Ебейтіге ауызсу керек…

Әкімдер есебі
Байғанин ауданының әкімі Мамырғали Аққағазов Ебейті ауылының тұрғындарымен кездесіп, халық алдында есеп берді. Аталған жиынға облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұржан Аққұл қатысты.
Кездесуде алдымен Қопа селолық округінің әкімі Мүрсін Байтақұлының өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндамасы тыңдалды.
- Бүгінде Қопа округінде 32 шаруа қожалығы жұмыс жасайды. Әзірге 2 кооператив тіркелген. Мал санына келсек, өткен жылмен салыстырғанда жылқы көбейген, биыл 120 жылқы қосылған. Ал мал тұқымын асылдандыру мақсатында округте 5 асылтұқымды бұқа алынған. 11 шаруа аналық сиырларына 7, 632 миллион теңге субсидия алып отыр. «Нұрсұлтан», «НұрАйбек» шаруа қожалықтары «Сыбаға» және «Құлан» бағдарламасына қатысты, — деді округ әкімі.
Оның айтуынша, өткен жылы Алға ауданындағы «Актеп» ЖШС-на 139 бұқашық өткізілген. Сондай-ақ былтыр Ақмола қыстағындағы екі ірі қарадан құтыру қаупі болып, оларды залалсыздандыру шаралары жасалған.
Былтыр кәсіпкерлер саны жетеуге өсті. Бүгінгі таңда округте 21 кәсіпкер бар. Олардың 12-сі дүкен ашып отырса, үшеуі жолаушылар тасымалымен, біреуі тігін тігумен, тағы бірі компьютерлік ойын алаңын жасақтап отыр.
Жиында тұрғындар басшыларға монша қызметінің бұл ауылда тұралап тұрғанын жеткізді. Аудан әкімі Мамырғали Аққағазов кәсіппен айналысам деушілерге осы істі қолға алуға болатындығын айтып, азаматтарға ой салды.
Кездесуде ауыл әкімінің тұрғындарға Ебейті ауылына ауызсу құбырының тартылатындығын жеткізіп, жиынға келген жұртшылық риза болды. «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша ауызсу жүргізуге жасалған жобалық-сметалық құжаттардың мерзімі биыл аяқталады. Осыған орай облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың биыл осы мәселені біржақты етуге емеурін танытқанын айтқан Мүрсін Байтақ облыстан келген өкілдерге тіршілік нәрінің ауылға аса қажет екенін тағы бір мәрте айтып өтті.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, ауызсуды әр келген сайын 2500 теңгеден құйдырып алады. Бұл оларға тиімсіз. Сондай-ақ округтегі ғаламтор мәселесі де бүгінгі басты мәселелердің бірі. Себебі бүгінде округ бойынша 4 нүкте ғана ғаламтор жүйесіне қосылған. Сондай-ақ былтыр «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы арқылы Ебейті ауылындағы клубтың жылу жүйесі жолға қойылған.
Жиында ауыл тұрғындары аудан әкіміне тазалыққа байланысты өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Әкімнің сөзіне сенсек, алдағы уақытта ауыл жанындағы иесіз күл-қоқыстар ауылдан 4-5 шақырым жерге көшіріледі. Ал облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұржан Аққұлдың айтуынша, қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны облыста тек Алға, Хромтау, Шалқар аудандарында ғана бар. Алдағы уақытта мұндай полигондар басқа да аудан орталықтарында болады, елді мекендерде оларға тек орындар белгіленеді.
Кездесуде «Сағыз Петролеум» компаниясының демеушілігімен жүзеге асырылған Ебейті-Сағыз тасжолының жарақтандырылуы сөз болды. Сондай-ақ ауданішілік жолдың жағдайы айтылды. Кеткен олқылықтарға байланысты аудан әкімі облыстың өткен жылдың қорытындысына арналған кеңейтілген мәжілісінде бұл шаруа сынға ұшырағанын, алдағы уақытта мұндай қателіктерге жол берілмейтіндігін айтып, жұртты сендірді. Осылайша, байғаниндіктер әлі де жол азабын көретін болды.
Жиында Мамырғали Аққағазов жол мәселесі жайлы сөз қозғалғанда, аудандық маңызы бар жолдарға орташа деңгейдегі жөндеу жұмыстары жасалатынын айтып өтті.
Округтегі білім беру саласында да мәселе жоқ емес. Қазір мұндағы 1 орта,1 негізгі, 2 бастауыш мектепте ыстық тамақ мәселесі шешілмеген. Оның себебін ауыл әкімі кәсіпкерлердің конкурсқа түспеуімен түсіндірді.
Ауыл әкімінің айтуынша, Ақтан жырау негізгі мектебінде қазір спорт зал жоқ. Ал күрес кілемі мәселесі былтыр оңтайлы шешімін тапқан.
Бүгінде қопалықтарды негізінен қан қысымы, жүрек, демікпе аурулары мазалайды. Есепте тұрған науқастар тиісті тегін дәрі-дәрмектерін уақытында алып тұрады. Алайда ауыл тұрғындарын жедел жәрдем көлігінің жарақсыздығы алаңдатады. Себебі жедел жәрдем көліктері жарақты кезінде өзге шаруаларға жұмсалады.
Ауданның бас дәрігері Абзалбек Иманбаевтың айтуынша, көлік мәселесі жақын арада шешілмейді. Мәселенің мәнісіне бойлаған облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов ауданның бас дәрігерінен керекті құрал-жабдықтың тізімін беруді сұрады.
Сөзін қорытындылаған ауыл әкімі биылғы жылы Қопа елді мекенінде спорт алаңы салынатынын, сондай-ақ Қопа орта мектебіне күрделі жөндеу жүргізілетінін жеткізді. Оның айтуынша, ағымдағы жылы Ебейті ауылында Жастар аллеясын салынады. Сондай-ақ, Сағыз өзені бойына бақша дақылдарын егу жоспарланып отыр. Өткен жылы бақша егу жұмыстары дұрыс ұйымдастырылмай, күтім жасалмағандықтан егілген жерден айтарлықтай өнім алынбады. Сондықтан биыл қолға алған іс нәтижелі болу үшін басшылар бұл істі алдын ала жоспарламақшы.
Жиын соңында аудан әкімі Мамырғали Аққағазов ауыл шаруашылығы құрылымдарын ірілендіру жұмыстарын жандандыру қажеттігіне тоқталса, облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов өнеркәсіпті өркендету, мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту, шағын және орта бизнесті жандандыру мәселелерін сөз етті.
Сондай-ақ жиында дәстүрлі емес ауыл шаруашылығы саласын дамыту да кеңінен айтылды. Ауыл тұрғыны Жанболат Ожыраев балық шаруашылығымен айналысуға ниетті екендігін жеткізді.
Бақытгүл Жалғасбайқызы,
Байғанин ауданы.



