Әлеумет

Адамға сәжде қылмаған…

Албасты басқыр…

Қазақта осындай сөз бар. «Албасты бассын», «қара басты», «түлен түртті», «марту басты», деген тәрізді жаман сөздерді де білеміз. Махамбеттің Жәңгір ханға айтқан «Хан емессің, қасқырсың, қара албасты басқырсың»  дегені есіңізде болар. Осындағы албасты деген не? «Албасты» деген сөзді қазақ әдетте жек көрген, суқаны сүймейтін адамына қаратып айтады.

«Албасты басты» деген сөздің мағынасы «құдай атты», «байқамай жамандық жасадым», «көзімді шел басты», т.т. деген сөзге келіңкірейді.

Белгілі тарихшы, ғалым, мифолог Серікбол Қондыбай «албасты» деген сөзге мынадай түсінік береді: «Албасты – емшектері салбырап жүретін, су жиегінде алтын шашын тарап отыратын сұлу қыз, келіншек. Ол сумен байланысты, су жағасында өмір сүреді. Атқа мінгенді, ат жалын өріп қойғанды жақсы көреді». Албастыны сұлу әйел бейнесімен байланыстыратын басқа да шығармалар бар.

Өскемендік жазушы, биолог Борис Щербаков кісікиік туралы мынадай бір жайды баяндайды: «Бұл оқиға ертеде болған. Виталий Хохлов атты жазушы-ғалым болған. Санкт-Петербургте оқыған ол туған қаласы Зайсанға жиі келіп тұрыпты. Студент кезінде сол қаладан Зайсанға келген ол бір ерекше оқиғадан құр қалғанын естиді. Сәуір тауының маңынан зайсандықтар адамға ұқсас тірі жанды ұстап алған екен. Жынысы – әйел. Қатты даурыққан ел не істерлерін білмей, әлгі мақұлықты байлап тастаған. Баз біреулер оны өлтіріп, қарақшы бейнесін жасап қояйық депті. Алайда кеңесе келе, олар беймәлім жанды босатып жіберген. Дәл осы оқиға Хохловтың «Қар адамы» атты кітабында баяндалады. Ал Оралхан Бөкейдің «Қар қызындағы» елес-қызды кім немесе не деп айтуға болады?

Әзірбайжандар қар адамын «алмасты» деп атайтын көрінеді. Ал С.Қондыбай «албасты» деген сөздің басқа халықтардағы параллельдері жөнінде былай дейді: «Тәжікте – албасти, лезгинде – ал паб, лақ мифінде – алмас хатун, тат мифінде – дедей немесе рутул, агул мифологиясында – албасти, андийлықтарда – гогочи, грузиндерде – али немесе алкали, талыш мифінде – ала жен, курдтарда – алк, хал анасы, моңғол тілділерде – алмас, құмықтарда – бастырық, өзбектерде – азатқы, мартув, қырғыздарда – азатқы, қарақалпақтарда – мартук, зарафшандық өзбектерде – сары қыз…  деп атайды». Лезгин мифінше, ал пабтың емшегін балаға берсе, бала өледі, ал үлкен адамның үстіне қойса, адам ауырады, не жынданып кетеді екен. Ал грузиндер «алкали» деп атайтын албастының тісі мен тырнағы жезден болатын көрінеді. Ол адамды суға әкелуге тырысады екен. Кейде оны грузиндер әдемі алтын шашты, ақ көйлекті қыз ретінде бейнелейді де, оның шашын не тырнағын кесіп алса, онда ол сенімді қызметшіге айналады деп сенеді екен.

Қазақтың оқымаған, бірақ бәрін білетін мықты кемпірлері әдетте жас босанған әйелдерді жын-періден, албасты басқаннан сақтау үшін адыраспан жағып, үйді аластап жатқандары. Албасты жас босанған, не аяғы ауыр әйелдерге үйір боп келеді екен. Жас әйелге, жаңа туған нәрестеге зияндық жасайды, өкпесін ұрлап алып, суға салады, кеудесіне мініп алып, тұншықтырады дейді мифолог.

