МерекеСпорт

Палуан әрі бапкер

8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні қарсаңында тілшілер қауымы кейіпкер іздейтіні анық. Бұл жолы біз палуан боп бозкілемде белдескен, қазір талай сіңлісін тәрбиелеп жүрген Гүлнар Көшербаевамен әңгімелескен едік.

Хромтау өңірінің тумасы 12-13 жасынан бастап мектептің спорт залына барып, күресіп жатқандарды тамашалауды әдетке айналдырады. Бала кезінен ақкөңіл, қашан көрсең де жайдары жүретін қыз өздігінен ешкімге соқтықпайтын. Алайда, алған бетінен қайтпайтын табанды, қайсар боп өседі.

Бір күні Гүлнар Сарсай ауылындағы мектептің 9-сыныбын тәмамдап, Хромтаудағы сол кездегі кәсіптік-техникалық лицейдің оқушысы атанады. Сол кезден бастап ол лицейдегі спорттық шараларға белсене араласып, бұған дейін де біраз баланы спортқа баулыған, марқұм Қошқарбай Табановтың көзіне түседі. Гүлнар күрестің әліппесін үйреткен алғашқы жаттықтырушысы ретінде осы кісіні айтады.  Лицей қабырғасынан бастап-ақ Гүлнар самбо мен дзюдодан өткен облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, жүлдегер атанады. Сөйтіп, спортқа біржола ден қойған бойжеткен 1991 жылы Ақтөбедегі педагогикалық институттың денешынықтыру және биология факультетіне түседі. Осы кезден бастап оны Нұрлан Сибағатов жаттықтырып, ақыл-кеңесін аямай, баптап, жарыстарға апарып жүреді.  Кейіпкеріміз 15 жасынан бастап бозкілемге шығып, үлкен салмақта белдесе бастайды. Бірден ауыр салмақтан бастаған ол жүре-бара абсолюттік салмақтарда да талай бағын сынады.

Айталық, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, 2000 жылы Австралияның Сидней қаласында өткен ХХVII Олимпиада ойындарына Ақтөбеден қатысқан үш спортшының бірі — Гүлнар Көшербаева. Деректерге көз жүгіртсек, тіпті еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері Олимпиада ойындарына қатысқан біздің Ақтөбе топырағынан шыққан жалғыз қазақ қызы — осы Гүлнар Көшербаева.

Сондай-ақ, ол дзюдодан өткен Қазақстан чемпионаттарында 10 дүркін ел чемпионы, 3 дүркін Азия жүлдегері атанды. Самбо мен дзюдодан өткен көптеген халықаралық жарыстарға қатысып, бәрінен де бос қайтпады. Тағы бір айта кетерлігі, Гүлнардың спорт саласындағы жеткен жетістіктері мен еңбекқорлығы ескеріліп, 2013 жылы «Лучшие люди» халықаралық энциклопедиясының даңқ галереясына еніпті.

— Кілем үстінде 38 жасқа дейін белдесіппін. Қазір сіңлілерім мен қыздарыма айналған жеткіншектерге күрестің қыр-сырын үйретіп жүрмін. Негізі, баланың өзінің таудай талабы болса, қыз бала болса да, қарсылық танытпаған жөн. Себебі, спорттың қай түріне болса да, шын беріліп кіріссе, табысқа жетуге мүмкіндік бар. Тек жастарды қолдау қажет. Соңғы жылдары қыздар күресіне көп көңіл бөлу керектігі жиі айтылып жүр. Мен де осыған қосыламын. Меніңше, палуан қыздарға лайықты деңгейде көңіл бөлінсе, олардың тау қопарары анық. Қазір облыстық «Жастар» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде дзюдо жөніндегі әдіскермін. Белгіленген кестеге сай, 15 шақты қызды күреске баулып, тәрбиелеп жүрмін. Бар білгенімді жасөспірімдерге үйрету — мен үшін үлкен жетістік. Шәкірт демекші, менің де шәкіртім бар, ол — ел чемпионатының бірнеше мәрте жүлдегері Гүлден Ысқақова. Қазір ол тұрмыста, бөпелі болды. Қарабұтақтағы спорт мектебінде әдіскер боп жұмыс істейді, — дейді жаттықтырушылық жұмысы жайлы ол.

