Әлеумет

Жері бай шалқардың жетім-жесірі неге жылайды?

Қай заманда да Шалқар өңірінің халқы күйсіз болған емес. Қайта асып, төгіліп жатқан кезі көп болған. «Ақтылы қой маңайы, Шалқыған бай, Шалқарым!» деп ақындары жырға қосқан. Себебі бұл ауданның жері бай. Ал «Жері байдың елі бай» деп тегін айтылмаған. Оның үстіне, күре теміржолдың бойында. Күллі пойыз үстімен өтеді. Газ бар. Бұқара-Орал газ құбырының тартылуы бұл аймақтың тұрмысын жеңілдеткелі қашан.

Рас, қазір сәл басқашалау қоғамда өмір сүріп отырмыз. Нарықтық экономика күшіне енген тұс. Әлемдік дағдарыс тақымдап тұр. Әйтсе де шалқарлықтардың жағдайы бөтен емес. Бөтен болатын реті де жоқ. Аудан 70 пайыз дотацияда отыр. Өндірісі тапшы болғанмен, мыңғыртып мал өсіруге мүмкіндік бар. Қашаннан төрт түлік мал өсірудің қыр-сырын жақсы білетін халық негізінен нәпақасын сол саладан тауып отыр. Нәпақа дегеніміз жетпей айтқан сөз, осыдан он-он бес жыл бұрын жеке қожалық құрған азаматтар бүгінде  іргелі байлардың  тобын құрады. Бұрынғы алған  қыстауы мен жайлауына малы сыймауға айналды. Мал өрісі тарылып, баяғының байларынша қоныс пен құдыққа таласатын болды. Соның өзінде де аңғарғанға жақсылық нышан бар…

Өткен жұма күні осы ауданда  өткен  ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша Тәртіптік істері агенттігінің отырысында біз осының куәсі болдық. Жасы жетпісті қаусырған зейнеткер Өмірзақ Жұмабаев ақсақал арыз айтып келді. Ол – «Өмірзақ» шаруа қожалығының басшысы. Өзі қатты қастерлейтін атасының «Хан қыстағында» отыр. Сегіз бала тәрбиелеп өсірген отағасы бұл шаруаны 70 қоймен, қыс қыстауына 2 мың гектардың төңірегінде жер алып бастаған екен. Сол малы аз жылда 700 басқа жетіп, бір отар қойға айналған. Санаулы түйе, жылқыны айтпағанда, 500-дей сиыр біткен. Енді қыстау маңында мал шығаратын өріс тарлық етіп отыр. Себебі кезінде іргесіне өзі сияқты бір шаруа қожалығы қоныс салып, бекіп алған. Биыл жаздан бастап және бір шаруа қожалығы таяу маңнан құдық қазып, қоныс етуге қамдануда. Әрине, бұл – олардың заңды жері. Осыларды айта келіп, шаруа баққан ақсақал: «Үшеуіміздің малымыз көлденеңі 3 шақырым жерде айналып тұр. Мұнымен не қояды? Қазірдің өзінде етпетіңнен құласаң, бетке тиер ештеңе жоқ», – дейді.

Әңгімесінің тоқетері – құдық қазып жақын отырған көршісін басқа жерге көшіруді сұрайды. «Өзімнің жақын туысым, бірақ жай айтып түсіндіре алмадым», – деп мұңын шағады.

Ақсақал көтерген бұл мәселе Тәртіптік кеңестің отырысына қатысқан аудан  әкімінің, аудан прокуроры мен аудандық ішкі істер бөлімі бастығының да басын ауыртты.

– Қазір бізде осындай дау көп, басында бәрі жерді аз алған. Көбінің жері 1-2 мың гектардың шамасында. Оған мал сия ма? Менің аудан әкімі болғаныма 7 жыл болды. Кезінде алдыма келгендерге осыны айттым. Ескерген біреуі жоқ. Қыстауы да, жайлауы да сол баяғы ұлтарақтай жер. Тоздырып бітірді. Алыс жайлауға ешкім барғысы келмейді. Әзір жер бар. Шаруа қожалықтары малға өлшеп, ертеңін ойлап, молырақ жер алу керек, – деп аудан әкімі Рахат Сыдықов төрелігін айтты.

