Таным

«Беріп кет сақинаңды мыс та болса…»

Қолөнері қатты дамыған қазақ халқында жиһаздық бұйымдар мен зергерлік
заттардың, ұлттық киімдердің түрі көп. Әсіресе, қазақ зергерлерінің өте көп жасайтын әшекейлерінің бірі –сақина мен жүзік.

Сонымен…

Сақинаны сәнге салмайды…


Сақина – естелік, сыйлық, тіпті, мұралық белгі. Халқымызда қалыптасқан дәстүр бойынша, ас адал болуы үшін оны дайындайтын, дастарқанға қоятын, шай құйып беретін әйелдің саусағында міндетті түрде сақина болуы тиіс.

Жалпы сақинаны жасағанда алтын мен күміс, жез бен мысты пайдаланған. Солардың арасында көбірек қолданғаны — күміс. Себебі күмістің тартымды, сыйқырлы қасиеті бар деп есептелген және алтынға қарағанда күміс арзан және жұмсақ, әрі жарасымды. Оның тіл-көзден, түрлі сырқаттан сақтайтын, тазартатын қасиеті бар деп сенген.

Сондықтан көбінесе әйелдерге күміс сақина тағу ұсынылады. Алайда алтын сақина тақса да айып емес. Оның да жақсы әсері бар. Сол себепті қазақтар «Сақинаны сәнге салмайды, ол – тазалыққа таразы», «Сақина сәнге жатпас, айқай әнге жатпас», — дейді. Демек  халқымыз сақина соғылатын күміс, алтынның таттануға ұшырамайтынын, олардың судың, тамақтың тез бұзылмауына септігін тигізетінін, денсаулыққа жағымды әсер ететінін тым ерте байқаған. Мәселен, жас келіншек нәрестесін шомылдырарда, жаялығын жуарда ауылдағы қарт әжелеріміз оған: «Қолыңа күміс сақинаңды салып ал, ол тазалыққа, адалдыққа жақсы», – деп айтып отыратын болған. Тіпті, нәрестені қырқынан шығарарда оны шомылдыратын суға да күміс теңгелерді немесе күміс, алтын сақинаны, білезікті салмайды ма? Бұл – әлгі зергерлік заттарды сәбиді қырқынан шығарушы әйелдерге арналған сыйлық ретінде емес, халқымыздың сондай асыл заттарды қасиетті санауынан қалыптасқан дәстүр.

Асыл тастан жасалған сақиналар

Сақиналардың кең тараған түрі — асыл тастан немесе  әйнектен арнайы көз салғандары. Ел ішінде ежелден асыл тастар тіл-көзден сақтайды деген сенім бар. Ал мөлдір шыны әйнектен көз салу – дүниенің бәрін көріп тұр деген ұғымға саяды, әрі сақинаның сәулеге шағылысқан жарқылының өзі-ақ жарасымды көрінеді. Қазақ шеберлері асыл тастарды қырып-жонып көп өңдеуге салмаған, қайта табиғи сынын, түр-түсін бұзбай қаз-қалпында пайдалануды жөн көрген.
Ежелден ел арасында інжу – ноғала, сүйелді, шәйіртас (янтарь) – алқым ісігін жазады, ал маржан – қарғыстан, тіл-көзден сақтайды, құлпырма маржан – өсек аяңнан қорғап, дәулет, бақыт әкеледі деген сенім бар. Әсіресе, қызғылт ақыққа жұрт көп әуес болған. Оны қуаныш пен игілік сыйлайтын асыл тас деп есептеген. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) «Кім де кім сақинасына қызғылт ақықтан көз салса, сол адам дәулетті де шат өмір кешеді» деген. Таяу Шығыста бұл тасқа иесінің аты, немесе, құран аяттарынан үзінді жазылатын болған. Барша көшпенді халықтар тәрізді қазақтар да бұл тасты қуаныш пен молшылық сыйлайды дегенге сенген. Аталған асыл тас  ер адамға дәулет әкеліп, әйелдерді бедеуліктен сақтайды, қарияларға қайрат сыйлап, мейірімін молайтады.

