Мереке

Альмира — полиция майоры

Бүгінде құқық қорғау саласында қызмет етіп, үлкен жауапкершілікті арқалап жүрген қыз-келіншектеріміз аз емес. Солардың бірі — полиция майоры Альмира Тоқмурзина. Ақтөбе қалалық ішкі істер басқармасының жедел басқару орталығында ұйымдастырушылық-аналитикалық жұмыс тобының аға инспекторы болып қызмет істейтін ол өз ісін мақтан тұтады.

Қызметінің ауырлығы мен қиындығына қарамастан, ерлермен қатар еңбек етіп жүрген полиция майорының бұл салада жұмыс жасағанына он шақты жыл болыпты. Альмира алғаш еңбек жолын Зауыт полиция бөлімінде жасөспірімдер ісі жөніндегі инспектор болып бастаған. 2011 жылдан бастап Ақтөбе қаласы ішкі істер басқармасының жедел басқару орталығында жұмыс істейді.

  • Біздің қызметіміз аса қырағылықты, жауапкершілікті, табандылықты талап етеді. Сондықтан біз уақытпен санаспай жұмыс істейміз. Күн сайын біздің жедел басқару орталығына «102» телефоны арқылы мыңдаған қоңырау түсіп жатады. Сол қоңырауларды орталықтың күштер мен құралдарды басқару тобының инспекторлары қабылдап, әр аумақ бойынша бөлінген, жауапты инспекторларды қылмыс болған жерге жібереді. Сондай-ақ оқиға болған орындарға кезекші жасақ күштері мен арнайы топ өкілдері барады. Егер қылмыс бейнебақылау орналасқан аумақта болса, онда арнайы топ бейнебақылауларды тексеріп, соның көмегімен қылмыстарды ашып жатады. Біздің басты мақсат — қоғамдық қауіпсіздікті сақтау. Сондықтан біз әрдайым осы бағытта жұмыла жұмыс жасаймыз. Міндетіміз — қылмыстық істерді ашуда кінәліні табу үшін жедел іс-әрекеттерді ұйымдастыру, оларға талдау жасау, — дейді полиция майоры.

Оның айтуынша, биыл жыл басынан бері жедел басқару орталығына «102» телефоны арқылы 56 049 қоңырау түскен. Бүгінгі күні жұмыс тобы осы бағытта үздіксіз жұмыс жасауда. Ал екі ай ішінде бейнебақылаудың көмегімен 10 қылмыстық іс ашылған. Сондай-ақ 1737 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, тіркелген.

Бүгінгі күні жедел басқару орталығының ұйымдастырушылық-аналитикалық жұмыс тобында екі инспектор қыз болса, соның бірі — Альмира. Ол өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып, қылмыстың ізін суытпай ашылуына үлкен үлес қосып жүр.

  • Ішкі істер саласында еңбек етіп жүрген қыз-келіншектердің еңбегі зор. Себебі олар осындай қиындығы мол мамандықты алып жүрумен қатар отбасыларының да жағдайын жасап үлгереді. Бала тәрбиелейді, үйдің жұмысын жасайды. Сондықтан мен өзге әріптестерімнің қайсарлығына, табандылығына таңғалып, оларды әрқашан мақтап жүремін, — дейді Альмира Мақсатқызы.

Отбасында екі бала тәрбиелеп отырған Альмира — өзінің қызметінде де, өмірде де адамгершілік пен адалдықты бірінші орынға қойған жан. Себебі ол халық үшін аянбай қызмет етуде кез келген ішкі істер саласының қызметкерінің басты қасиеті адалдық болу керек деп есептейді. Және ол балаларына әрдайым адал, әділ болуды үйретіп отырады.

Бүгінде Альмираның үлкені — қызы Мәдина Қазақ-орыс халықаралық университетінде заңгер мамандығы бойынша білім алып жатса, Ұлы Әнуар Астана қаласында Ұлттық ұлан құрамында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп жүр.

  • Жыл сайын біздің басқармада 8 наурызда мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, ер-азаматтар қыз-келіншектерге арнап концерт қояды. Сый-сияпат жасап, бізді ерекше құттықтайды. Біз үшін ол — үлкен құрмет. Әйел адам үшін өз ортаңда сыйлы, қадірлі, аяулы болғанға не жетсін! Сондықтан бүгінгідей керемет мерекеде барша әріптес қыз-келіншектерді, аналарымызды, әже-апаларымызды мейрамдарымен құттықтаймын. Көктем мерекесі барлық отбасыға бақыт-береке, жақсылықтар әкелсін! — дейді кейіпкеріміз жылы лебізін білдіріп.

Айта кету керек, Альмира бүгінге дейін ҚР Ішкі істер министрлігінің, сондай-ақ облыстық ішкі істер департаментінің Алғыс хаттарымен бірнеше мәрте марапатталған.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button