Мереке

Ұлы істің ұлы күні…

Қазақ ұғымында Наурыз — бір ұлыстық не  ұлттық емес, тіпті адамзаттық емес, ғаламдық деңгейдегі жаратқандық іс.

Наурызға қатысты салтанат пен той «наурыздама» аталған. Ол 13-22 наурыз аралығын қамтығанда, кемінде 8-9 күнге созылған.

Бұл кезде қысқы тоң кетіп, жер беті жібиді, қардың еруі басталады, қар аралас жаңбыр себелейді. Бұл кезді «аласапыран» атайды. «Аласапыран» — түрлі нәрсенің, дүниенің мидай араласуы. Қазақтар табиғаттың бұл «дәстүрін» де өздеріне сіңіріп, 7 дәм қосып, наурызкөже асып, бір-бірін аралайды. Бұл — дәмдік «аласапыран». Наурызкөже — ежелгі жоралғылық (ритуалдық) ас болуы керек. Тәжіктер мұны түркіше «қазантолы» атайды.

«Наурыз» ұғымы парсылық «нов» пен «руз» сөздерінің тіркесі ретінде «жаңа күн» дегенді пайым кең тараған. Алайда, тоғыс жұлдыздарының тууы мен батуы «нау» аталады. «Руз» сөзі де парсыша «күн» ұғымын әруақытта бермеген.

Наурыз — «Көктің соны берекесі, ырысы, сыйы бұйыратын, ғаламдық Құбылыстың, жербетілік Жылдың, Жылдық мезгілдің басы боларлық сәт» деген сенімнен туындаған ырымды жүзеге асыру жоралғысы.

Уыз-мереке

Этнограф Болат Бопайұлының келтіруіне қарағанда, Наурыз мейрамының қазақы тағы бір атауы  «Уыз-мереке» болған. Бұл аталмыш мейрамның төлдейтін маусымға сәйкестігін ғана емес, ең әуелі Уақыттың жаңаруын білдіретін уызға қатысты ежелгі танымды қостап тұрған тағы бір айғақ дегіміз келеді.

Бәлкім, «наурыз» сөзі ертеректе  «наруыз» аталуы да мүмкін: нар – күн. Уыз-мереке атауына қатысты Болат Бопайұлының  мына бір халық өлеңін келтіруі тегін емес:
«Уыз айы туғанда, көкте ай толғанда,
Қозы, лақтар маңырап, қой мен қозы жамырап,
Рахаттанып қаласың, уызға қарын тойғанда.
Уыз айы болғанда, ай қараңғы солғанда,
Ақ көбейіп бұл маңда, қыраңдап бір қаларсың,
Уыз айда уыз бай, уызға келер қонақ сай
Уыз ішіп қыдырып, қонақ болып жүрдім жай,
Уыз айым керемет, қадірін мұның кім білед?
Уыз айда сары уыз ас орнына сол жүред.
Уыз айы келгенде қадірін оның білгенде,
Бәйбішелер қуанып сылқ-сылқ күлгенде,
Уыз айы таңдайда балдай болып қалғанда
Келер жылы уыз ай қашан, шіркін, келер деп,
Сарыла бір тосқанда…
Қозы, лақ жамырап, өрістен мал қосқанда,
Сары уыздай сарғайып қиял кезіп босқанда,
Сағындырып уыз ай күткізеді санаңда.
Уыз ай деп қазағым мал азабын ұмытқанда,
Қайда қалар азабың мал уызын жұтқанда?».

Ұлы іс…

Қазақ халқы Наурыз мерекесін  «ұлы іс» деп те атаған; «ұлы істің ұлы күні» тіркесі —осыған айғақ. Алайда «ұлы іс» тіркесі кейін бірігіп «ұлыс» сөзіне айналып кеткен. Қазақ ұғымында істің оңға басуы, оң болуы айтылады: «іс оң болсын». Ал «ұлыстың» оң-терісі жоқ.

Наурызға қатысты «ұлыс» сөзі этнограф Т.Өмірзақов тұжырғандай, ескі түркіше «ғаламдық жаратылыс күні» деген ұғымды беретін болған.

