Басты жаңалықтарЭкономика

Кәсіпкерлерге мемлекеттен қандай қолдау бар?

«…Біздің стратегиялық мақсатымыздың бірі — елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай кем дегенде 50% болуын қамтамасыз ету. Бұл — өте өршіл мақсат, бірақ оған қол жеткізуге болады».

 Мемлекет басшысы Н.НАЗАРБАЕВТЫҢ

«Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік»

Жолдауынан.

Әдетте көптеген кәсіпкерлер, әсіресе өз ісін енді бастағандар қайда барып, нендей шаруаларды атқару керектігі туралы жан-жақты біле бермейді. Соның ішінде мемлекеттік бағдарламалар арқылы қаржылай көмектер, несие немесе субсидияларды алудың талап-тәртібіне қанық азаматтар соншалықты көп емес. Біз осы мәселелердің жай-жапсарын білу үшін сала мамандарымен сөйлескен едік…

 «Даму» қоры: Бәрі бизнес-жоспарды дұрыс құрудан басталады            

Бұрынғыдай емес, кәсіпкерлікке бет бұрған жастарға мемлекет һәм ұлттық компаниялар тарапынан көрсетіліп отырған демеу соңғы жылдары алабөтен. Бұны «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы облыстық филиалының маманы Жәнібек Құдашов айтады. Оның сөзінше, «Ақтөбе жас старт-2» бағдарламасы — соған бірден-бір дәлел. Өткен жылы жергілікті биліктің қолдауымен қолға алынған жоба аясында 29 жасқа дейінгі қыз-жігіттерге өз ісін ашуға мүмкіндік беріледі. Бұл мақсатта олар 5 жылға дейінгі мерзіммен 20 миллион теңгеге дейін несие ала алады.

— Аталған несие түрі 8,5 пайызбен беріледі. Бұл қызмет түріне жүгінген кез келген адам «Даму» қорының 85 пайызға дейінгі кепілдігін пайдалана алады, қалған 15 пайызына несие алушы кепілдік ретінде жылжымайтын мүлігін немесе қаржысын сала алады. Жұмыстардың баршасы екінші деңгейлі банк арқылы жүргізіледі.

Мынаны ескеруіміз керек: бұл барлығына бірдей беріле бермейтін несие. Егер тілек білдірушінің бастамасы, ол туралы құрған бизнес-жоспары тың болса және экономиканың басым бағыттарымен сәйкес келсе ғана несие рәсімделеді. Сондықтан осы саладағы мақсат-мұратыңыз неғұрлым қызықты болса, соғұрлым ол сәтті жүзеге асады демекпін. Осы орайда бизнес-жоспар құруда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының жәрдем беретінін айта кету керек. Ең бастысы, жобаның берері мол болса, оған қатысты жасаған құжатыңыз да талапқа сай боп шығады. Кейін ол аз уақытта мақұлданады, — дейді Ж.Құдашов.

Сондай-ақ, аудандардағы кәсіпкерлерге арналған «Кең дала» бағдарламасы бар. Оның да талабы жоғарыда аталған жобамен үндес: 8,5 пайызбен 5 жылға дейін ұсынылатын несие. Тек «Кең даламен» 30 миллион теңгеге дейін қарыз алуға болады. Сосын бұған облыс орталығындағылар қабылданбайды.

Грантты кімдер ала алады?

Несиелер негізінен қолында қаражаты, болмаса жері бар кәсіпкерлерге бизнесін дамыту үшін беріледі. Ал қолы қысқа, бірақ талабы барларға қайтпек керек? Ондайда мемлекет ұсынатын гранттардың септігі орасан. Жылма-жыл облыста осындай жолмен оннан астам адамға қаржылай демеу көрсетіледі. Ол туралы Жәнібек Құдашов:

— Несие алуға кепілдігі болмай, қаражат көзі жоқ, бірақ мықты идеясы бар азаматтарға мемлекет мұндайда көмекке келеді. Барлық талаптарға сәйкес келетін іскер адамға 3 миллион теңгеге дейін грант алуға мүмкіндік бар. Мысалы, былтыр 12 ақтөбелік осындай қайтарымсыз ақшаға ие болды. Тағы қайталаймын, олардың ұсынған жобасының баламасы жоқ, әлеуметке өз игілігін әкелетін болуы керек, — дейді.

