АуылБасты жаңалықтар

Қазақстанда 120 миллион қойға жететін жайылым бар

«Жайылым туралы» Заң ауыл шаруашылығының көсегесін көгерте ме?

«Жайылымдар туралы» Заңның қолға алынуы, Парламентте кеңінен қаралуы ауыл шаруашылығына қатысы бар, осы аумақтағы қандай да бір шаруаларға, оң қозғалыстарға алаңдап отыратын біз сияқты осы саланың ардагерлері үшін оңды жай болды деп есептейміз. Атап айтарлық жайт, жайылым заңы қазақ өмірінде бірінші рет қабылданғалы тұр, тіпті осындай деңгейде сөз болып, қозғалуы да алғашқы. Мұндай құжат Қазақстанға, оның ішінде қазаққа керек. Өйткені бүкіл жеріміздің төрттен үштей бөлігі — жайылымдар. Малды бағатын да негізінен өз ұлтымыздың адамдары.

Жайылымға қатысты мына бір дерекке сүйеніп көрелікші. Қазақтың Мұғалжар тұқымды жылқысының негізгі авторларының бірі Серікбай Рзабаевтың ғылыми пайымдаулары бойынша бір бас жылқыға бір жылға азық үшін 15 гектар жайылым қажет екен. Мұны ары қарай індетіп көрелік. Қазақстандағы жалпы жайылым көлемі — 187 миллион гектар шамасында. Сонда бұл аумаққа 12 миллион 460 мың бас жылқы малын өсіруге болады. Зоотехникалық ғылыми нормамен біздің елдің бір жылқысы мен бір сиыры салмағы жағынан қарайлас, ал малды азықтандырғанда оған жемшөбін салмағына қарай береді. Егер зерттеуімізді бұдан да тереңдететін болсақ, бір ірі малды ұсақ малға аударып көрелік. Оның нәтижесінде он қойға тең болады. Демек, Қазақстанда 120 миллион қойға жететін жайылым бар екен. Мұның бәрін неге айтып отырмыз?

Айтайық дегеніміз — еліміздегі ұлы жайылымның ғылыми мүмкіндігі. Егер де осы ахуалға сүйеніп, кең-байтақ жерімізге соншама мал өсіретін болсақ, қанша адамға ішер ас, киер киім табыларын көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Турасын айтқанда, ғылымға сүйеніп шаруа атқарсақ, біз иеленер мүмкіндік пен игілік мол.

Кешегі бір кеңестік заманда Қазақстанда қой санын 50 миллионға жеткізу міндеті алға қойылды. Осы талапқа сай қой шаруашылығы екінші тың деп жарияланып, мектеп бітіріп жатқан жастар бастама көтеріп, топ-тобымен бригадалар құрып, қой бағуға шықты.

Сексенінші жылдардың орта тұсында елімізде қой саны 43 миллион шамасына жетті. Әрине, бұл бастамаға қатысты кезінде де, бүгінде де әрқилы пікірлер айтылып жүр. Біздің айтайық дегеніміз — жердің, жайылымдықтың мүмкіндігінің молдығын көрсету.

Күні бүгінге дейін барлық мемлекеттің, оның ішінде ұлттардың негізгі байлығы жер деп саналады. Ол жер бізде де бар. Ал ішер ас, киер киімді неге шетелден әкелеміз? Өзіміздегі бар жерге мал өсіріп, мақта екпейтініміз қалай? Көрініп тұрған ілгері істі осыншама келістіре алмайтындай соншама не қиындығы бар бізге? Тек қана жетіспейтіні — ұйымдастырушы, бағыттаушы секілді.

Қарап отырсаңыз, бүгінгі күні өркендеген ұлт, мемлекеттер өз жерін игеріп болып, өзге әлемнен қоныс іздеп жатыр. Ал біз мыңдаған жыл бұрынғы істелген істі бүгінгі адам ойы шарықтаған, техниканың әдбен жетілген шағында келістіре алмай отыруымыз болашақ ұрпақ алдында ұят.

