Экономика

Бір бағыттағы елеулі екі жоба

ЭКСПО-2017

Дүниежүзілік «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі «Болашақ энергиясы» тақырыбымен өтетіні белгілі. Облыстық сыртқы байланыстар және туризм басқармасының туризм бөлімінің басшысы Жанна Бүркітбаеваның айтуынша, «жасыл экономика» саласында Ақтөбе өңірі тарапынан іріктелген 25 инновациялық жобаның екеуі су ресурстары бағыттары бойынша ұсынылған. Олар — «Болат ЛТД» ЖШС әзірлеген «Суармалы ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру» жобасы және «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» ЖШС-ның «Жасыл технология» тақырыбындағы  қалдықсыз өндірісі.

Қазақстандағы ең ірі таңқурай алқабы

Ақтөбе қаласындағы Благодар ауылдық округінің Садовое елді мекенінде «Болат ЛТД» ЖШС кәсіпкері Данат Шураханов таңқурай өсіруді қолға алған. Бастапқыда Польшадан «полька» мен «поляна» деген таңқурай сорттарын алып, 10 гектар алқапқа 100 мың таңқурай көшетін еккен. Израильдік технология бойынша тамшылатып суару әдісін пайдаланып, арнайы күннен қорғайтын тормен қоршаған. Бұл таңқурай шамамен жаздың үш айы бойы жеміс береді екен.

Өткен жылы 30 тонна таңқурай өндірдік. Өнім Ақтөбе қаласынан бөлек, Қызылорда, Орынбор қалаларында жоғары сұранысқа ие.

Қазіргі таңда өндірістің ауқымын кеңейтіп, таңқурай қайнатпасы мен шырын өндіруді қолға алдық. Бұл жеміс табиғи, экологиялық жағынан таза отандық өнім, — дейді кәсіпкер.

Бүгінде ұжымда 15 жұмысшы бар. Ал жаз мезгіліндегі жемістің піскен уақытында жүзден аса студенттер мен жұмыссыз азаматтар жұмысқа тартылады.

Бұл Қазақстан көлеміндегі ірі алқап болып есептеледі. Мұндай алқапты игеріп отырған шаруашылық әзірге Қазақстан бойынша біреу ғана.

Кәсіпкер биылғы меже 25 гектар алқаптан 60 тонна таңқурай және 100 тонна таңқурай қайнатпасын өндіру екенін айтады. Тыңайтқыштарды себу көктемде басталады. Алдағы уақытта Ресей еліне  экспортқа өнім шығару жоспарланған.

— Өсімдік Ақтөбенің климатына өте қолайлы. Болашақта шаруашылығымды одан әрі дамытқым келеді, — дейді Данат Шураханов.

Бүгінгі күні серіктестік бұл өнімді әкімдіктің рұқсатымен қаланың ірі сауда

нүктесінде сатылымға шығарып жүр.

Ұжым өзінің табанды еңбегінің нәтижесінде Ақтөбе жерінде таңқурай өсіруге болатынын дәлелдеп келеді. 2016 жылы нәтижелі жұмысы үшін облыс әкімінің атынан арнайы Алғыс хатпен марапатталған кәсіпкер таңқурай секілді таңсық өнімің әр үйдің дастарқанында болғанын қалайды.

Жасыл технологияның жақсы жаңалығы

Ақтөбе рельс-арқалық зауытында өндірістік қалдықтар құрғатылып жиналады. Былай қарағанда оның экологиялық зияны жоқ. Мұнда пайдаланылған су қайта өңделіп, кәдеге асырылады. Ал тұзды су арнайы құрылғы арқылы тазартылып, түзілген тұз қыстағы көктайғақта тас жолға себуге арналады.

Айналымдағы су қосымша тазартудан өтеді және өндіріске қайтарылады. Өндірістің инновациялық технологиясын енгізу қоршаған ортаның өнеркәсіптік сулармен ластануын азайтып қана қоймай, сонымен қатар зауыт қажеттілігі үшін су тұтынуды қысқартуға мүмкіндік береді.

Жасыл технологияның жақсы жаңалығы ретінде бағаланған бұл тәсіл алда да өз жемісін беретіні сөзсіз.

 «Экспо-2017» көрмесіне «ғарыш» сыйлығы табысталды

Мұндай марапат бұған дейін тек төрт көрмеде ғана берілген екен. «ЭКСПО-2017» көрмесіне «Ғарыш» сыйлығының табысталуы шараның беделі жоғары екендігін растайды.

Көрме бастау алғаннан кейін сарапшылар көпшілік назарына ұсынылған барлық жобаларды зерттеп, арасынан әлеуметтік маңызы зор бастаманы іріктеп алады. Жеңімпазды Халықаралық көрмелер бюросы мүшелерінен құрылған қазылар алқасы тағайындайды. Көш бастаған елдің өкілдеріне 20 мың еуро табыс етіледі. Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Висенте Лоссерталес: «Біз қоғам дамуына әсер ететін маңызды жобаларға назар аударамыз. Әсіресе экологияға байланысты бастамаларға басымдық бермекшіміз. Қазылар нақты тақырыбын өздері таңдап, алдын ала жариялайды», —  деді. Сондай-ақ Қазақстанда өтетін көрмеге дайындық қарқынды жүріп жатқандығын ерекше атап өтті.

«ЭКСПО-2017» көрмесі барысында Шанхай және Ислам ынтымақтастық ұйымдарының саммиттері мен халықаралық әйелдер форумын өткізу жоспарда бар. Осы орайда елордамыздағы қауіпсіздік шаралары күшейтілмек.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button