Оған үмітті адамдар алдымен екі күндік оқу курсынан өтіп, мамандарға бизнеске қаншалықты икемді екенін дәлелдеуі қажет. Тек содан кейін ғана олардың жазған бизнес-жоспары сала өкілдерінің арасында талқыға салынып, қолдау табуы мүмкін. Жолы болған сондай азаматтардың бірі — Жасұлан Ізтілеуов. Жігіт ағасы 2,7 миллион теңгеге мүгедек жандардың жаттығуына арналған құрылғылар жасайтын цех ашқан. Өткен жылдың жазында тәуекелге бел буған азамат кәсібінің бүгінде табысты жүріп жатқанын тілге тиек етті.

— Менікі инновациялық құрылғы болғандықтан шығар, грант алуда онша көп қиындық көргенім жоқ. Былтыр наурыз айында тиісті органдарға өтініш білдірдім, оң нәтижесі жаз мезгілінде шықты. Сөйтіп, кәсіпті лезде бастап кеттік.

Қазіргі таңда қарамағымда екі адам бар. Бәріміз мүмкіндігі шектеулі жандардың шынығуына арналған құрал-жабдықтарды жасаймыз, — дейді Жасұлан.

Айтпақшы, жоспар бойынша грант бөлетін жоба алдағы сәуір айында жалғасын таппақ. «Дамудың» маманы өз сөзінде бұл жөнінде әлі қосымша хабарланатынын баян етті.

Мүгедек жандар да ескерусіз қалмайды

Денсаулығы дімкәс болса да, өз-өзіне жұмыс істегісі келетіндерді демеп жіберуге бағытталған арнаулы бағдарлама бар. «Даму-көмек» жобасы бойынша 2010 жылдан бері облыстағы 97 осындай жанға әртүрлі көмек берілген. Көбіне-көп заттай жәрдемдесетін демеушілер сол арқылы ерекше топтағы кәсіпкерлердің ризашылығына бөленіп жүр.

— Біз жалпы саны 400 жарымжан балаға ем көрсетеміз, олардың бос уақытының тиімді өтуіне жағдай жасаймыз. Адам ретінде қалыптасуына, дамуына қол ұшымызды береміз. Бірақ, біздің де белгілі бір нәрседен таршылық көріп жататынымыз жасырын емес. Осындайда көмекке келетін «Даму» қорының арнайы бағдарламасы бар екенін естіп, атымтай жомарттар жиһаз бен спорттық құрылғымен көмектессе деген тілегімізді білдіргенбіз. Біраз уақыт өткен соң өтінішіміз орындалып, қажет заттарымыз сыйға тартылды. Осыны ұсынған қаладағы медициналық мекемеге (өздерін таныстырудан бас тартыпты — А.С.) алғысымызды білдіреміз, — дейді «Ғажап» мүгедек балалар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ботагөз Дүйсекова.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы облыстық филиалының бас менеджері Әліби Сабырдың айтуынша, аталған бағдарламаның шарапатын көмекке шынымен мұқтаж жандар оларға хабарласып, сұраныс білдірсе ғана көре алады. Әрине, олардың жобасы өзгелерден ұтымды болуы шарт…

«Олар да оқуы қажет…»

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы облыстық филиалының маманы әңгіме барысында, қай кәсіпкер болсын, грант немесе несиені алмастан бұрын әуелі оқу курстарынан өту керектігін атап өтті. Яғни арнаулы білімсіз ештеңе де өнбейді. Сол үшін бірнеше жылдан бері «Бизнес кеңесші», «Жаңа кәсіпті ашуды қолдау» оқу курстары ұйымдастырылып келеді. Аталған екі жоба да ақысыз негізде іске асады. Сәйкесінше, бойында талабы бар қыз-жігіттер мұндай шараларға ерекше қызығушылық танытатын көрінеді.

