Басты жаңалықтарЭкономика

Ақтөбеде баламалы энергия көзі дамиды

«Жаңа индустриялар қалыптастырудың маңызды шарты инновацияны қолдау және оларды өндіріске тезірек енгізу болып саналады».

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауынан.

Халықаралық энергетика агенттігінің деректеріне сүйенсек, әлемде жыл сайын энергияны пайдалану көрсеткіші өсіп барады. Мәселен, 1990 жыл мен  2008 жыл аралығында энергияны пайдалану көрсеткіші әр адам басына шаққанда 10 пайыздан асса, кейінгі жылдары бұл көрсеткіш бірнеше есеге артқан. Мамандардың пікірінше, энергияға сұраныстың бұлай артуы оның тапшылығын тудыруы мүмкін. Бұдан шығатын бір жол — баламалы энергияны дамыту.

 «Kimpersayenergy» азиядағы ең ірі жел электр  станциясы болады

Қазіргі таңда әлем осы мәселеге назар аударуда. Бұл проблемаға біздің мемлекетіміз де бейжай қарап отырған жоқ.  Себебі елімізде жыл сайын энергияға сұраныс артып келеді. Оның ішінде өндірістік аймақ саналатын Ақтөбе облысында  энергияның бір бөлігі әлі күнге дейін  сырттан тасымалданады.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы энергетика бөлімінің басшысы Ербол Нұрқасымұлының айтуынша, облыстың энергетикалық даму қарқыны жоғары. Ал өзіміздегі электр станциялары  сұраныстың 67 пайызын ғана қанағаттандырып отыр. Қалған қажетті энергоресурстың бір бөлігі Қостанай облысының «Жетіқара-Өлке» электр станцияларынан тасымалданса, енді бір бөлігі Ресейдің Новотройцк, Орск қалаларындағы электр станцияларынан жеткізіледі.

Облыс бойынша электр тасымалдаушы желілердің жалпы ұзындығы — 17 371 шақырым. Оның ішінде 14 798,62 шақырым —  «Энергосистема» ЖШС, 439, 4 — «KEGOK» АҚ, 440,2 — «МК КТЖ» мекемесіне тиесілі.  Өткен жылы  жерілікті желілерден  өндірілген  энергияны өндіру жиынтығы  — 3 146,2 миллион кВт/сағ. Жалпы облыстың энергия тапшылығы —245 МВт. Ербол Нұрқасымұлының айтуынша, энергетикалық тәуелсіздік энергетикалық қауіпсіздікке байланысты. Сондықтан аймақта баламалы энергетиканы дамыту маңызды болмақ.

Облыстық  индустриялық-инновациялық даму басқармасы инвестиция бөлімінің жетекшісі Алмас Мұңлықовтың мәліметінше, баламалы энергетиканы дамыту бойынша өңірде  бірқатар ірі жобалар іске асырылмақ. Үкіметтің  «2020 жылдарға арналған Қазақстанның баламалы энергетиканы дамыту» бағдарламасына екі жоба еніп отыр.

Оның біріншісі —  Қарғалы ауданының Кемпірсай ауылы маңынан салынатын 300 МВт-тық жел электр станциясы. Құны 600 миллион АҚШ доллары болатын жобаны «KimpersayEnergy» ЖШС жүзеге асырады. Жобаны американдық компания қаржыландырады.

Жобаның бірінші кезеңі биыл жүзеге асуы тиіс болатын. Алайда қаржы нарығындағы бағаның тұрақсыздығы, теңгенің құнсыздануы және өзге де экономикалық жағдайлар  жобаның кеш басталуына себеп болды.

Бірақ ешқандай компания бұл жұмыстардан  бас тартқан жоқ. Баламалы энергетика бойынша алғашқы жобаны биыл бірінші жартыжылдықта бастау жоспарланып отыр. Серіктестіктің 300 МВт-қа қосылу бойынша «KEGOK» акционерлік қоғамы мен  Инвестициялар және даму министрлігімен бекітіліген зерттеу және техникалық экономикалық негіздемесі бар, — дейді Алмас Мұңлықов.

Жобаның бірінші кезеңінде, яғни 2017-2018 жылдары электр станциясы 100 МВт-тық тоқ өндіреді. 2020 жылдарға дейін энергияны өндіру көлемін сатылап өсіріп, 300 МВт-қа дейін жеткізу жоспарланған, яғни жобаның екінші кезеңі жүзеге асқанда станция Азия елдері аумағындағы ең ірі электр станциясы болмақ.

—Бұл ірі жел электр станциясы іске қосылғанда облыстың энергия торабындағы тапшылығын жабуға болады, әрі  сырттан келетін импортты ығыстырады. Сонымен қатар атмосфераға шығарылатын зиянды қалдықтардың көлемі азайып, экологиялық жағдайдың жақсаруына септігін тигізеді. Өңірдің экологиялық ахуалы  аса мәз емес екенін ескерсек, бұндай жобалар қажет-ақ, — дейді Алмас Мұңлықов.