Біз әдетте бір мәселе туралы айта бастасақ, оның қиындықтарын көзіміз алдымен көреді. Содан өзімізден өзіміз үркіп, «ойбай, бұл болмайтын іс қой» деп оны ысырып салуға жақын тұрамыз. Өткен шақтың көрінісін елестетіп көрейікші. Бұрынғы кезде ата-бабамыз үшін жайылымда мал өсіру үшін ештеңе де керек болмаған. Тек қана мал ішерге су қажет. Оны да ағаш үй тігіліп, шай қайнағанша қазып тастайтын құдық арқылы шешкен. Қарапайым шындық — осы.

Келер ұрпақ біз жіберген кемшіліктерді міндетті түрде түзетеді деп ойлаймын. Өйтпеген жағдайда өмір сүру қиындайды, қоғам тоқырайды. Әдетте қандай қоғам болмасын, өз халқының игілігі үшін жұмыс жасайды. Біткен істің өміршеңдігі халық талғамынан шығуына байланысты.

Біз жайылым деген сөзге тереңдеп бойлай бермейтін секілдіміз. Жайылымда өсетін негізгі өсімдіктер малға шауып әкеліп беруге келмейді. Ақиқатын айтсақ, шауып алуға жарайтын шөптің саны да, олардың көлемі де көп емес. Ал дұрысында мал қылтиып өсіп тұрған өсімдікті өзі жұлып жеуі, яғни жайылуы керек. Жайылым сөзінің мағынасы — осы.

Ғалам өсімдіктері өсіп-жетілу мерзіміне қарай малға жайылыс ретімен пайдалануына қарай төрт топқа бөлінген. Негізінде мал жейтін өсімдіктің 123 түрі болады екен. Жайылым дегеніміз — жазғытұрым жер бетіне шығатын 67 өлі шөптен (эфемери), 12 ақ оттан (қоңырбастар, бұршақтар), 14 қара  оттан, 12 түбірлі өсімдіктен, 12 бұтадан, тағы басқаларынан құралады. Мұндағы ең маңыздысы — өсімдіктердің өсіп-өну мезгіліндегі малға сапалы азық болатын уақытын қалт жібермей, жұғымды етіп пайдалану әдісін меңгеру. Жайылым дегеніміздің маңызы да, мәні де осында.

Әдетте өсімдіктердің аталуында да мағына болады. Олардың өсіп-жетілу мерзімдері де бір-біріне сәйкес келе бермейді. Мысалы, қоңырбас, қаншама түрлі қызғалдақтар, түйежапырақтардың тіршілік етуі бір айға жетер-жетпес. Одан кейін олар күл болып кетеді. Демек, бұл өсімдіктерді шұғыл пайдалану қажет. Ал олардың азықтық қасиеті бір жылға татырлық.

Аталған өсімдіктердің шын бағасын беру үшін мынадай нақты мысалды алға келтірейін. Еділбай тұқымды қойдың сәуірдің орта тұсында туған қозысының етін мамырдың басында қазанға салып, жұтпа ас етіп жейсің. Оның дәмінің ерекшелігін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Салыстыру үшін айта кетейік, қорадағы малыңа бал беріп бақсаң да, еті ондай дәмді болмайды. Демек, бұл ғұмыры қысқа өсімдіктің әсері күші.

1961 жылы тамыз айында Алматыда Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кеңесі өтіп, сонда Байғанин ауданының Жамбыл атындағы колхозы басқармасының төрағасы Сұлтан Аманғосов өзі басқаратын шаруашылықта 54 мың қой бағылатынын, осында өндірілген бір центнер қой етінің өзіндік құны 27,50 рубль екенін айтқан. Сол кезде шекердің бір келісі 80 тиын болатын. Салыстырсақ, ет шекерден үш есе арзан.

Жайылымның құдіреті мен бағасын осыдан артық немен дәлелдеуге болады? Осындай қарапайым есеппен жайылымды пайдалана білсек, бұрынғыдан да жоғары көрсеткішке жетуге болады. Себебі, бүгінгі жайылымдарға көп жылдан бері мал тұяғы тиген жоқ, тың жатыр.