— «Бизнес кеңесші» — бар болғаны екі күндік оқу курсы. Тез әрі тиімді, жас кәсіпкерлерге берері мол жоба. Мұнда бизнестің қыр-сыры, оны кәсіби, заңға сәйкес жүргізудің жай-жапсары түсіндіріледі.

Ал өткен жылы өз бастауын алған «Жаңа кәсіпті ашуды қолдау» жобасының көздегені —  бойында кәсіп жүргізуге қабілеті бар ақтөбеліктердің шеберлігін шыңдау, олардың өз ісін бастауына сеп болу. Бірақ, бұл арнаулы курстан екінің бірі өте алмайды.

Бұл жоба 2016 жылдың басында біздің қордың ұйытқы болуымен қолға алынды. Өйткені қай уақытта болсын, бізге келіп, жөн сілтеуімізді сұрайтындар көп. Ал олардың барлығын бірдей қамтып, түгелдей дерлік сұрақтарға жауап беру мүмкін емес. Оның үстіне, ынталы топқа кіретіндердің көпшілігі әрқилы мәселелерімен келіп жатады, әрқайсысымен жеке-жеке жұмыс істеу керек. Сондықтан біз осындай жобаны ұсындық.

Басым бағыттар — экономикалық, әлеуметтік, экологиялық жобалардың авторлары кәсіпкерліктің алғышарттарын меңгеру үшін курсқа қабылданады. Бұл жобасы талапқа сай болмағандар тыс қалады деген сөз емес. Оларға қайтсе жобасын тиімді етудің жолдары көрсетіледі. Яғни олар жұмысын одан сайын жетілдіріп, кейіннен тағы да қатыса алады, — дейді әңгімелесушіміз.

Тек 18 жастан асқандар қабылданатын жоба аясында былтыр 116 адам білімін жетілдірсе, биылдыққа олардың саны әзірге 40-қа жуықтайды. Әр тоқсан сайын өтетін бағдарламаның кемінде 2-3-і жыл соңына дейін ұйымдастырылмақ.

Тоқсан сайын жер-жерден білікті мамандар шақыртылып, келушілерге бизнес-идеяны құрудың қыр-сыры, кәсіпкерлік негіздері, шағын және орта бизнесте кездесетін қиындықтардан ұтымды шығудың жолдары, құжаттарды қалай толтыру керектігі, т.б. үйретіледі.

P.S. Сала мамандары жыл басталғалы «Даму» қорының Ақтөбедегі бөлімшесінде 1031 адамға қызмет көрсетілгенін, олардың көпшілігі мемлекеттік бағдарламаларға қатысу, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бойынша балабақша ашу, т.б. сұрақтар бойынша кеңес сұрайтынын айтады.  Жолығатындардың дені 30 жастан асқан, өмірде өз орнын айқындағысы келетін азаматтар екен… Оларды 5 кеңесші қабылдайды.

P.S.S. Кәсібімді ашамын, болмаса оны табысты жүргізудің аужайын білем десеңіз, «Даму» қорының облыстағы филиалынан ақысыз кеңес алуыңызға болады: Әбілқайыр хан даңғылы, 51/1. Телефон нөмірі: 703-808.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Сәлеметсіздер ма, мен өз бизнес бала-бақшасын Қарағанды облысы Балқаш қаласынан ашқым келеді.Екі жоғарғы оқу орнын аяқтадым.Қазіргі таңда мұғалім қызметіндемін. Бизнес жоспарымды құрып, несие рәсімдеу үшін мен қай жерге көмекке бара аламын? Бала бақша ашу үшін қандай құжаттар керек?

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button