Зергерлік асыл тастардың ең әдемілерінің бірі —көгілдір ақық, яни бирюза. Парсы тілінде «фируза» – «бақыт тасы» деп аталады. Араб тілінде фирузадж «жеңіс сыйлайтын, жолы болатын тас» дегенді білдіреді. Парсылардың  сенімі бойынша көгілдір ақық махаббат жолында жан кешкен аруақтардың сүйегінен жасалған-мыс. Ал қазақтар оны бақыт пен сәттілік тасы деп түсінген.
Сондай-ақ сақиналарға янтарь тасын жиі салады. Янтарь – күн сәулелі тас, яғни,  «кереметті тас» саналған. Халық нанымында асыл тастардың кейбіреуі адамға құт әкеледі, жаңбыр шақырады, тіл-көзден сақтайды. Ал, янтарьдың ғажайып сипатын грек ғалымдары осыдан 2500 жыл бұрын білген көрінеді. Оны парсы тілінде Хахруба (өзіне тартқыш) деп атайды екен. Янтарь тегінде бір түрлі ағаштың сорғыған шайырынан шығады. Оның ішінде құрт, құмырсқа, қоңыз сияқты жәндіктердің денесі тірі кезіндегі қалпын сақтап қалып та қояды. Бұл жөнінде М.В. Ломоносов тіпті, «Қабырың хандардан да артық екен», – деп, янтарь ішінде қалып қойған шыбын-шіркейге арнап өлең де шығарған.

Жүзік

Сақина мен жүзіктің өзіне тән айырмашылықтары бар. Мәселен, сақинаның бауыры жүзікке қарағанда жалпақтау келеді. Қазақтар ертеде құдағи, құстұмсық, құсмұрын жүзіктерді шебер зергерлерге арнайы жасататын болған.

Қазақ салты бойынша қыз шешесінің құдағиына сыйлайтын, қос дөңгелекті, үсті тұтас қомақты асыл тастардан көз қондырылып, алтынмен қапталған қымбат бұйымды «құдағи жүзік» деп атайды. Ол кәдімгі қос балдақ жүзікке ұқсас болғанымен, одан көркем, ерекше жасалынған. Қыздың шешесі құдағи жүзікті зергерге әдейі тапсырыспен жасатады. Бұл бұрын бұлжытпай орындалатын салттардың бірі болған.

Құдағи жүзіктің бауырында екі саусаққа бірдей кигізетіндей қосарланған екі сақинасы болады. Оның беті асыл тас, түсті шынымен, алтындалып әсемделеді. Кей жерлерде ұзатылған қыздың енесіне бір жылдан соң тарту етіледі. Себебі, құдағи жүзік жаңа түскен келінге шын мәнінде аналық қамқорлық жасаған енеге берілуге тиісті. Құдағи жүзікті оң қолдың ортаңғы саусағына кигізгенде, ол төрт саусақтың сыртын түгелдей жауып тұруы шарт. Сондай-ақ аталған жүзікті екі жас қартайғанша бірге өмір сүрсін деген ниетпен сыйға тартады.

Құстұмсық жүзіктерді бақыттылықтың, тәуелсіздіктің, еркіндіктің белгісі ретінде бойжеткен қыздар таққан. Сондай-ақ құстұмсық жүзікті жорыққа аттанған жігітке сыйлаған, мұндағы тілек аман-есен жылы ұяңа қайтып орал дегенді білдіреді. Ал құс дегеніміз әуелден еркіндік пен бақыттың, қайырым мен мейірімнің нышаны.  Тіпті кей уақыттарда сәлемдеме ретінде туыстар арасында дәнекер қызметін атқарған. Құсмұрын жүзіктерді жас келіншектер тақса, ал үлкен тасбақа қабығына ұқсас жүзіктерді ұзақ өмір жасау символы деп санаған.