Баламалы энергетиканы дамыту бағдарламасына енген екінші жоба — «ARM WIND» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыратын Бадамша жел электр станциясы. Қуаттылығы 96 МВт-тық электр станциясы Қарғалы мен Хромтау аудандарының қиылысына салынады. Жобаның құны — 125 миллион АҚШ доллары. Негізгі жабдықты жеткізуші инвестор — «General Electric» компаниясы. Қазіргі таңда қажетті құжаттардың барлығы дайын. Құрылыс келер жылы басталады.

Қарғалы мен Хромтау ауданының маңы жел электр энергиясы қондырғыларын орнатуға өте қолайлы. Себебі бұл аймақта тұрақты жел ағымы бар, әрі құстар бір бағытқа ұшады. Сондықтан жобаны жүзеге асырушылар осы аймақты таңдады, — дейді  инвестиция бөлімінің жетекшісі.   

Сондай-ақ алдағы уақытта жел электр станциясынан бөлек, күн электр станциясын салу да жоспарда бар.

Гибридтік жүйенің тиімділігі неде?

Қазіргі таңда Ақтөбеде еліміздің батыс өңірі бойынша баламалы энергия өндірумен айналысатын тағы бір серіктестік бар. Ол — «Basis Group KZ» ЖШС-сы. Бұл серіктестік жел мен күннен қуат алатын фотоэлектрлік модуль, яғни қарапайым тілмен айтқанда, қуат батареяларын орнатумен айналысады.  Бұндай батареялар электр жарығы жоқ аймақтар үшін пайдалы. Үйдің немесе қораның төбесіне орнатылатын батареялар күн мен желден қуат алып, жұмыс істей береді. 2010 жылдан бері батыс өңірде осындай 150 жоба жүзеге асырылыпты. Серіктестік директоры Естай Сисенбаевтың айтуынша, Ақтөбе өңірі жел, күн электр станцияларын орнатуға аса қолайлы аймақ емес.

Ақтөбеде Хромтау ауданында  ғана жел электр станциясын орнатуға болады. Ал қалған өңірлерде желдің ағымы нашар. Ал күн батареяларының жұмыс істеу қарқыны жаз айларында ғана жоғары болады. Себебі қыста күннің шығуы сирек. Сондықтан біз батареялардың барлығын гибридтік жүйе бойынша орнатамыз. Яғни жүйе күннен де, желден де қуат алады. Егер күн болмаса, жел энергиясы алынады. Ал жел тұрмаса, күн көзінен қуат алады. Осылайша екі жүйе қатар қолданылады. Негізінен малшылардың үйлері мен қораларына, вагондарына осындай гибридті энергия үнемдегіш батареяларды қондырып береміз. Жылқы шаруашылығымен айналысатын азаматтар вагондарына орнатып алады. Осының арқасында олар  электрмен жұмыс істейтін техниканың барлығын пайдаланып отыр, — дейді Естай Ибрагимұлы. 

Аталған серіктестік қондырғылардың негізгі бөлшегін  Германия, Ресей және Қытайдан алдыртады. Нарықтағы бағаның тұрақсыздығына байланысты қазір батареялардың құны өскен. Осыдан екі жыл бұрын 1 КВт-тың құны  800 мың теңге болса, қазіргі күні 1 миллион 800 мың теңге тұрады. Егер вагондарды өздері құрастырып, жабдықтайтын болса, оның құны тіпті шарықтайды. Бір вагонның бағасы  2-3 миллион теңгеге жетеді.

Қазір сатып алушыларға бағаны айтуға ұяламыз. Себебі құрастыратын жабдықтардың нарықтағы бағасы шарықтап кетті. Ал бұл негізгі өнімнің құнына әсер етеді. Ірі шаруашылықтар болмаса ұсақ кәсіпкерлерге батареяларды орнату қиын. Осыдан екі-үш жыл бұрын мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдау үшін баламалы энергетика көздері тегін қондырылып берілетін. Оның ішінде «Агробизнес — 2020» бағдарламасының тиімділігі көп болды. Су ұңғымасын қазып, батареяларды орнатса, мемлекет оның 80 пайызын субсидиялап отырды. Осы бағдарлама бойынша біз облыста бес өңірге баламалы энергетика көздерін орнаттық, — дейді Естай Сисенбаев.

Аталған серіктестік баламалы энергияны  қолдану арқылы тағы бір қондырғыны  ойлап тауыпты. Бұл ауыл шаруашылығында қолданылдатын вагондарға орнатылады. Арнайы қондырғы гибридтік батареядан қуат алып,  вагонның ішін жылытады. Бұл қыста жылқы бағып, малдың соңында жүретін шаруалар үшін қолайлы. От жақпай-ақ суық вагонды жылыта алады.

P.S.

Жалпы баламалы энергия көзіне көшу —  біздің еліміздің алдында тұрған үлкен мәселе. Бұл проблема  Мемлекет басшысының да Жолдауында айтылып жүр.  Себебі  көмірсутегі экономикасының дәуірі аяқталып келеді.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button