Әлеумет

Қысқа қайырғанда…

С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері «Құрметтің ең биігі — алғыс» атты тәрбие сағатын өткізді. Шараға қатысқан  Ақтөбе облысының үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығының президенті Айгүл Дүйсенова, «Парасат — ғылым» қоғамдық бірлестігінің «Азаматтық бақылау» жобасының үйлестірушісі Көшкінбай Ахметов жастарға алғыс айту мен алғыс алудың тәрбиелік мәнін ашып берді. Ақтөбе гуманитарлық колледжінің оқушылары Ақниет Көшербайқызы,  Аяжан Бақытқали, Аяулым Зейнекен қазақ ақындарының туындыларын сонымен қатар өз шығармашылықтарынан өлеңдер оқыды.

Кітапхана директоры Гүлжайнар Қалдина сөз сөйлеп, жастар флешмоб биледі. «Тарихы ұқсас туыс ел» атты кітап көрмесі таныстырылды.

***

Өткен жылғы 1 қарашадан бері жұмыс істеп келе жатқан Қобдадағы «Шаңырақ» жастар клубы жақында  есепті кешін өткізді. Клубқа талантты жастардың жанашыры, аудандық мәдениет үйінің ұйымдастырушысы Айдын Жақсылықов жетекшілік етіп келеді. Клуб актерлік шеберлік, жайдарлы жайдарман, тілді дамыту және ән бөлімдері бағыты бойынша жұмыс жасайды. Қазір клубтың 14-29 жас аралығындағы 35-тен астам мүшесі бар. Бұл туралы бізге Қобдадағы әріптесіміз Анаргүл Айтқалиқызы хабарлады.

***

Жақында Әйтеке би ауданы Құмқұдық ауылдық округі мәдениет үйінде ауыл әкімі кубогы жүлдесі үшін жайдарман ойыны өтті. Сайыста «Қалай қарайсың?», «Күлкі кz», «Өзіміздің жігіттер» командалары өз бақтарын сынады. «Күлкі кz» командасы топ жарып, қазылар алқасының ұйғарымымен әкім кубогі иегері атанды. Жеңімпаз команданың мүшесі Анарбек Нұрлыбек «Үздік ойыншы» номинациясына ие болды. Әйтеке би ауданы әкімдігінің сайтына бұл ақпаратты Құмқұдық ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы А.Сәтбай орналастырыпты.

***

Ақтөбе қаласындағы №52 негізгі мектепте өзін-өзі тану пәнінен онкүндік өтті. Онкүндік барысында «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ», «Ой мен ойын» және «Алтын жүректі анамыз» сайыстары, «Сенім — менің серігім» тренингі сияқты басқа да көптеген шаралар ұйымдастырылды. Ал «Шынайы тілектер күнінде» оқушылар ұстаздарына, ата-аналарына, достарына ақ тілектерін жазып, жәшіктерге салды. Сондай-ақ, «Анама рахмет!» тақырыбында эссе жазып, кейбірі онысын өлең жолдарымен өрнектеді. Бұл ақпаратты редакциямызға осы мектептегі өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі Ботакөз Өтемісова жазып жіберіпті.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button