Қазақта «марту басты» деген сөз де бар. Марту да албастының бір түрі. Үлкендердің күнмен таласа ұйықтауға болмайды деген сөзін білеміз. Күн ұясына кіріп бара жатқан ымырт шақта әлгі албасты, мартулар серуенге шығады екен-мыс. Сол серуендеп жүрген кезде ұйықтап жатқан адамдардың кеудесіне мініп алып отырады екен-мыс. Біртүрлі ұйқы басып, ұйқысын аша алмай, маужырап, жасайтын жұмысынан қалып отырған адамның «марту басты ма…» деп отырғанын жиі естиміз.

Шайтан алғыр…

Бұл сөзді де адамдардың аузынан жиі естиміз. Кішкентай балаға дей       ін «шайтан келе жатыр» десең, көзі шарасынан шығып, қорқып қалады. Сол шайтан деген  пәленің «арғы атасы» жын екен-мыс. «Жын» араб сөзі көрінеді. Ол «жасырын, көмескі болу, көзге көрінбеу» дегенді білдіреді. kk.wordpress.com сайтында берілген Айдар Шорабектің мақаласында айтылғандай, жындар да мұсылман, кәпір болып екіге бөлінеді екен. Жынның кәпірін «шайтан» деп атайды-мыс. «Шайтан» деген сөз «Алланың рахметінен алысталған мақұлық» деген ұғымды береді. Өзіміз білетін Ібілістің де «түп атасы» жын көрінеді.

«Кейбір дерек көздерінен алынған хабарларға қарағанда, осы жер планетасында адамзаттан көптеген дәуірлер бұрын жындар қауымы өмір сүрген көрінеді. Осы жындар қауымы бірте-бірте Алланың айтқандарынан бас тартып, жер бетінде күнә-күпірлікті, зұлымдықты қаптатып жібереді. Ақыры олар Алланың қаһарына ұшырайды. Құдіреті күшті Құдайдың пәрменімен жерге түскен періштелер жындардың тоз-тозын шығарып, қырып-жоя бастайды. Жындар жанұшыра қашып, алыс аралдарға, шың-құздарға тығылып бас сауғалайды. Әйтеуір, тасаланып, пана тауып жан сақтауға тырысады. Солардың ішінде бір жынның баласы бір үңгірде бой тасалап отыр екен. Оның Алла сөзін айтып отырғанын періштелер естиді. Қараса, өрімдей жас, өзі сүйкімді бала жын екен. Періштелер оны өлтіруге қимайды. Ақыры, оны Алланың рұқсатымен періштелер көкке көтеріп ұшады. Осы жынның баласы кейін Ібіліс атанады. Міне, осы кезден бастап Ібіліс періштелердің арасында тәрбиелене бастайды. Ол қабілеттілігімен көзге түседі. Ол тіпті Аллаға мадақ-мақтау айту жағынан нұрдан жаралған періштелерден озып кетіп, өзі де періште дәрежесіне көтеріледі. Тіпті, Ібіліс періштелерге жетпіс мың жыл дәріс берген екен деген де дерек бар. Әйтеуір, осындай жетістіктер Ібілісті аса дандайсытып жіберген секілді. Кейбір деректерге қарағанда «Алланың менен жақсы көретін мақұлығы жоқ шығар» деген де астамшылыққа барған көрінеді. Сонымен, Ібілістің түбі – жын екеніне толық көзіміз жетті», — деп жазады автор әлгі мақаласында.

