Құқық

Бопсалаймын деп бостандыққа зар болмақ

Облыста көптен бері болмаған қылмыстық оқиға тіркелді. 11 қаңтарда қаладағы көлік жуу орнының директоры 20 жастағы інісінің қылмыскерлер қолында тұтқында отырғанын хабарлаған. Қылмыскерлер 20 жастағы жігітті сыныптасы арқылы ұялы телефонмен шақыртып алып, 500 мың теңге ақша сұрайды. Ал жігіт қалтасында ондай ақша жоқтығын, бірақ апасынан алып беретінін айтқан. Содан қылмыскерлер иелігінде көлік жуу орны бар апасына телефон шалып, 500 мың теңге әкеліп беруін талап етеді.

Дереу жұмысқа кіріскен ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының және «Арлан» арнаулы бөлімшесінің қызметкерлері қылмыскерлерді ақша алып жатқанда ұстайды. Екі қылмыскердің бірі бұрын жеті рет сотталған. Соңғы рет бостандыққа 2007 жылы шыққан. Енді екі қылмыскер бопсалау бойынша айыпталды. Сот кезінде басқа да баптар қолданылуы мүмкін.

Бердеш ҚАЙЫРОВ.

***

Алаяқ ұсталды

Ақтөбе  облысы бойынша экономикалық  қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті А. Исаевқа қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады.

Жедел-тергеу іс-шаралар нәтижесінде  А. Исаевтың бірнеше азаматтарды арзан бағамен пәтер мен автомобиль алып беруге, көмек көрсетуге сендіріп, олардан жалпы сомасы 19,1 миллион  теңге ақша алып, алаяқтық жасағаны анықталды.

Ақтөбе қаласының №2 сотының үкімімен А. Исаевқа Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің  177-бабы, 3-бөлімі «б» тармақшасы бойынша айып тағылып, кінәлі  деп танылды. Оның мүлкі тәркіленіп, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, сот келтірілген залал шығынын жәбірленушілер пайдасына өндіру туралы шешім қабылдады.

С.МЫРЗАЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button