Басты жаңалықтарЖаңалықтар

Ақтөбеліктер ғалымын ұлықтады

Ақтөбедегі Аққағаз Досжанова атындағы Конгресс-холда  Қазақтанның Еңбек Ері, нейрохирург Серік Ақшолақовқа құрмет көрсетілді. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өткен шараға Серік Қуандықұлы, академиктер  — Төрегелді Шарманов пен Жақсылық Досқалиев,  сондай-ақ медицина саласының қызметкерлері мен аудандардан келген өкілдер қатысты.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Наурыз мерекесі қарсаңында  аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың арнайы шақыртуымен  елге келген ғалымдарға туған жерде құрмет көрсетілді.  Әуелі Бердібек Машбекұлы бастаған ғалымдар мен осы саланың ардагерлері Аққағаз Досжанованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Конгресс-холдың  ауласына тігілген киіз үйден дәм татты. Ғалымдарды залда лық толған медицина саласының қызметкерлері тік тұрып қарсы алды.

Шара барысында Серік Ақшолақовтың өмірі мен кәсіби қызметі туралы фильм көпшіліктің назарына ұсынылды.

Бүгін ақтөбеліктер үшін тарихи күн. Ақтөбеге Қазақстан медицинасының аты аңызға айналған тұлғалары келіп жатыр. Дүниедегі ең қасиетті, ардақты, киелі, құрметті мамандықтардың бірі — дәрігер. Себебі, дәрігер адамға денсаулық, өмір сыйлайды. Қазақтың атын дүниежүзіне шығарып жүрген, мыңдаған адамдарға өмір, денсаулық сыйлаған ағаларымыз — Төрегелді Шарманұлы, Серік Қуандықұлы, Жақсылық Ақмырзаұлына біздің шақыртуымызды қабыл алып, уақыт бөліп келгендеріңіз үшін алғыс айтамын. Сіздермен Ақтөбе жұрты мақтанады. Былтыр Елбасы Жарлығына сәйкес жерлесіміз Серік Қуандықұлы Қазақстанның Еңбек Ері атағын алғаны облыс үшін үлкен абырой, үлкен бедел. Осы үлкен дәрежемен Серік Қуандықұлы тек өзінің ғана емес, бүкіл дәрігер қауымының абыройын, беделін өсірді. Бұл Мемлекет басшысының дәрігерлерге деген қамқорлығы, қолдауы деп білеміз.

Осы ағалардың қолдауымен біз былтырдан бастап Ақтөбе өңірінде медицина кластерін дамыту ниетінде жұмыс істеп жатырмыз. Мұндағы ең негізгі мақсат —  осы ағаларымыздың тәжірибесін пайдаланып, Ақтөбені медицина кластері бойынша батыс өңірінің орталығы жасау. Соңғы кезде өңірімізде медицина саласының қалай дамып жатқанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Ақтөбеде бауырды алмастыру, бүйректі алмастыру, жүрекке ота жасау секілді оқиғалар қай кезде болып еді?! Осының бәрі сіздердің еңбектеріңіз. Мен облыс басшылығы атынан сіздерге  үлкен рақметімді айтамын. Серік Қуандықұлын үлкен дәрежесімен құттықтаймын. Сіз осы атаққа лайықсыз.  Сіздің Ақтөбеге келгеніңіз біз үшін үлкен өнеге, болашақ ұрпаққа үлкен тәрбие деп білеміз, — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімінің айтуынша, Ақтөбе Батыс Қазақстандағы медициналық туризмнің орталығы саналады. «Жыл сайын жергілікті емханаларда 8 мыңнан астам адам тексеріліп, ем алады. Қазіргі таңда Денсаулық сақтау министрлігімен өңірлік медициналық кластер құру туралы келісімге қол жеткізілді, Gangnam Severance Hospital, Hemogens Health Care және басқа да келісімшарттар бар. Өткен жылы бүйрек ауыстыру бойынша 16 ота жасалды, оңтүстіккореялық дәрігерлермен бауыр алмастыру  бойынша 6 ота жасалды. Жыл сайын саланы қаржыландыру артып келеді, 2016 жылы денсаулық сақтауды дамытуға 37,1 миллиард теңге бөлінді», — деді Бердібек Сапарбаев.