Ш.Құдайбердіұлы мен М.Көпейұлының жазуынша, наурыз мейрамы бұрынырақта «Ұлыс» аталған. Шәкәрімұлы Ақат та өз естелігінде де «Ескі қазақша, ескі түрікше жаңа жыл күнінің аты — ұлыс» — дейді. А.Сейдімбектің : «жастар ауылдағы ноқта көрмеген ең асау тайыншаны ұстап, ең ескі ашамайды салып, ашамай үстіне ең ескі киім-кешек пен құрым киізден жасалған қуыршақ орнатып, тайыншаның құйрығына ескі шелек байлайды да: «Ұлыстаңы атып қалды, бар елге хабар бер!» деп, шабына шыбық жүгіртіп, сауырға бір салып қоя береді» — деген баянындағы «ұлыс таң» тіркесі де «Ұлы Іс таңы» екендігі өзінен-өзі сұранып тұр. Егер де бұл айғақтар мен қисындарды ескеріп, ежелгі Наурыз мерекесінің мәнін қалпына келтірсек, оның бір атауы «Ұлы іс» болып шығады.

Көрісу ғұрпы

Наурыздама көрісу ғұрпынан басталады. Көрісу — қазақтың қуаныш пен қайғыдағы ниет біріктіру ырымы; адамдардың бір-бірімен төс қағыстыра сәлемдесуі.

Наурыз айы туғанда, Күн Тоқты (ежелгі түркіше — Қозы/қоды, М.Қашқари) шоқжұлдызындағы қозғалмайтын Амал/Қамал жұлдызына беттеп, «көріседі». Қазақтардың көрісу дәстүрінің астрономиялық мәні осында жатыр. Өйткені дәстүрдің түбінде мифологиялық негіз  болады да, халық соны дәстүр етіп сіңіріп, оны әдеп пен тәрбие көзі етеді. Сондықтан Көрісу салтының негізі аспандық үдерісте болса, екінші жағы далалық өмір үлгісінен туындайды.

ХІV ғасырдың басында Әбілқайыр ханның ордасына келген  ағылшынның суретшісі Джон Кестельдің салған суреттері арасында Көрісу ғұрпы көрініс тапқан: екі ер кісі қолдарын алған күйі арнайы рәсімдік қимылмен көрісуде, олардың артында тізе бүккен әйел қос қолын бүгілген тізеге салып сәлем етуде.

Көрісу  жоралғысы ұлы Абайдың «Жазғытұры» өлеңінде де көрініс тапқан:
…Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,
Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып…

Аңырақай жотасындағы Таңбалытастағы бір-біріне құшақтарын жайған құдіреттердің сұлбасына қарағанда, оны да көрісу ғұрпының ежелгі нұсқасы ретінде мойындауға тура келеді. Ендеше, бұл ғұрып — қазақы қыстан шығудың қарапайым сәлемдесу дәстүрі емес,  оның ритуалдық сипаты бары аңғарылады.

Бастаңғы

Бастаңғы Көктен жаңа ырыс тілеу; жаңа Уақыттың жаңарған Кеңіске (жерге) келуін тілеу, пенделік пиғыл мен ниеттерді бір мезгілде бір арнаға тоғыстырып, Жаратқанға құрмет көрсету, оның назарына ілігу; таң атқанға дейін салтанатпен ұйқысыз өткізу  ғұрпы. Қыз-келіншектер дастарқан жасап, «Ұйқыашар» әзірлеуі, жігіттер бөлек жиналып, ғашықтарына «селтеткізер» дайындауы, егделерге «Белкөтерер» өткізілуі, Алтыбақан тебілуі —  осы Рәсімнің бөліктері болып табылады. Бастаңғы рәсімі «бас таң» тіркесінен құралған. Қазақ этнографиясында бекіген қыз-келіншектердің оңаша отырысының «бастаңғы» аталуы қисынсыз, ол есте жоқ ескі замандағы бас таңды қарсы алу отырысының сарқындысы ретінде сақталып, яғни сол таңды қарсы алудың өзі ұмытылып, атауы ғана қалған.

Ежелгі ғұндар бас таңды 9 күй тартып қарсы алған. Наурыздың  21-нен 22-не қараған түнгі таңның алғашқы сәулесін қарсы алып, басқы таңға сәлем ету, жас сәулеге шому, алғашқы пәк қуатқа кенелу рәсімі. Жалпы 9 саны — тәңірлік мәні бар сан.