Ақсақалдың шағымын отырысқа қатысқандар әр түрлі бағалады. «Осында ағайын-туыс арасындағы іштарлық жоқ па?» деп те қарауға болатын еді. Дегенмен бұл шағымда, біздіңше, жақсылық ниет басым сияқты. Ең бастысы, бұл оқиға Шалқар өңірінде де малдың көбейгенін, ата кәсіпке деген ынта-ықыластың артқанын көрсетіп отырған жоқ па? Ал төрт түлік мал бұл өңір үшін үлкен дәулеттің басы екенін кім білмейді?

Тәртіптік кеңестің отырысында көңіл құлазытқан, түрлі ой салған арыз-шағымдар да болды. Мәселен, Шалқар қаласының тұрғыны Роза Бегімбетова былай дейді:

– Мен осыдан 16 жыл бұрын жолдасым қайтыс болып асыраушысынан айрылған анамын. Үш балам бар, үшеуі де ер бала, үшеуі де студент. Үлкен ұлым – М.Оспанов атындағы медицина академиясының санитарлық-гигиеналық факультетінің VI курс студенті. Биыл диплом алатын жылы. Екінші ұлым – Алматының экономика және статистика академиясының ІІІ курс студенті. Кенжем – Ақтөбе политехникалық колледжінің студенті. Алдыңғы екі ұлым ақылы оқиды. Өзім жұмыста жоқпын, биржада тіркеуде тұрамын. Бар табысымның көзі – асыраушысынан айрылғандарға  берілетін жәрдемақы. Балаларымды үстімдегі үйімді кепілдікке қойып, банктерден несие алып оқыттым. Енді сол несиені қайтара алмай, қиналып жүрмін. Екі баланың биылғы оқу ақысын төлеу керек. Медакадемияға алғаш түскенде ол 90 мың теңге еді, қазір жылдық оқу ақысы 280 мың теңгеге шықты.

Студент балалардың анасы осындай мүшкіл халін айтып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына көрсетілетін жәрдем сұрады. Әрине, бұған Тәртіптік кеңес мүшелері  де, аудан басшылары да тұйыққа тіреліп, біраз қиналды. Ақыр соңында көмек-жәрдем сұрап оқу орындарына хат жазуды ұйғарды. Тәртіптік кеңес мүшесі «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының директоры Раукен Отыншин «Мен де бір жолын қарайын», – деп ойланды.

Осындай  жәрдем, жұмыс сұраған Қауылжыр ауылының тұрғыны Рая Тасқынбаева мен Шалқар қаласында тұратын Света Үсенбаеваның да тұрмыс жағдайларының аянышты екені сезіліп тұрды.

Қауылжыр ауылында тұратын ана 3 бала өсіріп отыр. Жолдасының қайтыс болғанына 1,5 жыл болған. 24 мың теңге жәрдемақы алады. «1-2 қара малым бар, оның өзі құлайын деп тұр», – деп қамығады. Өтініші – ауылында ашылғалы тұрған кітапхананың үй сыпырушылығын сұрайды. Оның өзі жарты ставка – айына 8 мың теңге. Бірақ жесір әйелдің бұл бұйымтайы оңай шаруа болмады. Аудан әкімі шеше алмады. Мұндай жұмыс сұраушылар көп көрінеді. Тек осы орынды сұрап 5 адам арыз берген. «Мұны комиссия шешеді», – дейді әкім. Бұған ол риза болмады. «Арыз беріп тұрған екі жесір әйелміз. Қалғанының жағдайы бар», – деп қарсы дау айтты. Ауылдағы мектептің  киім іліп тұратын жұмысына да іліктірмегенін айтып шағынды.

– Итке бір сүйек бережақпын. Дүкендер жұмыста жоқсың деп, несиеге түйір дүние бермейді. Балаларымның тамағы, киімі жоқ. Жәрдемдесе көріңдер! – деп қиылып отырып алды.

