Басты жаңалықтарЭкономика

Әлеуметтік міндеттемелер толығымен орындалды

«Қазхром» ТҰК» АҚ ұжымымен кездесуде осындай қорытынды жасалды

Ақтөбелік металлургтер өткен жылды біршама табысты аяқтады. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Қазхром» ТҰК» АҚ ұжымымен кездесу барысында атап көрсетті. Мәселен, есепті мерзім ішінде хром өндірісі – 8, ал ферроқорытпа өндірісі 13 пайызға артқан.

— Өткен жыл бойынша алғанда аймақта Мемлекет басшысының барлық тапсырмалары орындалды, ең бастысы, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің төмендеуіне жол берілген жоқ. Бұл ретте «Қазхром» компаниясының елеулі үлесі бар. Мұнда 12 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ өңірдегі негізгі салық төлеушілердің бірі болып табылады.

«Қазхром» 40 миллиард теңге инвестиция тартып, өзіне қабылдаған барлық міндеттемелерін орындады, қазақстандық құрамды көбейте түсті, сондай-ақ бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жоғары деңгейде атқаруда,— деді облыс басшысы.

Еуразиялық топ директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич кездесу барысында соңғы бес жыл ауқымында облысқа бөлінген әлеуметтік инвестициялар көлемі 17 миллиард теңгеге жеткенін атап көрсетті. «Ең бастысы, бізде жұмыс орындарын қысқартуға жол берілген жоқ, қайта жұмысқа қабылданушылар саны арта түсті»,— деді ол.

Компания бөлген қомақты қаржыға жолдар салынып, инженерлік желілер құрылымдалуда, сондай-ақ балалар бақшалары жөнделіп, спорт клубтары дамытылуда.

Келісім аясында қаржыландырылған ең ірі жоба — облыстық шығармашылық академиясы құрылысы. Оның құны 1,8 миллиард теңге тұрады. Александр Машкевич аталған жобаның жүзеге асырылуына тағы да қосымша 580 миллион теңге бөлуге уәде етті.

— Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «Мемлекет-жекеменшік серіктестігі инфрақұрылымды, соның ішінде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытудың негізгі тетігіне айналуға тиіс» деп атап көрсетті. Біз көптеген ірі әлеуметтік жобаларды жүзеге асырдық, енді өзіміздің кәсіпорындар жұмыс істейтін қалалардың проблемаларын шешуге ұмтылатын боламыз. Облыс әкімдігімен бірлесе отырып, қалалардың кешенді дамуына үлес қосу — міндетіміз,— деп атап көрсетті Еуразиялық топ директорлар кеңесінің төрағасы.

Меморандумға қол қою рәсімінен соң облыс әкімі Еуразиялық топтың өңірді көгалдандыру, «Қазхром» автопаркінің сұйылтылған газға ауысуы, тұрғын үй құрылысы сияқты өзекті мәселелерді шешу бойынша міндеттерді өз мойнына алатынын, бұған қоса Хромтауда мемлекеттік-жеке серіктестік бойынша 320 орындық балабақшаның салынатынын айтты.

– Биылғы жылы Ақтөбе ферроқорытпа зауыты ауданында құны 3 милллиард теңге тұратын өтпе жол мен  жаяу жүргінші көпірінің, сонымен қатар Мәртөктен Қобдаға бағыт ұстайтын  айналма жолдың құрылысы басталады. Аталған меморандум ақтөбеліктер үшін жақсы қолдау болмақ,-деп сөзін түйіндеді Бердібек Сапарбаев.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button