Алтыбақан…

Алтыбақан ойын емес, ойынға тән ереже жоқ. Бірақ 7 сырықтан тұратын атрибуты бар. Демек, бұл әлдебір ежелгі жоралғының (ритуал) тетігі болғаны…

Жалпы, алты бақанды тігінен үш-үштен бастарын байлау мен жетіншісін олардың бастарын қосуға пайдалануда үлкен космогониялық таным жатыр. Бұл рәсімде ежелгі ғаламның пайда болу құбылысы орын тапқандай, бізге жеткен әфсаналар бойынша  алты күн ішінде жеті планета жаралды емес пе?! Ендеше, алты бақанымыз — ғаламның жасампаз алты күні де, сырық санының жетеу болуы — әуелгі жеті планета құрметіне деген нышан. Көлденең тартылған жетінші сырық — Күннің белгісі, ол сәулесімен Күн жүйесін жарықтандырып, біріктіріп тұрады. Ал бұларға бекітілген әлпеншек (әткеншек — маятник) Тәңір-Іңір дуализмінің үйлесімін паш етуге арналған қондырғы емес пе?! Тәжіктерде, сол секілді, жылына бір рет келетін мерекесінде корейлер де қыздарын әлпеншек тептіретін салты бар. Алайда, бұлардың алтыбақандық атрибуты кездеспейді.

Оның үстіне, қазақтарда алтыбақанды күн батуға дейін құрып бітіреді де, оны тебу салтанатын күн батқан соң бастап, таң атқанша жалғастыру рәсімі бар. Бұл дегеніміз — Жұт (хаос) пен Жаманаттың, Түнектің иесі болып табылатын Іңірге ырық бермеу ниетінің көрінісі, әрекеті, ырымы! Және де қазіргідей оны күндіз бала-шаға ермек етіп, әлпеншекке айналдырмаған, Алтыбақан тебу рәсімі ұлы Үйлесім бастамасы ретінде, қатал сақталған. Ендеше алтыбақан — Наурыздың таңды қарсы алу ғұрпының бір атрибуты.

Аластау

Аластау немесе шырақ жағудың бірнеше мәні бар: Қыдыр атаның жолына жарық түсіру; отауды аластау, лас қуат пен кірден тазарту; үйдегі құт пен ырысты, жылу мен ошақты қадірлеу белгісі; аруақтармен сыйласу, оларға құрмет көрсету нышаны. Шырақ жалғыз болмауы керек.

Жамбы ату

Жамбы ату ежелгі адамдардың жаңа Күн ұлын таңдау ғұрыптарының бірі болған. Этнограф Т.Өмірзақ былай жазады: «Ежелгі түркілер: Ұлыс күндері жаңа киімдерін киген, сақал-мұрттарын күзеген; шаштарын тақырлап алған; алты күн бойы садақ тартып машықтанған; жетінші күні алтын теңге-жамбы атып жарысқан; жамбыға бірінші боп тигізген мергенге бір күн патша болып, ел билеуіне рұқсат берілген. Тәңірлік таным бойынша Садақ — Кеңістіктің, Оқ — Уақыттың баламасы іспетінде бірбүтін Ғаламның, Садақ — Ана тектің, Оқ — Ата тектің,  Садақ — Судың, Оқ — Ағаштың (Бәйтеректің) таңбасы ретінде танылған».

Құрбандық шалу

Мифтік кейіпкер Жәмшеттің ондаған жылқы мен жүздеген сиыр, мыңдаған қойды құрбандыққа шалғаны туралы аңыз «Авестада» жырланған. Қазақтың ас беру ғұрпы, Наурыз қарсаңында аруақтар құрметіне құрбандық шалу, иіс шығарып шелпек пісіріп тарату секілді малсадақа мен нансадақа салттары осындай ежелгі сенімнен бастау алады.

Наурыз басталардан бұрын Аруақ әлемінің қажетін «Иіс» рәсімімен өтеу «жеті шелпек» пісіріп, дұға оқумен жүзеге асырылған. Бұл да наурыздық ұқтырымдардың сарқыты.

Ұйқыашар, селтеткізер, белкөтерер…

Ұйқыашар — бойжеткендер тарапынан ғашық жігіттеріне арнап пісірілген, Ырыс таңын (Қыдыр түні) қарсы алу кезіндегі дастарқан мәзірі. Қазақтың ежелгі дәстүрі болса да, кәзіргі заман талабына кіріктірілмей келеді.

Селтеткізер — жігіттер тарапынан бойжеткендерге арнайы, алдын ала, әзірленген сыйлық. Белкөтерерқариялардың Ырыс таңын қарсы алу кезінде тамақтануына арналған мерекеге лайық ас мәзірі.

 Серік ЕРҒАЛИ,

этнограф.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button