«Мектеп балаларға киім, тамақ беріп тұрған жоқ па?» деген әкімнің сауалына:

«Ешқандай киім берген жоқ. Ал тамақты оқу жылының басында – қыркүйекте берді. Сонымен бітті. Енді мамырда береді», – деді.

Ұзақ талқылай келе, жесір әйелдің арызының шекесіне аудан әкімі: «Мүмкін болса, көмек бер!» – деп жазып, Қауылжыр селолық әкіміне жолдады.

Ал екінші шағым айтушы Света Үсенбаева егіліп жылаумен болды. 1999 жылы бухгалтерлік оқу бітіріпті. Күйеуі маскүнемдікке салынып 3 баламен  бақпай кеткен. Балаларға алимент алмайды. Күйеуінен әлі заңды ажыраспаған. Құжаттарын толтыруға ақшасы жоқ. Еш жер жұмысқа алмайды. Алмағасын жұмыс өтілі де жоқ. Алды 2-сыныпта оқитын, соңы екі жастағы балаларымен қартайған әке-шешесінің қолында отыр қыстырылып. «Мамандығымды сұрамаймын, қандай жұмыс істеуге де әзірмін. Тек мейрамхана, дәмхананы айта көрмеңдер. Түнде бөпелерімді бағатын адам жоқ. Оның үстіне, олар жұмыс істетіп-істетіп, сол 10 мың теңгенің өзін төлемейді», – деп еңірейді.

Айтып отырса, жеті жылдан бері жұмыс іздеп бармаған жері қалмаған. Мектеп, балабақша ашылады деген хабарды естіп, жүгіріп барады, «пәлен күні кел!» дейді, барса орын жоқ, орналасып қалған. Осылай күн өтіп жатыр.

Бұған аудан әкімі: «Үш ай шамасында жұмыс қарастырамыз. Бірақ уәде бере алмаймын», – деп шығарып салды. Тәртіптік кеңес төрағасы Балтабек Халық қатты қиналып, құжаттарыңды реттеуге жұмсарсың деп қалтасынан біразырақ қаржы берді.

Аудан орталығында жұмысқа орналасу осыншалық қиынға түсіп отырғанда, ауыл мектептерінде ол сонша жеңілдеп кеткен сияқты көрінді. Есет ауылының тұрғыны Түгелбай Мырзалиннің әңгімесінен осыны аңғаруға болатын еді. Оның айтуынша, мұндағы Сарбұлақ мектебіне кім болса сол мұғалім болып орналасып алған. 50 бала оқитын мектептен 39 адам ақша алады. Жергілікті халық «күнкөріс мектебі» деп атайтын осы оқу орнында қазір тәртіп жоқ. Өсек-аяң көбейген. Мұғалімдер мен оқушылардың арасындағы адамгершілік ахуал төмендеген. Бұл ата-ана 9-сыныпта оқитын қызының басына түскен айтар ауызға ұят бір тәртіп бұзушылықты айтып шағынды. Аудан прокуроры бұл жайдың өздеріне жақында мәлім болғанын айтып, арыздың бақылауға алынғанын баяндады.

Тәртіптік кеңестің отырысынан кейін біз аудандық білім бөлімінің бастығы Қуаныш Табаналымен әңгімелескен едік. Алайда ол бұл мәселеден әзірге хабарсыз болып шықты. Ал аз қамтылған отбасы балаларына киім, тамақ беру туралы өткен жылы 8 млн. теңге, биыл 17 млн. теңге бөлінгенін айтты. Бұл мәселе біз де оң шешіліп тұр дегенді білдірді.

Тәртіптік кеңес отырысындағы әңгімеде ауданда 2 мыңдай жұмыссыз бар деп жиі айтылған еді. Алайда аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Иманияз Ерішов берген мәліметтен мұны көре алмадық. Оған қарағанда, жұмыссыздар саны жыл сайын шапшаң кемуде. Биылғы 20 ақпанға ауданда 190 отбасы немесе 815 адам қалған. Аудандағы аз қамтылған отбасы мүшелері жалпы халықтың санына шаққанда 1,8 пайыз құрайды. Демек, олардың мәселесін жылатып, еңіретпей-ақ шешуге болатын сияқты…

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button