Құран Кәрімде Кәһф сүресінің 18-аятында: «(Мұхаммед Ғ.С) сол уақытта періштелерге «Адамға сәжде қылыңдар» деген едік. Ібілістен басқа бүкіл періштелер сәжде қылған еді. Жыннан болған ол Раббының әмірінен бас тартты» дейді. Яғни, Алла Тағаланың әмірінен бас тартып, жәннанттан қуылған Ібіліс өзінің қаһарға ұшырап, қатты қайғырғанын Жаратқанның артық қылып жаратқан адамның кесірі деп, адамдарға қатты кектесіпті. Содан бері ол адамның жолын кес-кестеп, оны бұрыс жолға салып, аздырудың амалын жасап жүр деседі-мыс. Сол Ібіліс адамның сол жақ иығына отырып алып, адамды теріс жолмен жүруге, оны алдап-арбап, шайтанның құлы болуға итермелеп, өзімен бірге тозаққа алып кетуге тырысады екен деседі.

Ібілісті бағындыру

Үлкен кісілерден естіген талай әңгіме бар. Мысалы, бірде менің молда нағашы атам шайтан ұстап алыпты. Кәдімгі шашы жалбыраған, тырнақтары сояудай пәлені ұстап алып, бейшараны шашын жұлып, шыңғыртыпты. Шайтан сонда атамның алдында: «Мені қоя бер, жеті ұрпағыңа жамандық жасамаймын» деп уәде беріпті. Пәле, шайтаныңа шейін өз сөзінде тұрады екен ғой. Молда атам шайтанның шашын кесіп алып, аяқ киімінің ұлтарағының астына салып жүріпті-мыс. Міне, шын ба, өтірік пе, әйтеуір осындай әңгімелерді мен үлкен кісілерден жиі естідім.

Серікбол Қондыбайдың «Гиперборея: түс көрген заман шежіресі» атты кітабында «албасты» деген нәрсеге толық түсініктеме беріліпті. Қараңыз:

«Албастыны адам бағындыра алады: ол үшін бір тал шашына ие болу керек; өзбектер мен түрікмендерде албастының магиялық кітабын, теңгесін, тарағын не кез келген бұйымын иелену арқылы бағынышты етуге болады. Ол айналғыштық қасиетке ие, жануарлар кейпіне, сондай-ақ жансыз нәрселерге айналып кете алады.

Қазан татарларының түсінігі бойынша ол арба, шөмеле үйіндісі, шырша болып көрінеді, мұнысы – қазақтағы жын-періге ұқсас. Әзірбайжандық түсінік бойынша, олардың аяғы құс аяғы сияқты болуы мүмкін, бұл қазақтағы – құсаяқ мыстан кемпірдің сықпыты. Қазақ түсінігінде олардың аяғы шайтандікі сияқты теріс қарауы немесе тұяқты болуы мүмкін.

Тувалық түсінік бойынша оның жалғыз көзі бар, мұрны тастан не мыстан жасалған, арт жағының еті жоқ болғандықтан, іш құрылысы көрініп тұрады. Қазан татарларында да сондай түсінік бар, яғни артынан іш құрылысы көрініп тұруы мүмкін. Батыссібірлік татарлар түсінігі бойынша олардың тырнақтары өткір болады. Қазақтар мен қырғыздар албастыларды сары (сасық) және қара деп екіге ажыратады.

Ауру мен түнгі үрей әдетте бастығырулар әкеледі, көбіне жас нәрестелер мен босанатын не босанған әйелдерге зиянын келтіреді. Түрік, әзірбайжан, қазақ, қырғыз, т.б. түсінігі бойынша албастылар адамның өкпесін, бауырын, жүрегін ұрлап, суға тастаса, адам (әдетте әйелдер) өледі екен. Түрік, қазақ, ноғай, құмық, тува түсініктері бойынша, албасты адам баласымен жыныстық қатынасқа түсе алатын көрінеді. Қазан татарларының түсінігі бойынша кейде албасты қан ішеді екен… Түрік түсінігі бойынша албастыны бағындыру үшін оның киіміне ине шаншып қойса болғаны»…

Бетті әзірлеген М.САТАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button