Әдетте, күресті қыздарға тән емес деп жатады. Шынында да бозкілемде белдесу мәнерлеп сырғанау немесе көркем гимнастика секілді емес.  Дей тұрсақ та Гүлнар күрестің ішіндегі ауыртатын әдіс-тәсілдері бар дзюдоны таңдапты.

— Кимононы киіп алып, кілем үстінде жаттығып, палуан қыздармен күрессем, жаным кіреді. Тіпті сынға түскен сәттерде мықты палуандардың арқаланып кететіні бар ғой. Менің де құрыс-тырысым жазылып, бір ширап қаламын. Ал қазіргі таңда үлкен жарыстарға жастарды даярлап жүрмін, ақыл-кеңесімді айтып отырамын. Қазір әлеуметтік желілер жақсы болды. Кезінде бірге күрескен қыздар болып,  whatsapp желісінде арнайы топ ашып қойдық. Күн сайын бір-біріміздің жағдайымызды сұрап, сөйлесіп тұрамыз, — дейді жаттықтырушы.

Гүлнар тек палуан не жаттықтырушы ғана емес, бір үйдің отанасы. 21 жасында Қазбек есімді жігітке тұрмысқа шығып, Ырғыз өңірінің келіні атанды.  Сонда да ол бозкілемнен алыстамады, керісінше, отбасы мен спорттағы мансабын қатар алып жүруге тырысты. «Бір жылдары жолдасым жұмыстан қысқарып қалды. Балалар әлі кішкентай еді. Ал мен болсам, айлап үй көрмеймін. Он бес күн жиынға кетем, одан екі-үш күн ғана үйде болып, тағы жарысқа кетіп қаламын. Сол кезде Қазбек менің жоқтығымды білдірмей, балаларға қарап, маған да қабақ шытпай, керісінше, сондай жарыстардан қалмауыма жағдай жасады. Мен де оның сенімінен шығуға тырыстым. Қазір ойлап отырсам, екеуіміз екі жаққа тартсақ, не болар еді. Қай істе де жетістікке жетіп, шаруаның ілгерілеуі отбасындағы береке-бірлікке байланысты ғой», —  дейді Гүлнар отбасындағы татулықты тілге тиек етіп.

Қазір Қазбек пен Гүлнар Гауһар, Кемел және Альбина есімді ұл-қыздарды тәрбиелеп отыр.

Үйіне қонақ келсе, бір шабылып қалатын, қабағын түймей, керісінше, тамағын ұсынатын Гүлнар Мұрсалықызының сәйкесінше достары да көп, үйінен қонақ арылмайды. Көктем шыға саяжайда еңбек етеді екен. Оны дастарқанында тұрған сан алуан жеміс-жидек тосабы мен көкөністерден жасалған салаттардан аңғару қиын емес.

— Сәуір шықса, саяжайға барамыз. Бау-бақшада жұмыс істегенді ұнатамын. Ол жерде тыным таппай жүргенің де сезілмейді, шаршамайсың, көктің арасында керісінше, тынығып қаласың. Жазда еңбек демалысына шыққанымда көкөністерімді күтіп-баптап, соны ермек қыламын. Әрі қысқа азық дегендей. Айтпақшы, мен гүлдерді ерекше жақсы көремін. Бау-бақшамды гүлдендіріп қойдым, — дейді. Еңбекқор келіншектің өмірде жеткен жетістігінің барлығы өзінің маңдай терінің жемісі екенін білдік. Ал ащы термен келген жеңістің дәмі қандай тәтті болатынын жеңімпаз ғана біледі емес пе.

P.S. Гүлнар Мұрсалықызы биыл 8 наурыз мерекесінде әдеттегідей үлкендерді құттықтап баратындарын, сосын өз шаңырақтарында дастарқан жайып, құттықтап келушілерді қабылдайтынын жеткізді. Палуан әрі бапкер барлық аналарды, қыз-келіншектерді көктеммен бірге келетін әдемі мерекемен құттықтап, бар жақсылықты тілеуді де ұмытпады.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button