбі ала-құла, таксометрсіз, сыртқы түрлерінің стандарты, жүргізушілердің бірыңғай киім формасы жоқ.
Бүгінде Ақтөбе қаласында 30-ға жуық такси қызметі бар. Алайда Ақтөбе қалалық жолаушы көлігі және автобиль жолдары бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, қазір олардың бесеуі ғана заңды түрде тіркелген. Олар — «Вест Такси», «Көл Такси», «Азия+», «Адал», «СТ Драйв» такси қызметтері.
Сондай-ақ аталған бөлім мамандарының айтуынша, қаламызда такси көліктеріне 47 орын белгіленген. Сонымен қатар ішкі істер басқармасы мамандарымен бірлескен жұмыстың нәтижесінде бұдан басқа 20 такси тұрағы анықталған.
Ақтөбе қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі құзырлы органдармен бірлескен жоспар бойынша соңғы бір ай көлемінде жергілікті полиция мамандарымен Орталық базар маңынан жолаушылар тасымалдайтын жеке автокөліктерге әкімшілік шаралар қолданып, соның нәтижесінде 38 әкімшілік хаттама толтырылған. Сондай-ақ құзырлы органдарға ақпараттық-диспетчерлік қызмет ұсынып отырған, заңды түрде тіркелмеген жолаушы тасымалдаушылардың тізімі жолданған.
Ақтөбе қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің деректеріне сүйенсек, ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің «Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларын бекіту туралы» 2015 жылғы 26 наурыздағы №349 бұйрығына сәйкес ақпараттық-диспетчерлік такси қызметтеріне қойылатын арнайы талаптар бар. Атап айтсақ, таксидің ақпараттық-диспетчерлік қызметімен шарт болмаған жағдайда такси тасымалдаушысының қызмет көрсетуіне рұқсат етілмейді.
Сонымен қатар ҚР «Автомобиль көлігі туралы» Заңына сәйкес, елімізде жолаушылар тасымалымен айналысатындардың салонында міндетті түрде таксометр мен бақылау-кассалық аппараты болуы керек. Ережеге сәйкес, такси қызметіндегі автокөліктер бірыңғай түсте болып, басқалардан ерекшеленіп тұруға тиіс. Сондай-ақ такси қызметіндегі көліктер жүргенге дейін техникалық бақылаудан, ал жүргізушілер медициналық тексерістен өтуі қажет. Алайда бүгінгі күні қаламыздағы такси қызметінің көбісі бұл талаптарды орындамайды. Тек заңды түрде тіркелгендері ғана ережеге сәйкес қызмет етеді.
Екі айда 13 адам жеке кәсіпкер ретінде тіркелген
Өткен жылдың аяғында Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов осы мәселеге қатысты жауапты мекеме басшыларымен жиын өткізген болатын. Сол жиында шаһар басшысы жауапты мекеме басшыларына қаладағы такси қызметімен айналысатын жеке тұлғалар мен базар, сауда үйлері жанынан жалға орын алушыларды жеке кәсіпкер ретінде міндетті түрде тіркеу бойынша сәйкесінше жұмыстар жүргізуді тапсырған. Оның ішінде әсіресе, жергілікті полиция қызметі мен мемлекеттік кірістер басқармасы мамандары бірлесе жұмыс жүргізуі керектігін айтқан. Осы орайда біз аталған екі мекеменің жауапты мамандарына хабарласқан едік. Алайда олардың тек біреуі ғана осы мәселеге орай тұшымды жауап берді.
— Такси қызметімен айналысатындар, ең алдымен, біздің басқармаға келіп жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс. Себебі салық төлемей, еш жерде тіркеусіз жүргендердің әрекеті — заңсыз. Ал заңды түрде тіркелген такси қызметі — жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бір кепілі. Ал заңдастырылған такси жүргізушілері ай сайын салық төлеп тұруы керек. Қазір жолаушы тасымалымен айналысатындардың дені патент алады. Сол арқылы ай сайын жүргізушілер түскен пайдасының екі пайызын төлеп тұрады, — дейді Ақтөбе қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының тіркелмеген салық төлеушілермен жұмыс және шұғыл тобы бөлімінің басшысы Қуанышқали Шалаев.
Оның айтуынша, өткен жылы Ақтөбе қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына жолаушылар тасымалымен айналысатын 1392 адам жеке кәсіпкер ретінде тіркелсе, биылғы жылы екі айда тіркелгендердің саны — 13.
— Бүгінгі күні біздің бөлімде 10 маманнан тұратын мобильдік топ жұмыс істейді. Олар жолаушылар тасымалдау саласында салық төлемей жүрген азаматтарды анықтап, оларға ескерту жасайды. Сондай-ақ қазір бөлім қызметкерлері қалалық кәсіпкерлік бөлімі, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, жергілікті полиция қызметімен бірлесіп, жоспарға сәйкес жұмыс жасап жатыр. Егер заңды түрде тіркелмеген жолаушылар тасымалымен айналысатын азаматтар болса, біз оларға ескерту жасап, шақырып, жеке кәсіпкер ретінде тіркейміз. Көп жағдайда осы саладағы құқықбұзушылықтарды жергілікті полицей қызметі анықтап, олармен жұмыс жүргізеді, — дейді Қ.Шалаев.