Қазақ зергерлері тастан көз салған сақиналармен қатар отау жүзіктерге ерекше мән берген.  Бұл үстіңгі беті алтын, не күмістен өрмеленіп отау пішінінде пістеленіп не шекіліп, я термеленіп жасалады. Ал шеберлердің жималы жүзік деп аталатын дүниесін бөлу оңай болғанмен жинау қиын. Ол сақинаның өзі төрт-бес жүзіктен тұрады. Күн нышанын білдіріп жарқыраған дөңгелек сақиналар саусаққа ерекше көрік берген. Олардан өзге құйма жүзік, ойма жүзік, соқпа сақина, күмістен қарайтылған бағдар жүзік, өрме жүзік, керме жүзік, терме жүзік, баспа жүзік деген сияқты сақиналардың алуан түрлері болған.

Неке сақинасының сыры көп

Сақина немесе жүзікке байланысты бүкіл халықта ырым-жоралғылар бар. Ол көбінесе неке сақинасына байланысты айтылады. Осы ырым-жоралғыға жүгінсек, неке сақинасы сөз жоқ, жұп-жұмыр, кедір-бұдырсыз, әрі көзсіз болғаны шарт. Ол – жас жұбайлар кедергісіз өмір сүрсін, бақыттары сол сақинаның дөңгелегіндей шексіз, таусылмайтын болсын деген ырым.

Неке сақинасын алмастыру дәстүрін, болжам бойынша, мысырлықтар ойлап тапқан. Сақинаның дөңгелек формасы – мәңгілік жұптар арасындағы шексіз бақыт пен махаббатты білдіреді.

Еуропалықтар жас босанған ананың саусағында міндетті түрде неке сақинасы болуы керек деп санаған. Олардың түсінігінше сақина қиналмай босануға көмектеседі. Ал Скандинавия елінің ырымына назар аударсақ, мұнда қаралы отбасы мүшелеріне (кәмелетке толғандарға) 40 күнге дейін күндіз-түні саусағынан бірде бір сақинаның  алынбауы бұйырылады. Олай болмаған жағдайда, марқұм көңілден кетеді, ұмыт болады, ал ұмыт болса, марқұмның рухы, аруағы қайта оралып келіп, ұйқыға кеткенде сақина тақпағанды қинайды, тұншықтырады екен…

Сақина және медицина

Жүзік  және сақина жөнінде медицинада түрлі болжам көп. Белгілі ғалым рефлексотерапевт М.И.Анисимовтың тұжырымы бойынша, қалың, ауыр немесе тар сақиналармен саусақтарды «жазалауға» (қинауға) болмайды. Әр саусақта — бүйрек, бауыр, өт, жүрек, жүйкеге тікелей байланысты жүйке нүктелері бар. Сақиналар кейде осы нүктелерді  дөп басып,  бүкіл қан-тамыр жүйесіне оң әсер ете алады. Ал кейде керісінше ұзақ уақыт сақинаны бір саусаққа салып жүру түрлі ауруға соқтырады.  Мысалы, сақинаны ұдайы ең кіші саусаққа салып жүрсе, адам артесклероз гипертония кеселдеріне ұшырауы мүмкін. Бүгінгі медицина, оның ішінде Шығыс медицинасы сақинаның бәрін де түнде шешіп жатуға, тіпті, жылына бір  ай сақина тақпай жүруге кеңес береді.  Жалпы гректерде өлген адам жерленгенде оның өн бойында сақина, сырға, алқа қалып қоятын болса, олардың ығында жын-шайтан, дию-перілер де қалып қойып, о дүниеде марқұмды азаптайды деген сенім бар.

Ерлердің сақина таққаны дұрыс па?