Өңірде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында құны 11,6 млрд теңге болатын 6 жобаны жүзеге асыру басталды. Сонымен қатар,  құны 3,9 млрд теңге болатын қалалық жедел жәрдем бекетінің, стоматологиялық емхананың, офтальмологиялық аурухананың құрылысы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Республикалық бюджет есебінен 200 адамға арналған облыстық перинаталдық орталық, 300 орындық облыстық туберкулезге қарсы диспансер салу жоспарлануда.

Мерекелік шарада облыс әкімі Бердібек Машбекұлы Серік Ақшолақовқа ауылдан жаяу кетпесін деген ниетпен автокөлік кілтін табыс етті.

— Біз Ақтөбеде бірнеше медициналық мекемелерді аралап, медициналық қауымдастық өкілдерімен және болашақ дәрігерлермен кездестік. Мен өңірде денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлеріне жағдай жасауда  ауқымды жұмыстар атқарылып, облыс тұрғындарына жоғары сапалы медициналық көмек көрсетіліп жатқанын көріп тұрмын: офтальмологиялық оталар жасалатын кластер құрылып, медициналық нысандар салынуда. Мен осында туып-өстім, сондықтан туған жерімде болып жатқан жағдайды үнемі бақылап отырамын. Бердібек Сапарбаевтың денсаулық сақтау жүйесіне баса назар аударатыны қуантады, нәтижелер мені қатты таңғалдырды. Әкімге атқарып жатқар қыруар жұмыстары үшін алғысым шексіз.

Жақында Қызылордада ғарыш кемесінің ұшқанын көріп, қызықтап едім. Бұны көзбен көрген бір бөлек екен. Сондықтан да менің Байқоңырым болған —  бүгінгі жедел медициналық жәрдем ауруханасына осы көлікті тарту етсем деймін. Жедел жәрдем көрсету үшін уақыттың алар орны ерекше, уақыт керек. Кей кезде дәрігер емес, аурудың өмірін уақыт белгілейді. Сондықтан осы автокөлік ауруларға көмектесіп, оларды тез әкелуге қызмет етсе, мен өзімді бақытты санаймын, — деп Серік Қуандықұлы автокөліктің кілтін жедел медициналық жәрдем ауруханасының бас дәрігері Арыстан Рақымжанға берді.

Шарада академиктер — Жақсылық Досқалиев пен Төрегелді Шармановтар облыс басшылығына, ақтөбеліктерге ыстық лебізін білдірді.

Мен Ұлытаудың баласымын, Қарағандыда тудым. Бірақ маған «сіздің Ақтөбеңізден келіп тұрмын» дейтін өкілдер. Мен Ақтөбеде 2,5 жыл ғана жұмыс істедім. Келер жылы қазіргі Ақтөбе медицина университетінің табалдырығын аттағаныма 50 жыл толады. Мен медицина университетінің төртінші ректоры екенмін. Биыл 87 жасқа толамын. Қызық дүниенің барлығы артта қалған сияқты, бірақ мен үшін әлі алда. Қызық статистика, Ақтөбеде 100-ден асқан 115-ке дейінгі адамдардың саны 20-ға жетеді. Ал 90 мен 100 жастың арасында 1300-дей адам бар көрінеді. Бұл — табиғи, лайықты өзгеріс. Өйткені қазір демографиялық трансформация деп аталатын үрдіс бар. Мысалы, қазір  дүниежүзі бойынша 5 жасқа толған балалар саны халық санының 10 пайызын, ал сексеннен асқандар халықтың жалпы санының 1 пайызын құрайды. Енді 10-15 жылдан соң күрт өзгеріс болады. 5 жасқа дейінгі балалар саны 5 пайызға дейін төмендейді де, ал 80 жастан асқан адамдарымыз 15  пайызға артады.  Бұл өзгеріс көп нәрсені аңғартады, — деді Т.Шарманов.

Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов кездесу кезінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа қант диабеті мен қатерлі ісік ауруларының алдын алуға көмектесетін бие сүтінен жасалған  шоколадтың әр түрін сыйға тартты.

Кеште Серік Ақшолақовтың туған жері Шалқар өңірі жұртшылығы атынан Жеткерген Елемесов,  ұстазы Намаз Ізімбергенов, жастар атынан Вадим Медовщиковтар ғалымның медицина саласын дамытуға қосқан зор еңбегін ерекше бағалап, ыстық лебіздерін айтты.

Мерекелік шараны Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония әртістері  әнмен өрнектеп, бимен айшықтай түсті.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button