Жолаушылар тасымалы саласы бойынша жауапты мекемелер жұмыс жасап жатқанымен, бүгінде облыс орталығы мен аудандар арасында заңды түрде тіркелмеген жеке меншік тасымалдаушылардың саны көп. Ал оларды бір тәртіпке келтіріп, заңды түрде тіркету үшін құзырлы органдар жұмыс жасауы керек. Себебі жолаушылардың қауіпсіздігі үшін ешкім кепілдік бермейді.
- Қаладағы «Такси-сити» такси қызметінде жұмыс жасағаныма алты айдай уақыт болды. Өзім Атырау қаласында мұнай саласында жұмыс жасаймын. 15 күн жұмыс істеп, 15 күн демаламын. Демалған уақытымда қосымша пайда табу үшін осы қызметте жұмыс жасап жүрмін. Тапсырыс берушінің көңілінен шығу үшін уақтылы, әрі баратын жеріне қауіпсіз жеткізу — бізге қойылатын басты талаптың бірі. Алған тапсырысымызға байланыссыз күніне 600 теңге жарна төлейміз. Таңертеңгі 8-ден кешкі 7-ге дейін жұмыс жасаймын. Біздің көліктеріміз GPS-навигатормен жабдықталған. Сондай-ақ жолаушылар мен жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін диспетчерлік қызмет барлық іс-әрекетті баяндап отырады, — дейді А.Сарин.
Такси жүргізушісі қаладағы такси қызметтерінен облыс пен аудан арасында жүретін заңды түрде тіркелмеген такси қызметіндегілердің саны көп екенін айтады. Олар жолаушыларды арнайы тұрақтардан емес, үйлерінен немесе мекемелерден барып алып кетеді. Ал оларға тосқауыл қоятын ешкім жоқ.
Ақтөбеге «Мейірімді такси» керек!
Бүгінде еліміздің оңтүстік және орталық өңірлерінде «Мейірімді такси» такси қызметі жұмыс жасайды. Олардың қызметінде шектеу жоқ. Қажет кезінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қызмет етіп, оларды барар жеріне ешбір кедергісіз, тегін жеткізеді.
Мұндай жаңа бастама мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау мақсатында қолға алынған.
Алайда біздің облысымызда мұндай такси қызметі жоқ.
Ақтөбе қалалық сал аурына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығының атқарушы директоры Гүлмирам Сражованың айтуынша, мүмкіндігі шектеулі жандар көп жағдайда инватакси қызметіне ғана жүгінеді. Олар жұмыс күндері таңертеңгі 9-дан кешкі 5-ке дейін қызмет етеді.
— Біздің орталық наурыз айының басында жыл сайын «Біз біргеміз» атты акция өткізеді. Осы акция аясында қаладағы «Адал», «Такси-сити» такси қызметтерінің жүргізушілері ерікті түрде келіп, бізге қол ұшын береді. Орталық мүшелерін барар жеріне апарып тастайды. Мәселен, Жаңа жылда Аяз ата мен Ақша қар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың үйлеріне барып құттықтағанда Гүлнұр Едігеева, Тимур Қалиев сияқты азаматтар жыл сайын такси қызметтерін тегін ұсынады. Бұл да мүгедек жандарға жасалған үлкен қайырымдылық, — дейді Г.Сражова.
Қазір еліміздің кез келген өңірінде инвотакси қызметі жұмыс істейді. Бірақ оның көмегін мүгедектер тек мемлекеттік мекемелер мен іс-шараларға бару үшін ғана пайдалана алады. Бұған қоса, уақыт мөлшерінде шектеу бар. Ал егер біздің облысымызда да «Мейірімді такси» қызметі жұмыс істесе, мүгедек жандар белсенді өмірге қайта оралуға мүмкіндік алады. Мәдениет ошақтарына, жаттығу залдарына барып, қоғамдық шараларға белсенді түрде араласатын болады.
Сондықтан қаладағы барлық жүргізушілерді мүмкіндігі шектеулі жандарға ерікті ретінде қызмет етіп, игі істерге атсалысуға шақырамыз.
***
ЖОЛАУШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ:
- Сіз қандай такси қызметін пайдаланасыз?
А.СЫДЫҚОВА, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Мен көбіне балаларымды балабақша мен мектепке апару үшін «Такси-сити», «Адал» сияқты такси қызметтерін пайдаланамын. Бағалары қолжетімді, әрі тез келеді. Әсіресе таңертең асыққанда барар жеріңе тез жетесің. Ал көшеде жол-жөнекей кетіп бара жатқан көлікке мінбеймін. Шынымды айтсам, қорқамын. Ең бастысы, басымыздың амандығы.
— Ауыл мен қала арасына қандай көлікпен қатынайсыздар?
Ш.ТӨЛЕҚЫЗЫ, Ырғыз ауданының тұрғыны:
— Қазір Ақтөбе мен Ырғыздың арасына автобус жүрмейді. Аудан тұрғындарының барлығы такси қызметіне жүгінеді. Қазір ауданның өзінде екі-үш такси қызметі бар. Қай кезде тапсырыс берсең де әйтеуір көлік дайын тұрады. Тек бір айта кетерлігі, сол такси қызметінде жүрген кәсіпкерлерден басқа жолаушылар тасымалымен айналысатын жеке адамдар бар. Олардың заңды түрде тіркелген-тіркелмегенін білмейміз. Кейде жол апаты болған жағдайларда жолаушылардың өміріне жауаптыларды табу қиынға соғып жатады. Сондықтан осы мәселені мемлекеттік мекемелер қадағаласа деймін.
Данагүл ҚАЗИХАН.