Ислам дінінде  некелесу кезінде екі жастың некесін қиюшы имам, молда күйеу жігіттен жұбайына нендей сыйлық ұсынатыны  жөнінде сұрайды. Бұл туралы  «Әс-сахих» кітабында Әл-Бұхари Пайғамбарымыздың қалыңдығына не сыйлау керек екенін сұраған адамға: «Сақина сыйласаң, темірден соқтыр» дегеніне куәлік етеді. «Жалпы әйелдерге әсемдік бұйымдарының рұқсат етілуі олардың жаратылысынан әсемдікке, әдемілікке құмарлығы мен соған сүйіспеншілігінен», — деп түсіндіреді дағуатшылар. Алайда әйелдер сақина, жүзік тәрізді әсем әшекейлерді ер адамдардың назарын өзіне аударту үшін тақса, олардың бұл ісі — харам. Шариғат білгірі Юсеф әл-Кардауидің айтуынша, ерлер үшін мыналарға тыйым салынған: таза алтын мен жоғары сапалы алтыннан соғылған құнды бұйымдар; табиғи және асыл жібектен тігілген киімдер.

Әлидің куәлігінше, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) сол қолына жібекті іліп, оң қолына алтынды алып: «Мұның екеуі де менің үмбеттерім үшін харам дүние», — депті. Сондай-ақ Пайғамбарымыз «Жібекке оранбаңдар, өйткені бұл дүниеде оны кигендер о дүниеде кимейді.Мұндай киім ер үшін жаратылмаған» деп пікір айтқан.

Ислам ер адамға алтын, күміс әшекейлерді тағуға, жібек киім киюге тыйым сала отырып, оларды байлыққа, дүние-мүлікке құмартпауға, әйелдердей сәнденбеуге тәрбиелейді, адамгершілік, қайырымдылыққа шақырады. Расында да саусақтарын, мойнын алтын сақина, алқамен жарқыратып, аузындағы тістерін алтындап, қолына бірыңғай алтын заттарды ұстап жүрген ер адамның әйелге ұқсап кетуі, ер мінезділіктен айрылуы, дүниеқоңыздылыққа салынуы әбден мүмкін ғой.

Жалпы, сақина таққанда есте болатын бір жағдай: ер адамдар қолына бетінде теңіз қарақшыларының жалауында болатын белгідей (өлген адамның бас сүйегі мен бір-бірімен айқасқан қос қылыш) мәнері бар, соған ұқсас, яғни, түрлі жын-шайтанның суреті бедерленген сақинаны тақпағаны жөн. Сақина тағудың сыры көп,  әйелдер үшін сауабы да мол. Тек олар өзіне қажетті сақинаны таңдай білсе болғаны.

Сақинаның түрлері

Қазақ тілінде сақинаға байланысты көптеген атаулар қалыптасқан. Олар мынадай:

  1. Ақық сақина – кішкентай ақық қондырылған сақина.
  2. Алтын сақина – таза алтыннан жасалған.
  3. Балдақ сақина – сақинаның саусақ үстіне қараған беті төртбұрыш болып келетін түрі.
  4. Бұрама сақина – алтын, күмісті есіп жасайды.
  5. Жез сақина – саусаққа салу үшін емес, қамшы, найза, пышақ, қылыш сабын бекіту үшін жасалады.
  6. Кавказ сақина – қара-ала өрнекті сақина түрі.
  7. Күміс сақина – таза күмістен құйып жасайды.
  8. Қола сақина – қоладан жасалған арзан сақина.
  9. Моншақты сақина – моншақ қондырылған сақина.

10.  Құсмұрын сақина – үсті дөңестеу келген сақина түрі.

11.  Мыс сақина – мыстан жасалған ортан қол сақина.

  1. 12.   Неке сақинасы – жас жұбайлардың үйлену тойында бір-біріне сыйлайтын сақинасы.

13.  Сақинек – пышақ, қылыш, т.б. құралдардың сапа жетесі сұғылатын жерін қы-сып тұру үшін мыс не күмістен жасалатын балдақ, мойнақ.

14.  Сіркелі сақина – бетіне ұсақ түйіршіктерден сірке өрнек салған сақина.

15.  Тасты сақина – тас, шыны орнатқан сақина.

  1. 16.   Темір сақина – темірден жасалған тығыршық, сақинек

Интернет материалдары бойынша әзірлеген Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

2 Comments

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button