Ал енді осы жайылымда болған малдың өнімдерінің азықтық сапасына көңіл аударып көрелікші. Сонау алпысыншы жылдары институтта мал шаруашылығы өнімдерінің технологиясы деген пәнді оқығанымыз бар еді. Сол кезден есте қалған ғылыми пайымдауларға сүйеніп, ата-бабамыздан қалған кейбір әдістерге тоқталғым келеді. Негізінде қарап отырсаңыз, біздің қазақ әйелдерінің ас ұстауының өзін үлкен лабораторияға теңеуге болады. Олардың мал өнімдерінен жасаған небір түрлі тағамдары таңдай қақтырмай қоймайды. Кеңестік дәуірде жұмыс бабымен Байғанин өңіріне Мәскеуден келген әскери генералдардың өздері біздің дастарқандарымыздан дәм татып, ризашылықпен бастарын шайқағанын талай көргенбіз.

Қазақ мал етінің дәміне қарап, қай мезгілдегі, қандай жайылыстың өнімі екеніне дейін біліп отырған. Ұлтымыздың сүйікті тағамдары — қазы-қарта, жал-жая, ет, қуырдақ, шұжық түрлері, сүр ет, үйтпе еттер, т.б. дайындалып, пісірілуіндегі ұлттық технологияның талаптарының орындалуының өзі өзінше бір ілім емес пе?! Осының түбіне қарай көз жүгіртсек, тағы да мал жайылымы деген сөз алдымыздан шығады.

Ауыл шаруашылығында біз игере алмай отырған, ойымыз жеткенімен пайдаға аспаған істер баршылық. Тіпті әр гектарынан 40 центнерден астық алып отырған Канададан біздің неміз кем? Жайылымдардың иесіз бос жатуы да санамызды жиі мазалайды. Біздіңше, бұл бағытта пәрменді, шұғыл шараларды қолға алған жөн. Бүгінде билік шарасыздықтан қолданыста жоқ жерлерді қайтарып алып жатыр. Егер сол жердің иесіне өнімді жұмыс істетудің жолдарын тауып міндеттесе, қалай болар еді? Әрбір аймаққа жеріне, егілетін өсімдігіне қарай ғылыми-тәжірибелік нұсқау-ережелері нақты жасалып, орындалуы қатаң бақыланса, қайтер еді?

Бүгінгі ауыл шаруашылығы саласының адымы ашылмай тұрғанына тек жер иелері кінәлі десек, артық айтқандық болар еді. Бұл жалпыхалықтық, жанашырлық іс болғанда ғана шешімін табады.

Жайылымдық мәселесі қазақты ғана толғандырмайды. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, Ұлыбританияда «Жайылымдар туралы» Заң арқылы жайылымдарды пайдалану, мал жаюды ұйымдастыру және зиянды өсімдіктермен күресу мәселелері реттеледі екен. Моңғолияда мұндай құжатпен сәйкес жайылымдарды мелиорациялау және суландыру жөніндегі шаралар жүзеге асырылады. Ол елде жайылымдарды дамытуға қатысты іс-шараларды қаржыландыруға жыл сайын 2-2,8 миллион доллар бөледі.

Осыған ұқсас заңдар Ресейде, Қырғызстанда, Тәжікстан мен Түрікменстанда бар. Бізде бұған дейін ауыл шаруашылығы саласындағы жер қатынастары негізінен Қазақстан Республикасының Жер Кодексімен және «Шаруа немесе фермер қожалықтары туралы» Заңмен реттеліп келді. Дегенмен, ештен кеш жақсы. Бұл олқылықтың да орнын толтыратын мезгіл келіп жетті.

Қолға алынған «Жайылымдар туралы» Заң жобасында «Осы Заң жайылымдарды ұтымды пайдалануға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді және жайылымдық инфрақұрылым объектілерінің жай-күйін жақсартуға, жайылымдардың тозу процестерінің алдын алуға бағытталған» деп көрсетіліпті.

Бұл Заң еліміздің игілігіне, халқымыздың қамына қызмет ететін қадірлі құжат болғай деп тілейік.

«Сөзден сөз туады». Біз жайылымдыққа қатысты кешегі мен бүгінгінің біраз жайларын қозғадық. Әрине, сөзді індетіп, ойды қозғау үшін. Сондағы түпкі мақсатымыз — бәріміздің бір мүддеміз тоғысатын жайылымдықты жақсылап пайдаланып, игілігімізге пайдалануға ұмтылу.

 Бақберген ҚАРАҚОВ,

ауыл шаруашылығы саласының ардагері.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button